Әрине, кез келген реформа – қоғам үшін қаупі зор бүйірден шыға келетін шалт қалтарыс, кенет кедергісі бар оқыс бұрылыс. Бұл бұрылыста біреулер бар жылдамдығымен жалт бұрылса да, еш жеріне зақым келтірместен, зу етіп өте шығады, енді бірі шеберлігіне сеніп, тежегішін басып, тоқтап жатпайды, бірақ майып болмастан, асқан ептілігімен еңсеріп кетеді, жылдамдығын асырып жанталасып келе жатқан тағы бірінің көлігі шыр айналғанымен, аман қалғанына ақсарбас айтып, тоқтаусыз жүре береді, ал төртіншісі үстіндегі жүгімен қоса аударылып, жантәсілім етеді немесе қайта ес жиып, аяғынан тұрғанша, басқалар әудем жер ұзап кетеді. Бейнелеп айтқанда, бұл реформадағы жарыстан мүдде үшін күш біріктіріп, адал жұмыс атқаратындар ғана жол тауып шығады. Өйткені, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған он бес елдің он екісі бұл бұрылыстан аман-есен өте алмаған екен. Кедергілерге кездесіп, пайдасын бере алмай кеткен міндетті медициналық сақтандыру ісінің қателіктерінен сабақ алып, екінші рет қолға алуды жөн санап отырған ел Үкіметі бұл қадамын Қазақстанның сол уақытпен салыстырғанда, экономикалық, әлеуметтік жағынан әлдеқайда еңсе тіктеуімен байланыстырып отыр. Жуырда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Алматы қаласының әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік, жекеменшік медициналық ұйымдардың қатысуымен «Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу – елдегі әлеуметтік саламаттылықтың стратегиялық басымдылығы» атты конференция ұйымдастырылып, жаңа жүйенің жұмысы талқыланды. Конференцияда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа жүйеге көшудің себептері, мақсат-міндеті, қиындығы мен қажеттілігі туралы әңгімеледі. Енгізілу жоспарланып отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бір жылда жүзеге аса салатын іс емес, ауқымды реформа болғандықтан, алғашқы кезеңі биылғы жылдың 1 шілдесінен жұмысын бастап кетпек. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – ел тұрғындары денсаулығының сапасын көтеру, емдеу тиімділігі және дәрігерлік қызметтің міндеттілігі мен адалдығын арттыра түсу. Денсаулық саласы бойынша қыруар міндет арқалап, емдеу ісі саласындағы маңызды қадам саналатын жүйеге көшу үшін алдымен халықаралық тәжірибені де зерттеп, озық-тозығы тегіс есепке алынды. «Дүние жүзі елдерінің медициналық сақтандыру жүйелері қалай жұмыс істейді?» деген мәселе бойынша өткен жылы бірнеше халықаралық конференция өткізіліп, медицина мекемелері мен мамандары арасында талқылану негізінде Үкіметке заң жобасы табысталды. «Мәжілістің талқылауынан өткен заң жобасы медициналық сақтандыруға байланысты халық көкейіндегі күмәнді сейілтіп, бірнеше қолайлы өзгерістер алып келетініне сенім ұялатты. Германия, Испания сарапшылары да қолдап, өз тәжірибелері негізінде көмек қолын созды», дейді министр Е.Біртанов. Конференцияға қатысқан Польшаның Бяла-Подляск қаласындағы әскери мамандандырылған аурухана директоры Дариуша Оленьски, Вильнюс университетінің профессоры, Литва денсаулық сақтау экс-министрі Юозас Галдикас өз елдеріндегі міндетті медициналық сақтандыруды қабылдау кезіндегі қиындықтарды еске түсіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, поляк елінің әрбір тұрғыны медициналық сақтандыруға жалақысының 9 пайызын аударады. Қазақстанда қабылданатын жаңа заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап жұмыс істемейтін адамдар, яғни балалар, бала күтімімен отырған әлеуметтік топ және мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнеткерлер үшін мемлекет есебінен 3,75 пайыз төлеу басталады. Жұмыс істейтін азаматтар жалақысының 1 пайызын аударуға 2019 жылдан бастап міндеттеледі. Ал жұмыс берушілер биылғы жылдың шілдесінен 1 пайыз жарна төлеуді бастайды. 2021 жылдан бастап қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етушілердің де, жұмыс істейтіндердің де аударатын жарнасын 5 пайызға дейін көтеру межеленген. Яғни, жаңа жүйеге сатылай өту әдісі сынақтың тиімділігі мен төзімділігін арттыра түспек. Шет мемлекеттердің көпшілігінде төленетін жарна 9 бен 15 пайыздың мөлшерін құрайды. Төлем мөлшерлемесі жеке адамның қалтасына салмақ салғанымен, медициналық қорға түскен қаржы көлемі ұлғайған сайын тұрғындар медицинаның барлық саласы бойынша емдеу мен оңалту шараларына қол жеткізіп, денсаулығы үшін ең соңғы жоғары технологияны пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Е.Біртанов ел экономикасы дамып, қорға түсетін қаржы мөлшері артқаннан кейін қосымша жаңа медициналық қызмет түрлері енгізіліп, амбулаториядан берілетін дәрі-дәрмек түрінің көбейетініне сендірді. Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының атқарушы директоры Замира Оразалиева бұл жүйенің тиімділігі мен менеджменті туралы сөз қозғап, қордың атқаратын жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, 2018-2019 жылдарға ай сайын жарна мөлшері мемлекет үшін 5 029 теңге, жұмыс берушіге 2 281,6 теңге, жеке кәсіпкерге 2 828 теңге, тұрғындарға 1 414 теңге етіп белгілеу ұсынылған. 5 сәуірден бастап медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында МӘМС енгізу үшін «Емханаға тіркел де – өз мәртебеңді анықта!» атты халықты емханаларға бекіту науқаны басталған болатын. Себебі, азамат бір қалада, ауданда тұрады, бірақ басқа мекенжай бойынша тіркелген. Мұндай жағдайда медициналық қызмет көрсетуге байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Бұл үшін қала емханалары бекітілген жері мен медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сондай-ақ, әр азамат электронды цифрлы қолтаңба немесе бір реттік парольдің көмегімен «e-gov» «электронды үкімет» порталы арқылы МӘМС жүйесіндегі өз мәртебесін анықтай алады. МӘМС енгізу бәсекеге қабілетті ортаны әрі қарай дамытуға ықпалын тигізеді, өйткені пациент медициналық көмек алу үшін меншік түріне қарамастан медициналық ұйымды өзі таңдайтын болады. Алматы қаласында жекеменшік медициналық ұйымдардың саны көп, осыған байланысты үлкен бәсекелестік туындайды, қала ұйымдарын ынталандыруға мүмкіндік береді. Аталған жүйе бәсекелестік ұйымдар қызметін жетілдіруге және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға жетелейді. Жекеменшік және мемлекеттік медициналық ұйымдарда көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына, халықтың жүгіну сипаттамасына МӘМС қорының мамандары монитринг жасап отырады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ