• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2017

Сағы сынбаған Сағадат

296 рет
көрсетілді

Біздің халқымыздың басынан өткен нәубеттері аз емес. Әрбір жанұяны біз Қазақстан деген ұлы шаңырақтың бір-бір уығы деп атап жүрміз ғой. Ендеше, сол адамдар өмірінде болған тарихи оқиғаларды айтып отыру – бүгінгілердің парызы шығар. Менің әкемнің шешесі Мәрия Ақмола облысының бүгінгі Аршалы ауда­нына енген жерлердің тумасы болып келеді.

Әжеміздің әкесі Әділ деген кісі ақ патша заманында-ақ Мек­ке-Мәдинаға қажылыққа барып, мұ­сылмандық парызын адал ат­қа­рыпты. Қанжығалының Қыл­шар атасынан тарайтын әже­міз Мәрия сөзге жүйрік, ақын­жан­ды, ертегі мен шежірені мей­лін­ше жетік білетінін біз бала кезіміз­ден көріп өстік. Оның үстіне жас күнінен намазға жы­ғыл­ғасын бес парызын мүлтіксіз орындайтын. Әжеміздің жалғыз туған ағасы Құдабайдан үш қыз, бір ұл болып­ты. Солардың ішінде көп мехнат көр­ген, аумалы-төкпелі кезеңде «ха­лық жауының» жұбайы атан­ған Сағадат Құдабайқызы туралы көпшілік біле бермейтін біраз жайды тілге тиек етейік.  «Туған елім өзіме түрме болды» деп қатты кейіген қазақ­тың бір асыл қызы еді ол. Сағадат Ал­­ма­тыда оқып жүріп теріс­кей­­дегі Қызылжардан келген Қай­­сар есімді жігітке тұрмысқа шыққан. Иә, ол Қазақстан Ком­сомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитовтың нақ өзі болатын. Балаң бозбала кезінде әкем Сәлкен нағашыларының шақы­руымен ақбас Алатаудың ете­гі­нде жайғасқан әсем қала Алма­тыға барады. Бұл шамасы 1935 жылдың тұсы болса керек. Шат-шадыман өмірді, әсіресе, басы қырауланған тауларды көрген әкемнің бала көңіліне Қайсар ағамыздың сөзі де ерекше қанат бітіріпті: – Оқуыңды жақсы оқы. Сені алда бұл қалада көптеген игі істер күтіп тұр. Соны есіңде ұста! Қия­лы құстай самғаған жас өрен­нің қуанышы бірақ ұзаққа бармады. Себебі, оның алдынан «оқу түгіл бас қайғы болған» заман шықты. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин ұсталған жылдары, яғни отыз жетінің қоңыр күзінде Қайсар Тәштитовке де НКВД-ның кеудемсоқтары келіп, үйінің астан-кестеңін шығарады. «Шаш ал десе – бас алатындар» еңіреген жасқа да, кәріге де қарамапты. Апамыз Сағадат Құдабай­қызына оның күйеуі Қайсар Тәштитовтың жақыны әрі жер­лесі болып келетін қазақтың заң­ғар жазушысы Ғабит Мүсі­репов әдейі жолығып: «Тез арада еліңе қайт, әйтпесе, сені де ұстайды» деп хабар береді. Тағы бір жақын араласқан кісісі – Күләш Бай­сейітова болған. Арғынның аға­йын­ды Қанжығалы – Тобық­тыдан тарайтын ұрпақтары бір-біріне қиын-қыстауда да сүйеу бола білген. Күләш апамыз Қай­сар жездеміздің 1938 жылдың 17 нау­ры­зында атылғанын анық біліп, Сағадатқа Алматыдан дереу кетуін ескерткенімен, оның ізін суытпай келгендер кінәсіз жан­ды  Алматының абақтысына апарып қамап үлгереді. Бір айдың ішінде Сағадат­ты  жалаң айыппен комсомол қатарынан, соңын ала «Социа­лис­тік Қазақстан» редакциясындағы жұмысынан шығарады. Ол кезде жоғарыдан түскен нұсқауға кім­нің шамасы келсін? Сағадатты Алматыдағы тас қамауда 3 ай бойы тарықтырғаннан кейін оны этаппен әуелі Семей, кейін­дері Новосібір, Красноярск қала­лары­ның түрмелерінде біраз жылдар бойы ұстайды. Жасы 23-тен жаңа асқан, бірақ басы­на түскен тауқымет ауырт­па­лығын көп көрсе де ол өзі­нің сүйік­­тісі – халқымыздың ардақ­ты азаматы бола білген Қайсар Тәш­­титовке нақақтан тағылған айып­­­тардың бірде-біреуін мо­йын­­дамады. Етінен ет кесіп алса қыңқ етпейтін жа­ны сірі берік кісі сондай болар. Қайсар аты­на заты сай білімді азамат бол­ғанын біз­дің үйдің үлкен­дері де жиі ай­тып отыратын. Тілге жүй­рік, іске мы­ғым азамат­ты мәскеу­лік бас­шылар да үнемі құптап отыр­ған. Тіпті, Ресей аума­ғында жұмыс істеуге көңіл­дерін аз білдірмепті. Қайсардың асыл жары Сағадат Құдабайқызы Ақмоланың 26-шы нүкте аталған «АЛЖИР» ла­ге­р­інде  Тұрар Рысқұловтың жұ­байы Әзизамен, Бейімбет Май­лин­­нің – Күнжамалымен, Темір­бек Жүр­геновтың – Дәмешімен, Нұр­­мақов, Асфандияров пен Қо­жановтың, сондай-ақ, Ке­ңес Одағының маршалдары Егоров, Гамарник пен Тухачев­ский­дің жұбайлары әрі апа-қарын­дас­тарымен 11 жыл бойы бірге ауыр азапты күндерді басынан кешірді. Ресейдің атақты әншісі Лидия Рус­ланова да осы лагерь­дің дәмін тат­ты. Оған: «Жұртқа айтқан әнің­­ді бізге де шырқап бер» де­ген­­дер кездескен. Бірақ сөз­ге тап­­қыр өнерпаз: «Тор­да ән сал­­ған бұл­бұлд­ы кім көріп­ті?» деп бет­те­рін қайтарып тас­та­ған. Со­ғыс кезін­де Берия оны боса­тып, әс­кер­­дің жі­герін көтеру­ге әнші-би­ші­­лер то­бымен май­­дан даласына аттандырады. Жалпы, Кавказ, Украин, Моск­­ва, Прибалтика елдерінен әке­­лін­­­ген 70-ке жуық ұлт өкілдері көп­­­пен бірге НКВД-ның ерекше ке­ңе­­­сі­мен кесілген жазаларын то­­лы­­­ғы­мен өтеді. Жалаңаш көлі­нің қоға-қамысын олар қыста отын ор­нына жұмсады. Себебі, жа­­­зық далада одан басқа ештеңе өспейтін. Бұл қаралы кезеңнің «жазық­ты» болғандардың туыс-жақын­дарына аз көлеңке түсірме­гені белгілі. Сағадат апамыз­дың әке­сі Құдабай Әділұлының Ақ­мо­ла­дағы жүріс-тұрысы, жал­пы тіршілігі, қарым-қатынас жасай­тын жақын-жұқындары алдымен қара тізімге енді. Біздің үй де үнемі  «сезіктілер» қатарында жүрді. – Біреумен сыр бөлісу, жақын тартып әңгімелесу деген мүлдем әдеттен шығып қалды, − дейтін еді әжеміз Мәрия өткен шақтарын өкінішпен еске алғанда. – Сы­лаң­дап өскен, табиғатынан сұлу Сағадат абақтыдан 1948 жыл­дарға таман ақталып шықты. Құр сүлдері қалған бауырымды құшақтап жылағаным, өлгенім – тіріліп келгендей күй кешкенім өмірі ұмытылмас сірә. «АЛЖИР»  тар қапасының тұт­қындары бостандыққа шыға­рылса да толық ақталмады. Заңды тұрағы Алматы қаласы болғанымен оған жақындауға сол кездері қатаң тыйым салынды. Сол себепті, апай көңілі қалса да Ақмолада біраз жылдар тұрып қалады. Тек 50-жылдардың екін­ші жартысында  Қайсар Тәш­титов толық ақталғаннан кейін ғана оған республика Бас про­кура­тура­сынан арнайы қағаз келіп, ол Алматыға қайта қоныс аударуға мүмкіндік алады. 1991 жылдары еліміз Егемен­дік алған кезде, алматылық жазушы Армиял Тасымбековке бер­ген сұхбатында ол «АЛЖИР» лагерінде ерте солған қызғал­дақтар –  жазықсыздан жазаларын өтегендер жайлы сыр ашыпты. – Балам, шындықты жазың­дар, ұрпақ білетін болсын. Бұл ме­нің өтірігім емес, көзім тірі ке­зін­де айтқым келген шын­ды­­ғым, – деп қайта-қайта айта беріпті. Бұл аталмыш мақалада «Ота­нын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінің» («АЛЖИР») бір кездегі бастығы М.Юзипенко Сағадат апамызды Алматыға іздеп барып: «... Маған абақтыда көп қиянат жасадың деген айып тағып жатыр.  Тергеушілердің алдында ақтайтындай қолхат жазып беруіңізді өтінемін» деп жалынғаны да ашық жазылыпты. «АЛЖИР» лагерінде әйелдер қара жұмыспен қатар, жаңадан ашылған фабрикада әскери киім тігуді үйренеді. Мысалы, 3,5 мың ті­гін­шісі бар фабрика 1942 жы­­лы 1 млрд рубль таза пайда түсірген.  Германиямен басталған со­ғыс­қа сұранғандардың ішінде біздің нағашы апамыз Сағадат та жүрді. Дегенмен, Сталин «халық жауларының» жұбайларына сенім көрсетпеді. Қазақтың кең жазира даласында ауыр жұмыстар істесе де олар абақтыдан қашуды мүлдем ойламапты. Үміттері – тірі жүрген жақындарына көлең­ке түспесін дегендері екен. Ақы­ры бұл дала түрмесі Сталин өлген 1953 жылы біржолата жабылды. 1989 жылы «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамының бас директоры, Социалистік Ең­бек Ері И.Шарфтың арна­йы ша­қы­руы­мен Сағадат Құда­­бай­қызы Тәштитова Малинов­када көзі тірі «АЛЖИР» тұтқын­дары­ның арнайы жиынына қаты­сады. Жасы 80-ге таяған 20 кісі­нің жолақы­сын, тұрағы мен тама­ғын ірі кәсіпорын басшысы өзі мой­ны­на алды. Бұл олардың соң­ғы бас­қосуы болды. Бірақ, сол жолы олар тіршілікте көрген мехнат­та­рын бір­жолата кино таспасына түсіріп кетті.  Осы айтулы оқиғаға орай, Иван Иванович жан-жағы түр­ме­нің үшкір сымдарымен орал­ған «Жарылған қызыл жұл­дыз» ескерткішін қойып, «Сая­си тұтқындар аллеясының» тұсау­кесерін жасағаны – Одақ бас­шылары ортасында  аз дүрбелең туғызған жоқ. Шарф сол үшін тиісті органдарға түсініктеме беруге Алматыға бірнеше мәрте барғанын көпшілік ұмытқан жоқ. Егеменді ел болған алғаш­қы кез­де туған жердің қуаны­шын бөліс­кен жанның бірі – Саға­дат Құдабайқызы Тәштитова бүгін­дері тірілердің санатында жоқ. Оның қайсар мінезі, таңдаған аза­ма­тына деген адалдығы, заман тезі­не салса да –  сынбаған өршіл мі­не­зі мен рухы өсіп келе жатқан ұр­пақ үшін өшпес өнеге деп білемін.  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығына сәйкес 31 мамыр – елімізде Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл қасіретті басынан аяғына дейін көргендер үшін емес, келер ұрпақ болашағына бірін­ші кезекте қажет тарихи ма­ңызды шара болмақ. Себебі, адам­зат атау­лы­ның мұраты қашан­да бей­біт өмір болған. Алаңсыз мамыражай тұрмыстың мақсатын жете түсіндіру – бүгінгі біздердің міндетіміз. Біздің халқымыздың тар жол тайғақ кешу жолдары –  әрбір ұлтжанды азаматтың сана­сында жарқырап тұрса дей­мін. Өсер ел баласының бұл оқиға­лар­ды ұмытпайтынына мен кәміл сенемін.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,  Қазақстанның құрметті журналисі

АСТАНА Суретте: (соңғы кездесуден көрініс) Сағадат ТӘШТИТОВА мен Социалистік Еңбек Ері Иван ШАРФ