Шынтуайтына көшкенде, дыбыстан жылдам МИГ-29К ұшағын адымдап өлшейтіндей кеменің алақандай айлағына қондыру – арман әрі адамның мүмкіндігінен тыс оқиға болатын. Ол әлем авиациясының қиялы – ғарышқа ұшқанмен тең еді. Ғарыштың қиындығы – алдында шексіз қараңғы кеңістік. Ал, СУ-дың алдында тұңғиық тылсым теңіз! Айырмасы осы ғана. Қай ел, қай ұлт оған ұмтылмады десеңізші. Оған бірінші болып Кеңес Одағының және бірінші болып менің қолым жетті. Дүниежүзілік авиация тарихындағы рекорд! Сол рекордтың иесі атану арқылы әлем тарихына мәңгілік атың жазылып қалады. Бұл сол кәсіптің шыңы! Одан артық қандай атақ керек! Жоқ, керек екен. Кеңес Одағының Батыры атағы арқылы ресми мойындалуың тиіс. Әйтпесе болмайды. Ал осы атақ саған он алты ай бұрын Жоғарғы Кеңесте бекітіліп қойған. МИГ-29К ұшағының «Тбилиси» крейсеріне қонуына үлес қосқандардың барлығы, қарапайым жұмысшыдан бастап Бас конструкторға дейінгілердің бәрі сый-сыяпаты мен атағын алып қойған. Ал саған бір ауыз жылы ілтипат жоқ. Неге? Ең жоғары лауазым иелері мен қолбасшылар мені өзіне шақырып «Сенің еңбегің батыр атағына лайық. Жоғарғы Кеңестің Президиумы бекіткен. Енді Бас хатшыға өзің кіріп шықсаң қалай болады. Болмашы нәрсе...» – деген емеурін танытты. Ойларын түсіндім. Бар мәселе менің ұлтыма, қазақтығыма байланысты екен! Қалай намыстанбайсың. Мені емес, ұлтымды басынып тұр ғой! Ұлтым үшін тәуекел дедім. Михаил Горбачев хабарды естігенде: «Орыс табылмады ма?» – депті. Ол әлемдік империяның әміршісі. Әуелі империяның жетістігіне қуануы керек еді. Сол империяны әлем алдына шығарған азаматына қуану қажет болатын. Жоқ, Горбачев олай істемеді. Бас қолбасшы – көкірегіне шемен боп қатқан шовинистік өктемдігін жеңе алмады. Мен − әскери адаммын. Ол – Жоғарғы бас қолбасшы. Сондықтан да, мен қандай марапатқа да: «Саулығыңызды тілеймін, жолдас жоғарғы бас қолбасшы», – деуім керек еді. Ал маған Батыр атағының белгісін таққан Мәскеу қалалық мәжілісінде: «Кеңес Одағына қызмет етемін!» – деп устав бойынша қалшиып тұрдым. Міне, менің жаңағы жауабымның астарындағы: «Қазақтан басқа адам жоқ болды және менен басқа лайық адам табылмады. Ал, қайтесіз?» – деген емеурінді олар да түсінді. Шындығында да, ол – император емес, сол баяғы Ставрополь комбайншысының өресіндегі адам екенін тарих дәлелдеді. Міне, менің намысымды пендешілік мінезіме жеңдірген кезім осы. Оған өкінбеймін. Бұл, шындығында да, мінезге біткен өжеттік. Жалпы, қазақтың намысты ерлеріне Кремльдің бас қожайындарының ықыласы онша ауа бермеген. «Мұртты көсем» аңызға айналған дивизия командирі Бауыржан Момышұлын өзі шақыртып қабылдағанда: «Мен бір ғана қазақты жақсы білетін едім (Ол Әлихан Бөкейханов болатын!)», – деп қолын сүлесоқ беріп шығарып салғаны соған дәлел. Зады, Сталиннің мысы Баукеңнің мысын баса алмаған секілді. Соған намыстанған Иосиф Джугашвили, шақырған адамына өз қолынан тапсырғысы келген Батыр атағын да, генерал атағын да «ұмытып кетсе» керек. Ал Тоқтар Әубәкіров алып шықты. «Мұны құдіреті күшті қожайынның қолынан тартып алды» деп мақтанышпен әсірелеп айтуға болады. Қазақтың ер ұланының мұндай атағы туған еліне – республикасына кеш жетті. Өйткені, оның ісі де, есімі де өте құпия еді. Алматыға демала келгенде Олжас Сүлейменовтің Жазушылар одағына хабар беріп, «Қазақ әдебиеті» арқылы барша қазақ қауымын дүрілдете қуандырғаны әлі есімде. Біз – Тоқтар Әубәкіровтің атын сонда тұңғыш рет естідік. − Қазақ баспасөзі, жалпы баспасөз арқылы ел атымды тұңғыш рет сонда естіп білді, − деді Тоқтар сәл үнсіз қалып. Сөйтіп, өз елімді өзім алғаш рет жария араладым. Ең бірінші туған Қарқаралыма бардым. Бір ауылдан екі Кеңес Одағының Батыры шығыппыз. Соғыс ардагері Мартбек Мамыраев Қарағандыда ауруханада екен. Барып сәлем беріп, батасын алдым... Содан көп ұзамай 90-жылдың соңында космонавтар отрядына қабылдандым. Комиссияға жалғыз-ақ өтінішім болды. Мені қосалқы құрамда ұзақ ұстамауын өтіндім. Өйткені, жоғары инженерлік техниканың тілін біліп келдім ғой. Ағзалардың сынағынан да, оған түсетін атмосфералық қысым сынағынан да қиналмадым. Оның барлығы әскери ұшақ сынағынан таныс жайлар. Сондықтан да мен ең қысқа мерзімде, төрт ай дайындықтан соң ғарышқа ұштым. Бала кезімде, түнде шөптің үстінде шалқамнан жатып-ап тұңғиық көк аспанға, жұлдыздарға ұзақ қарап, ойға қалатынмын. Мынау қап-қара аспанның ар жағында не бар екен? Ана жымыңдап тұрған жұлдыздардың тасасындағы планеталарда адам бар ма? Шексіз қаракөк кеңістіктің шеті қайда? Сол қиялыңның жүзеге асқалы тұрғаны үшін, әрине қуанасың. Әрі бұл жолғы сапар елімнің аманаты болғандықтан да, жауапкершілікті де ерекше сезінесің. Ғарышқа ұшар кездегі тылсым шарасыздықтың бір сәтке елес беріп өтетіні туралы, бойыңда амалсыздық билейтінін, тіпті үрейдің де қылаң беретінін жоғарыда айттым. Сен түпсіз кеңістікке зымырап сүңгіп барасың. Зымыран атмосфералық кеңістікте көлбеуі де мүмкін, не сол күйінде түпсіз тұңғиыққа сіңіп жоғалуы да, жерді қайтіп көрмеуің де, оралмауың да мүмкін... Ал атмосфераға шыққан соң мүлде басқа әсерде қаласың. Сен аңсаған ғарыш кеңістігі алқаракөктеніп түпсіз тұңғиықа тартады. Сол планеталардың бірі сияқты сен де жерді шыр айналып жүрсің. Ғарышта жүріп Жерді көргенде, анамды көргендей сезіндім. Қуандым. Аспаннан қарағанда оған жаның ашиды. Кіп-кішкене ғана шарасыз жаратылыс. Бала – анасының сүтімен қоректеніп, күнін көріп жұбанады. Ал адамдар Жерді еміп күнелтіп жатыр. Жай тыныш еміп жатқан жоқ, тырнап, тістеп мазасын алып «Түбінде ананың, ана сүтінің қадірін түсінер ме екенбіз?!» – деген ойға қаласың. Жердің көкжиекпен сызылған бояуын ғарыштан көрген 561 адам бар. Солардың барлығы да: «Планетамызды сақтау керек, аялау керек! – деген ойға келеді. Түзде, алыста жүргенде – үйге қайтқың келеді. Анаңды көргің келеді. Мен ғарышта жүргенде тура сондай сезімде болдым. Менің Жерге қайтқым келді. Жерге! Тек Жерге! Қонған кезде ең бірінші сезінгенім – топырақтың иісі! Даланың иісі! Жусан иісі! Мен ғарышта сегіз-ақ күн болдым. Ал онда бір жыл болған азаматтар бар. Олар Жермен жылап көріседі. Жерден қасиетті, одан шарасыз, одан ыстық жаратылыс жоқ! Болмайды да! Ана, Жер-ана, Ана мен Жер! Батырдың бауырын жылытып, өзегін өртеген, ғұмырының қас-қағым сәтінде ұмытпаған, дем берген, қолдаған кие – анасы екен. Екі сөзінің бірі – «Ана». Ал, әке, әкелік аңсар, әкелік үлгі қайда? – Осы бойыма біткен қасиеттің барлығы әкем Оңғарбайдың бел күшінен. Тұлға, кең кеудем, атмосфералық қысымға шыдайтын көрік – өкпе, қуат-күш, жігерлі жүрек – бәрі сол кісіден дарыған. Ал қан-тамырыма ыстық мейірім-қайырым сыйлаған, сол ата-бабамның рухын жаныма құйған, тіршілігіме мән-мағына берген, атадан, әкеден қалған қуат-қабілетті бір мақсатқа бағыттаған, азаматтық-жігіттік намыс сүтін емізген – анам. Сондықтан да тәнім – әкеме тән болса да, жаным – анамдікі, яғни, тән – әкеден, жан – анадан. Әкем менің өте жас кезімде дүниеден озды. Оның бейнесін, ата-баба аруағын сыйлауды анам үйретті. Үнемі: «Сенің ата-бабаң, әкең – жерге қараған жеті ұлын емес, елге қараған бір ұлын мақтаныш еткен. Сен сол елге қараған бір ұл болуға тиіссің. Елді, жерді, елдің киесін, жердің киесін ұмытпа. Біреудің намысын таптама, өз намысыңды басындырма. Адал, әділетті бол»,– деп үнемі мейіріммен айтып отырушы еді. Анамның сол сөздері менің бесік әлдиім болды. Сол әлдиге қанып өстім. Менің әкем Оңғарбай – ұста, зергер болатын. Ол кезде елдің қолында ақша жоқ. Бірақ біздің жақта күміс теңгелер болды. Әкем солардан зергерлік бұйымдар соғатын. Әйелдердің сырғасы мен сақинасы, зерлі күміс бұйымдар, тағысын тағылар. Сол әкем түйген тонның күміс түймесін кейін ауылдың ақсақалдары маған сыйлады. Бұл түйме – мен үшін әкемнің көзі. Ең киелі мұра. Өкінішке қарай, әкеден қалған бар белгі – сол күміс түйме ғана. Әкеміз ерте дүниеден қайтқан соң – бар ауыртпашылық анамыздың мойнына түсті. Ол кісінің қиналғаны, соған қарамай қабырғасы қайыса жүріп бізді асырап, сақтауға тырысқаны мені ерте есейтті. Түз жұмысына ерте араластым, өзімнің қатарластарыма қарағанда ерте сүйектендім. Бойыма күш-қуат та ерте құйылды. Сондықтан, 10 жасымда шаруашылық бастығынан жұмыс сұрадым. Шешемді асыраймын дедім. Түсінді. Әкемнің ұсталығы себеп болды ма, әйтеуір, мені токарьлыққа алды. Баласынбасын деп бар күшімді саламын. Сонда мен бұраған бұранданы, гайканы үлкендер кері шығара алмай: «Неғып қатты бұрап тастағансың?» деп таңданып жүретін. Ең бақытты күнім – шешеме алғашқы жалақымды қолына ұстатқан күнім. Ондай рахатты, бақытты күйді өмірі қайтіп сезінген емеспін. «Мен – енді жігітпін, мен енді шешемді асыраймын, анам енді қиналмайды, мен бармын!» – деген бала сезім, бала мақтаныш кеудемді кернеген сәт әлі есімде. Сонда анамның сүйіп тұрып айтқан өсиеті әлі жадымда. Сол өсиеті менің өмірлік ұстанымым болды. Ол – ел киесі, жер киесі ата-баба рухы, намыс және әділ адалдық. Жер киесі демекші, менің анам Шайтанкөлді ерекше кие тұтты. Бір жолы мен қатты ауырдым, жазылмадым. Мені ертіп барып Шайтанкөлге мінәжат еткізді: «Балам, сен ұмытпа. Мұның аты – Шайтанкөл емес, Әулиекөл. Қарашекпендер алғаш келгенде көлдің басына кергі – айшық орнатыпты. Соны көл жұтып қойыпты. Содан бастап орыстар сескеніп, «Шайтан көл» деп атап кетіпті. Есіңде болсын, бұл көлдің аты – Шайтанкөл емес, Әулиекөл! Киесі де, иесі де, кепиеті де бар. Бұл жерге суға түспе, киесі атады. Келгенде тәу етіп келетін бол. Мұны ұмытпа. Ұмытпа!», – деп өсиет етті анам. Мен сол жолғы ұшықтаудан соң жазылып кеттім. Содан бастап мен Әулиекөлдің әулиелігін мойындадым. Қасиетінен сескендім. Өмір бақи тәу етіп келемін. Осыдан біраз жыл бұрын бір ұлым Қарқаралыға достарымен демалуға кеткен. «Шайтанкөлге – Әулиекөлге түспе. Киесі бар», – деп ескерттім. Жастар қаперінде ұстай ма. Содан: «Ауырып қалды. Дәрігерлер еш шара жасай алар емес», – деген хабар келді. Қарағанды дәрігерлерінің де дауасы қонбады. Түпкі себебін сұрасам, ол достарының қолқалауымен Шайтанкөлге түсіпті. Шешемнің айтқан сөзі есіме түсті. Балама бұл жолы батыра айтып, Әулиекөлдің басына барып кешірім сұраттым. Сол сәттен бастап жазылып сала берді Әулиекөл ұлының ұрпағының қателігін кешті. Әулиекөл анашымның арқасында әуелі мені, содан кейін ұлымды дерттен айықтырды. Міне, жер киесі деген осы! Әрине, Бұланты мен Білеутіден бастау алатын сұхбат сапары толас таппай, үзіліп-жалғанып отырды. Ана туралы толғаныстың соңы, әрине, Л.Н.Гумильев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерімен болған кездесуде одан әрі жалғасты. Ұлы ананың аңсарлы ұлы бүгінгі ұрпақтың аңсары туралы не ойлайды. Елінің ертеңінен не күтеді? – Мен қазір Қазақстан темір жолының әуе қатынасы жолдары саласында кеңесшімін. Жол қатынастары компаниялары осы министрлікке бекітілгендіктен де өз мамандығым бойынша өзім білетін мәселелермен, соның ішінде Қазақ авиациясының бүгіні мен ертеңіне қатысты мүдделерге назар аударамын. Бұл саладағы біздің мұқтаждығымыз көп-ақ. Әсіресе, әуе жолы мен аспан кеңістігі халықаралық жол қатынасының ғана емес, халықаралық геосаясаттың, халықаралық экономиканың негізгі тұтқасына айналып бара жатқандықтан да, тәжірибелі азаматтың көзқарасы мен кеңесі маңызды шараның бірі деп ойлаймын. Мұның ішінде, ғарыш та, әуе әскери ұшақтары да қамтылады. Жалпы, мен бұл қызметіме және ондағы мамандарға ризамын. Қайда жүрмейін, қай ортаға түспейін, бәрібір, менің ұстанымым – білім, білім және білім. Келер ұрпақ білімді, білікті болса екен. Білім – ешқашанда жамандыққа жібермейді. Екінші, бүгінгі жастарға, өздерінің білікті ойларындағыдай шын рухани тәуелсіз мемлекет керек. Әңгімелесе жүріп аңғарғаным осы. Әлі көп дүние өзгереді. Ұстаным да, ұстын да, бағыт та, құндылыққа көзқарас та өзгереді. Ең бақытты мемлекетті сол жастар құрса екен. Сөзсіз құрады. Мен соған сенемін! Атағына – абыройы, бойына – ойы, кемеліне – келбеті, тұрысына – жүрісі, жүрегіне – тәуекелі, миығына – мысы, мейіріміне – қайырымы, уәжіне – сөзі сай жігіт сырттанының кәдімгі тіршіліктегі етекбастылық өмірі қалай өтіп жатыр екен – деген сұғанақ ой жүйкемнің түбінен шүйкеленді де тұрды. Бұл кез келген ұлы тұлғалардың талмауытты тұсы, «бір кем дүние» дегізетін ділгір. Гетені де, Толстойды да, Абайды да әттеген-аймен еске алдырған. Бір сөзбен айтқанда, «шымылдықтың ар жағындағы әңгіме». – Шымылдықтың ар жағына жасырып қалатындай менің еш құпия өмірім жоқ. Бәрі де баршаға аян. Теміртаудан ұшқыштар дайындайтын әуе училищесіне аттанғанға дейінгі бозбалалық шағымда бозөкпелік махаббат машақаты болған шығар. Оған өкінбеймін де, ұмытпаймын да. Ол да он сегізге толмаған өспірімнің сезімін толтыратын, атамекенді ұмыттырмайтын, қайта сағындыратын фактор. Ал сонау қиыр шығыстағы, не маң орманның ішіндегі, аса құпия мамандықтың иесінің өмірін көлегейлейтін «шымылдық» болмайды. Бәрі де, іс-әрекетің тиісті адамдардың, тіпті қан қысымың да дәрігер мамандардың бақылауында. Сырт дүниемен байланысың де шектеулі. Бірақ, бізді, ең сенімді, ажарлы, өжет арулар қоршады. Соның ең таңдаулысы Татьяна – менің жарым болды. Екі ұлым бар. Олар барынша патриот, отанын – Қазақстанын, Қарқаралысын сүйеді. Тоқтарлан деп нысаналап қойған немерем бар. Ал, солардың ішінде өзіме тартқаны, қоңырым – Томирис. Жүрегі сондай батыл. Жас балада, соның ішінде қыз балада сескену деген болуы керек қой. Ал, бұл қоңырым аэрошанамен барынша ызғытып келе жатсам да: «Бас, ата, бас!» – деп өзімді қамшылайды. Жылдамдыққа құмар. Міне, менің әдеттен тыс оқиғаларға, ант мезгіліндей қатерлі оқиғаларға құмарлығым осы қоңырымның бойында сақталып қалған. Екеуінің қай мамандықты таңдарын қайдан білемін, бірақ, жүректі, адал, шыншыл адам болатындарына сенемін. Өмір мен өлімнің ортасында өмір сүріп үйренген ер адам – ата үшін бұл да үлкен медеу. Міне, тағы да бір жол түсіп, енді жер киесі – Қарқаралыға да бет алдық. Сауал да қысқа, жауап та нық. Емеуріні мол, Тоқтардың адамгершілігі мен кішіпейілдігін көрсеткен, адамды – атағына қарап емес, сыйластығына қарап сыйлайтын мінезін танытқан сапар. Бұл сапардың ішінде ғарышқа қатысты саңлақ атаулының, соның ішінде, Тоқтардың командалас-ғарышкерлерінің көбі бар еді. Сыртта жүрсем де: «Ағасының тілін алмайтын бауыр бола ма екен», – деген уәжінен тұтылып, осы жолы ұтылып келе жатқан бетім еді. Ғарышкер саңлақтармен де сыр тартысып, деміміз біріге шығып қалған. Өзімсіне әрі қонақжайсынып, аңызға айналған МИГ авиациялық конструкторлар бюросының Бас конструкторы Ованес Микоянның темекі тұқылын бір-екі рет күлдікке апарып салғам. Енді бір мезетте Ованестің өзі менің қолымдағы темекі тұқылын еппен алып, анау бұрыштағы себетке екінші рет апара жатыр еді. Тоқаң – Тоқтар Әубәкіров алыстан қарап тұрды да: «Бәрі де ретті», дегендей басын риясыз шайқап қойды. Демек, мені де солардың қатарында тең санағаны. Иә, бәрі де Абай атам айтқандай, «ретімен жаратылған дүние», өз ретімен өтіп жатыр. Тоқтар ағамыз атқандай, әр нәрсенің табиғи мінезіңмен әрі ретімен тұла бойыңа қонғаны – құт. Әр жүздесудің соңында Тоқтар ағамыз сұқ саусағын білеп: «Ұмытып кетпе мені! Хабарласып тұр!» – дейді. Мұндай өжеттіктің сырттанын ұмытып мені не қара басыпты, сонша. Сол сәтте өзім де марқайып, еңсем екі елі өсіп қалады. Е, еңсем өссе, несі бар, мен де қазақпын. Ал қазақтың еңсесін ғарышқа дейін Тоқаңның өзі – Тоқтар ағамның өзі өсіріп кеткен жоқ па! Еңсеміз биіктей берсін, ендеше. Деп, тағы бір жөнін сұрағанымда, менің мәдени сақабам Мәди Артығалиев: «Тоқаң: «Торғай даласынан сенің, Мөлдір көзіңді көрдім» – деп әндетіп, қаршанамен жортып жүр» – деді. Е, даланы сағынған ұл даланың иісін кеудесіне сіңіріп алмақ екен ғой. Ол да ретімен келген табиғи сезім. Әйтпесе, намыс пен адалдықтың қуатты зұлпықарына шақ келетін не бар, тәйірі! Сапарлас, сырлас болған кезді ұмытпағанымды есіне салайын деп қолыма қалам алғаным да сондықтан.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
(Мақаланың басын 97-нөмірден оқи аласыздар)