Мерейтойлы датаға орай Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Жазушылар одағы, Мүсілім Базарбаев атындағы №38 гимназияның ұйымдастыруымен «Мүсілім Базарбаев мұрасы және ұлттық құндылықтар» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазақ зиялы қауымының басын қосқан ірі жиынға Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ҰҒА академигі Серік Қирабаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ақын, журналист Бауыржан Жақып және Мүсілім Базарбаевтың жары, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбараш Байтоғаева қатысты. Профессор Мүсілім Базарбаевтың қоғамдық еңбегі, ұлттық ғылымға қосқан өлшеусіз үлесі жайында кеңінен сөз қозғалып, молынан естелік айтылған конференция ғалымның өмірі мен мұрасын зерттеудің жаңа бір дәуірінің шымылдығын түрді деуге болады. Конференция барысында «Қазақ университеті» баспа үйі шығарып отырған «Өнегелі өмір» сериясы бойынша Мүсілім Базарбаевқа арналған кітаптың тұсаукесері болды. Сондай-ақ, жиналған қауым ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликті тамашалады.
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ