• RUB:
    4.76
  • USD:
    526.11
  • EUR:
    542.31
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Мамыр, 2017

640 шетелдік Қазақстан азаматы атанады

99 рет
көрсетілді

Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайымдығымен Қазақстан Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Гүлшара Наушақызы: «Қазақстан азаматтығын алуға және одан шығуға өтініш берушілердің құжаттары құқық қорғау органдарында алдын ала сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда елімізде жан-жақты жаңғыру реформалары жүргізіліп жатқаны өздеріңізге белгілі. Бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси-экономикалық және рухани жаңғырулар жөніндегі стра­тегиялық құжаттарында нақты көрсе­тілді», дей келе, Қазақстан азамат­тығын алатын әрбір адамның мемле­кеттік дәстүрлерді, Қазақстанның құнды­лық­тарын терең білуі, оларды құрмет тұтуы өте өзекті мәселе екенін жеткізді. Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақ­станның азаматы болуға ниет білдіруші адамдар санының ұдайы өсуі бай­қалатынына, осы жылдар ішінде еліміздің халықаралық беделі айтарлықтай өскен­дігіне тоқтала келе, бұл Президент Н.Назарбаевтың басшылығының арқа­сындағы этносаралық қатынастың жоғары мә­де­ниетін және Қазақстанның әлеу­мет­тік-экономикалық, қоғамдық-сая­си дамуындағы нық қадамдарын айқын­дайтынына назар аударды. Өз сөзінде Гүлшара Наушақызы Мем­лекеттік рәміздер күні қарсаңында елі­міздің жаңа азматтарын қарсы алуға ерекше қуанышты екенін, оларға Отаны­мыздың игілігі жолында бақытты өмір және табысты жұмыс тілейтінін айтты. Сондай-ақ, еліміздің лайықты азамат­тары бола отырып, олардың егемен Қазақ­станның одан әрі дамуы мен өр­кен­­деуіне өз үлестерін қосатындарына сенім білдірді. Отырыста Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығу мәселелері жан-жақты қарастырылды. Елбасы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін бізге жақын және алыс шетелдерден келген түрлі этностардың 640 өкілі қазақстандық атанатын болады. Комиссия отырысының қоры­тын­дысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.