Шараға қатысушылар Төртінші өндірістік революцияның келешегін, жүйелі өзгерістерді, экономиканы технологиялық жаңғырту, сонымен бірге, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту мәселелерін қозғады. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің жаһандық бәсекелестігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құрастыруды тапсырған болатын. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан екі бірдей жаңғырту кезеңінен өтті. Бұл кезеңдерде еліміздің саяси және экономикалық өркендеуінің негізі қаланған болатын. Біз әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кірдік. Үшінші жаңғырту – бұл Қазақстанның жаһандық бәсекелестіктің жаңа деңгейіне шығу жолы, – деді Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев. Оның сөзіне қарағанда, экономиканы жан-жақты цифрландыру мен Төртінші өндірістік революция экономикалық және әлеуметтік дамудағы жылдамдатылған технологиялық жаңғыртудың негізгі шарты болып табылады. Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар Қазақстанның жаһандық бәсекелестіктің жоғары деңгейіне өтуі мен Үшінші жаңғыруды жүзеге асыруға байланысты пікірлерін ортаға сала отырып, елімізде аталған бағытта қолға алынған шаралардың оң нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»