Бейсенбі күні Астанада өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатының ширек финалдық кездесулері одан әрі жалғасты. Бұл жекпе-жектер 51, 57, 64, 75 және 91 килодағы салмақ дәрежесінде өтті.
Осы күні шаршы алаңға алғаш болып көтерілген 51 кг. салмақтағы кездесуде жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаев “Динамо” қоғамының өкілі Рахманберді Жиенбаевты айқын басымдылықпен ұтты. Есеп – 10:4. Жалпы, осы кезге дейін бұл салмақта 2005 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Мират Сәрсенбаевтың алдын орайтын ешкім жоқ еді. Мират соңғы кездері кәсіби боксқа ауысқан соң, оның орнын халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас басты дей аламыз. Тараздық жас талант – кадеттер арасындағы әлем чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Осы күнгі кездесулерде Олжастан басқа бәсеке басталысымен шаршы алаңның шырайын келтіріп жүрген Исмаил Ахунов, Әли Байбозов пен Мирас Жақыпов та келесі айналымға жолдама алды.
57 кило салмақта чемпионаттағы ең ірі есеп тіркелді. Мұнда астаналық Думан Әлімов қарсыласын 31:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ, келесі болып рингке шыққан қостанайлық Аслан Мұқанов, Жақсылық Ілиясов (ШҚО) пен Жандос Момынов (Ақмола облысы) қарсыластарын тізе бүктірді.
64 килода қызылордалық Рүстем Сыбаев салмақ қуғаннан кейін оның орнын Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов (екеуі де Астанадан) пен алматылық Айдар Шәрібаев басқан еді. Бейсенбі күнгі бәсекелерде осы үшеуінің арасынан бабы мен бағы келіскен Данияр мен Айдардың ғана жолы болды. Ал шаршы алаңға жергілікті жанкүйерлердің үмітін арқалап шыққан Мерей бір ұпай айырмасымен Әділет Егізбаевтан (ШҚО) жеңіліп қалды.
Келесі, 75 кило салмақта тағы да Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері жартылай финалға жолдама алды. Онда еліміздің екі дүркін чемпионы Әділет Ниязымбетов пен Данияр Елеусіновтің алдын Данабек Сужанов пен Нұрдәулет Жарманов орап кетті. Сол секілді осы салмақта алматылық Нұрматов пен жамбылдық Байматовтың қарсыластарынан айласын асырып кеткенін атап өткеніміз жөн.
Осыдан кейін бәсеке 91 кило салмақ арасында жалғасты. Мұнда республикалық және халықаралық жарыстарда үстемдік етіп жүрген қостанайлық Жан Кособуцкий, былтырғы жылғы Азия чемпионы Василий Левит, керекулік Дмитрий Готфрид пен соңғы кездері жарақатынан айығып, қатарға қосылған маңғыстаулық Ердос Жаңабергенов келесі айналымға шықты.
Бүгін жартылай финалға жолдама алып, кеше таңертеңнен кешке дейін “Дәулет” спорт кешенінде керілген шаршы алаңда ақтық айқасқа шығу үшін қолғап түйістірген боксшылар кездесетін болады. Сөйтіп, бабы мен бағы келіскен боксшылардың арасындағы нағыз мықтылар бүгін кешке анықталады.
Дастан КЕНЖАЛИН.