Парламент депутаттары көшпелі отырыс өткізбес бұрын бірқатар өндіріс нысандарын аралап, облыстағы құрылыс, тұрғындардың ауыз сумен қамтылу жағдайымен танысты. Теректі ауданы Новопавлов ауылындағы су құбырын күрделі жөндеу барысын көріп, Ақсуат ауылдық округінде орналасқан «Теректі май комбинаты» ЖШС жұмысымен танысып, Долин ауылдық округіндегі «Махорин» шаруа қожалығын аралаған депутаттар одан әрі Бөрлі ауданының Березов, Бестау елді мекендерінің тұрғындарымен жүздесіп, Ақсай қаласында салынған 100 пәтерлік тұрғын үй құрылысымен танысып қайтты.
Ауыз су жайы алаңдатарлық
- Батыс Қазақстан облысының екі ауданын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық. Өңір өркендеп келеді, жақсы нәтижелер бар. Жалпы, Батыс Қазақстан облысының ауыл-аймақтарына орталықтандырылған су тарту үшін 2015-2017 жылдары республикалық бюджеттен 8 млрд 93 млн теңге бөлінген екен. Биылдың өзінде ғана 5 млрд. 637 млн. теңге қаражат осы мақсатқа бөлінді. Алдағы жылы 1 млрд 650 млн теңге қарастыру ұсынысы түсіп отыр, оны біз, депутаттар, қолдаймыз. Дегенмен, Батыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті екі мәселе бар: оның бірі – өңірдегі автожолдардың жай-күйі, екіншісі – тұрғындардың таза ауыз сумен қамту көрсеткішінің төмендігі, - деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сәбилянов.
Биыл Батыс Қазақстан облысында «Өңірлерді дамыту-2020» жəне «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында 5 637 млн теңгеге 33 жоба жүзеге асырылады. Қазіргі ахуал мынадай: БҚО-дағы 443 елді мекеннің 164-і немесе 37 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 275 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Төрт ауыл ауыз суды сырттан тасымалдайды.
- Қазақстан Республикасы бойынша халықтың таза сумен қамтылу орташа көрсеткіші – 52% екендігін ескерсек, батысқазақстандықтардың жағдайы алаңдатарлық күйде. Биыл жоспарланған жұмыстарды атқарғанның өзінде бұл көрсеткіш 40%-ға ғана көтеріледі. Сондықтан, бұл бағытта атқарылатын іс әлі көп, - деді Нұртай Салихұлы.
Тұрғын үй құрылысындағы түйткілдер
Көшпелі отырыста талқыланған тағы бір тақырып – құрылыс саласындағы мәселелер болды. Парламент депутаты Бақтияр Мəкен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 46-49 қадамдары бойынша жасалып жатқан жұмыстардың барысын айтып берді. ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.В.Скляр сәулет-құрылыс қызметі және сумен жабдықтау саласындағы бақылау және қадағалау жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері жөнінде баяндама жасады.
- Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің дамуы үшін мемлекет тарапынан кездесуі мүмкін кедергілерді барынша жою жөнінде кешенді шаралар жасалып жатыр. Құрылысқа рұқсат беру мерзімі 1 айға дейін қысқарды. Ұлт Жоспарының 47-қадамы бойынша Жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан бас тартып келеміз. Бұл салада бұрын жекеменшіктің үлесі 20% болса, қазір 60%-ға жетті. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 90%-ды құрайтын болады. Ұлт Жоспарының 49-қадамына сәйкес, советтік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу қолға алынды. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді. Осы жылдың соңына дейін біз 1992 жылға дейін қабылданған советтік нормалардың күшін толығымен жоямыз, - деді өз сөзінде Роман Скляр.
«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов «Құрылыс саласында уәкілетті органдардың бизнеске қатысты бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру практикасының жекелеген мәселелері» атты арнайы баяндама жасады. Ербол Мұратұлы бір ай бұрын Мәжіліс депутаттарымен кездесу өтіп, біріккен әрекет жоспары талқыланғанын айтты.
- Бүгінгі кездесуді жүйелі ұйымдастырып, конструктивті кеңес жасағаны үшін Батыс Қазақстан облысының басшылығына рахмет айтамын. Сіздердің назарыңызға құрылысшылар алдындағы кейбір түйінді мәселені салғым келеді. Бұл - мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және техникалық қадағалау органдарының әрекетіне қатысты. Өзге қадағалаушы мекемелердің тексеру жиілігі, тәртібі заңмен реттеліп, прокуратура органдарына тіркелетін болса, жоғарыдағы екі мекеме құрылыс нысандарын күн сайын шексіз тексере алады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлікке кедергі жасауы мүмкін, сыбайлас жемқорлыққа себеп болуы мүмкін. МСҚБ (ГАСК) тіпті тек құрылыс сапасын емес, қосымша өкілеттіктерді де мойнына жүктеп алған, нысандағы тазалық, құрылыс қоршауы, ондағы жарнамаға байланысты да шағым жасаған оқиғалар кездесті. Сондықтан, бұл органдардың нақты міндетін белгілеп, әрбір тексеру фактісі тіркелуі тиіс, - деді өз сөзінде Елдос Мұратұлы.
«ОЭККА» ЖШС бас директоры, Қазақстан Республикасы Инжинирингтік компаниялар одағының өкілі Құндыз Нұров та жобалау және құрылыс саласындағы нормативтік базаны жетілдірудің кейбір мәселелеріне тоқталып өтті. Ол осыдан 30 жыл бұрын Батыс Қазақстан өңірінде қызмет атқарғанын, сондықтан осы екі күндік сапар жүрегіне жылы тигенін айтып, өңірде құрылыс саласында көп жұмыс атқарылғанына ризашылық білдірді.
Оралдықтардың ойлары
Отырыста Орал қаласының əкімі Нариман Төреғалиев 2017 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 11,1 млрд теңгеге шаһарда 8 үй тұрғызылып, 1152 пəтер пайдалануға берілетінін айтты. Өткен жылы облыс орталығында көпқабатты 11 үй тұрғызылып, 1247 пәтер иелеріне берілген. Осылайша 4 мыңнан аса оралдық қоныс тойын тойлапты.
- Бүгінгі жиынды пайдаланып, кейбір күрделі мәселені депутаттардың назарына ұсынғым келеді. Біздің есебімізше, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы пәтер алғысы келіп, қаржы жинайтын тұрғындар банк талап еткен 30%-ды (2 бөлмелі пәтер үшін шамамен 7 млн теңге) жинау үшін кемінде 8 жыл керек екен. Бұл өте көп уақыт. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін осы табалдырықты азайтудың жолын қарастыру қажет деп ойлаймын. Тағы бір мәселе – біз Орал қаласында апатты үйлерде тұратын тұрғындардың үйін бұзып, оларға басқа үй беруді қолға алдық. Осы жерде қазіргі қолданыстағы заң бойынша апатты үй тұрғындарына үй беру жалпы кезекпен жүзеге асырылуы тиіс екен. Үйі қирап қалған тұрғын кезекті күте ала ма? Сондықтан мұндай категориялы тұрғындарға пәтер кезектен тыс берілуі керек деп есептейміз, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов өндірісті ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың есебін беріп өтті. Өңірдегі белгілі құрылыс компаниясы «Болашақ-Т» ЖШС-ның атқарушы директоры Нұржан Сахаров биыл 900 пәтерлік 5 үйдің құрылысы аяқталатынын айтты. «Отделстрой» ЖШС директоры Валентина Михно да өз ұжымында 11 ұлттың өкілі тату-тәтті қызмет етіп, талай жетістікке жеткенін мақтанышпен жеткізді.
- Әрине, жұмысымызда қиындық та кездеседі. Мысалы, Ақтөбеде құрылыста пайдаланатын қиыршық тастың тоннасы 1600 теңге болса, Оралға жеткізгенде 5-6 мың теңгеге шырқап кетеді. Теміржол шығындары өте жоғары. Тағы бір мәселе, құрылыс компанияларына жеңілдікті несие берілсе дейміз. Мысалы, мемлекеттік зейнетақы қоры, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» тұрғындардан жиналған мол қорды аз пайызды несие етіп құрылыс компанияларына берсе, екіжақты пайда болар еді, - дейді Валентина Павловна.
Көшпелі отырыста құрылыс саласына қатысты заңнамалық актілерді жетілдіру, соған байланысты əкімшілік кедергілердің туындауы, құрылыс сапасы төмендеп, мерзімінде тапсырылмауы жəне мемлекеттік портал арқылы құжат рəсімдеуге қатысты кездесетін мəселелерді Мəжіліс депутаттары кеңінен талқылады. Парламент депутаттарының ел ішіне шығып, нақты кәсіп иелерімен бетпе-бет кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді ашық талқыға салуы болашақта жемісін берері сөзсіз. Бұл кездесуге қатысқан барлық тараптың түйінді ойы осы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»