• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2017

Орынсыз қылжақ, ойсыз көз

746 рет
көрсетілді

Құдай ақырын берсін, бүгінде әлеуметтік желіден тыс өмір сүру мүмкін болмай қалды ғой.

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» демекші, оның пайдалы жағына қоса, күнделікті өмірімізге кері әсерін тигізетін зиянды, залалды тұстары да жоқ емес. Ендеше, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, қоғамымызға мықтап еніп, тұрмыстағы кейбір қиыншылықтарды жеңілдетіп бергеніне мәз бола бермей, кейінгі жас өрендерді жеңіл-желпінің соңынан жетектеп ертіп бара жатқан бұл шіркініңіздің теріс тұстарына да алаңдамай тағы болмайды. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» демекші, соның бірі – фейсбуктегі «Тікелей эфир». «Бұлардың қолдары бос па, еріге ме, не нәрсе өзі?» деп 4-5-еуін арнайы сараптап көруі­міздің нәтижесінде түсініксіз жайттарға тап болдық. Көздері бақырайып, тілін жұтып қойғандай үнсіз отырған сабаздардың сондағы мақсатын білмей дал боласыз. Одан: «Неге сөйлемейсіз? Бірдеме десеңізші», деп үздігіп, үзіліп сұрап жатқан жұрт. Сөйтсе де, әлгі сабазыңның беті бүлк етпей, нанын, не сағызын шайнап отыра береді.  Жайдан-жай еріккеннен фейсбук арқылы «Тікелей эфирге» шығу – әдеп пен­ салттан жұрдайлықтың белгісі деген­нен басқа ештеңе емес. Болмаса толған айдай томпиған келіншектің диванда шал­қасынан жатып алып әркіммен бір әң­гіме-дүкен құрғаны әдептілікке жата ма? Әсіресе, қазақтың жап-жас келіншектері солай еткенде, «Апыр-ай, мына заман не боп барады?» деген қауіптің жүректі от­тай қарып өтері сөзсіз. «Тым сымбатты екенсіз» деп қояды оған іші пысып отыр­ған сырттағы біреу. Осы мақтауға мына сабазыңның танауы делдиіп, әлдеқандай болып жатады. «Әдемісіз деп жатыр мені,­ рахмеее-еет» деп риясыз ыржияды. Диа­лог­тың сиқы осы.  «Ішіңіз пысып жатыр ма, аты-жөніңіз кім, танысалық, телефон нөмі­ріңіз қандай?» деп қалжыңдасқан  жан­дардың олардың мұнысына соншалық қол­дау білдіріп жатқаны шамалы-ақ. «Мына сықпытымды қазір ата-анам, жақын туыстарым, таныс­тарым, әріптестерім...  көрсе ұят-ау» деген ой қаперіне кіріп-шықпаған мұңсыз жанардың «арбауына» алданбағандар: «Сен сияқтыларды ауылға апарып сиыр сауғызып қояр ма еді», «Басыңдағы жастығыңның тысы сөгіліп кетіпті, босқа жатқанша соны неге тігіп алмайсың», «Кет эфирден» «Өзіңді жарнамалаған түрің бе?», «Еріккен әйел екенсің»... деп неше түрлі ауыр сөздерді қарша боратып жазып-ақ жатады. Қазір енді осы сөздерден кейін миы жоқ адам болмаса түсінер, жүрегіне жетер деп әжептәуір нәтиже күтетінің рас енді. Бірақ ата-бабамыздың салт-дәстүріне жат өрескелдікке реніш білдіріп, «қазақтың қыздарына мұндай жөнсіз қылықтар жараспайды, әдепті болыңдар, арсыз болмаңдар» деп жан-жақтан жұрт қанша жабыла жазғанмен одан қорытынды шығарып жатқан олар жоқ.  «Тікелей эфир» арқылы маңызды мәселелер қозғалып, жастарға лайық әдепті әңгіме әсерлі рухта жібектей есіліп тұрса, көре алмағандай оған неміз бар шүйлігіп.  Негізі  ол келешекте ашық пікірлесу алаңына айналса, бір ғанибет болар еді-ау. Бірақ қайдағы? Сондықтан мұның бәрі қазіргі «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқтықтың» салдарынан орын алып жатқан жайлар екені түсінікті. Қазақы салтқа үйіріп, адамның келбетіне имандылық пен адамгершіліктің ізгілік нұрын себелеп тұратын, шалкес мінезді жанның өзін шалғайға шашау шығартпас қазағымның қасиетті ежелгі дәстүрлері-ай десейші. Интернеттің икемге көнбейтіні, оған бұғау салу қиын. Алақанмен айды көлегейлеп тұра алмайтыныңыз сияқты қазір технологиялық жетістіктердің бәріне рухани тереземізді елексіз ашып тастадық. «Оның пайдалысы қайсы, қазақы қалыппен қиыспайтын тұсы неде?»  деген сыни сүзгі жоқтың қасы. Ол кімнің қолында? Баланың ба, дананың ба, мұны тексеріп, бағып-қағып отырған ешкім жоқ. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кері ме деген ойдың осы тұста қылаң беріп қалуы тағы заңды.    Желідегі халыққа бәрібір. Олар мұндайларды жүректің елегінен өткізіп қабылдап отырған жоқ. Жалпы, қазір өзі әлеуметтік желіде рухани сүзгі деген бар ма десеңізші әуелі. Оған дәлел – «Тікелей эфирдегі» қылжақ әңгімелер мен ойсыз көздер. Бақсақ, «Тікелей эфирге» адамдар өздерін жарнамалау үшін шығатын сияқты. Бірақ жарнамалаудың жөні осылай болады екен деп, айнаның алдында тұрғандай шашыңды тарап, көздеріңді жыпылықтатып отырғаның өзіңнен басқа кімге керек? Бұл негізі өнеріңмен бөлісуге, ойыңды ортаға салып, көпшілікпен пікір алмасуға арналған тетік емес пе? Сылаңдап, сыланып түр-әлпетіңді жұртқа жария ететін алаң емес...  Қорыта келгенде, қазіргі біз куә болып жүрген «Тікелей эфир» көңілге түрлі ой салады. Атам қазақ: «Сөз сүйектен өтеді», «Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды» деп бір ауыз сөздің қауызына үлкен мағына сыйғызған халық емес пе еді. Ал енді мынадай бейнебаяндар, өздерін жатпай-тұрмай жарнамалап жатқан жандардың тірлігі сол қазақы қасиеттен бірте-бірте көз жазып бара жатқанымыздың айқын мысалы іспетті әсер қалдырады. Желідегі желпу сөз жеті қырдан асып, бейәдеп бейнебаяндар әке-шешесі ертелі-кеш  жұмыстан қолы босамайтын қазақ балаларының санасын улап, үлкен қауіп тудырып жатқандықтан, қайта-қайта оралып тұратын негізгі әңгімеміз осы болып қала бермек. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,  «Егемен Қазақстан»