• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

1254 рет
көрсетілді

ЯНУКОВИЧ ПЕН ТИМОШЕНКОНЫҢ БІРІ – ПРЕЗИДЕНТ Украинадағы президент сайлауы жұрт күткендей болды. Бірден ешкім басым дауыс жинай алмады, ақтық айқас екінші турға қалды. Онда алғашқы турда көбірек дауыс алған Аймақтар партиясының көсемі Виктор Янукович пен қазіргі премьер-министр Юлия Тимошенко күреске шығады. Алғашқы тур­дың басты нә­ти­жесі – ол қазіргі президент Вик­тор Ющен­коның елдің сая­си аре­на­сынан кеткені. Ол енді үлкен сая­­си ой­ынға қо­сыл­май­ды, сая­­си әл­еуе­тін та­у­ысты деуге болады. Алғашқы турда президент сайланбағанмен, бұл елдегі саяси күштердің ара салмағы айқындалып отыр. Ал екінші турда олар нақтылана түседі. Сөйтіп, 35,36 пайыз да­уысқа ие болған Янукович өзінің негізгі қарсыласы Тимошенкодан он пайыздан аса алға озып кетті. Жай қисынға салғанда, мұндай ай­ырма­шы­лық­пен екінші турда жеңіске жетуге тиіс. Өйтіп кесіп айтуға әсте де болмайды, дейді сарапшылар. Ол сөздің де қисыны бар. Енді мәселе бұлардан басқа үміткерлерге дауыс берген сай­лаушылардың келесі турда кімге ықыласы ауатынында болып тұр. Былайша айтқанда, сол да­уыстар саудаға түспек. Иә, саудаға түспек. Ол сауда қызып та кетті. Соңғы белдесуге шық­қан­дар қа­лыс қалған үміткерлерді, олардың сайлаушыларын өз жақтарына шығару үшін жанталасып жатыр. Алғашқы турда, әсіресе, Сер­гей Тигипконың 13 пайыз жинап, үшінші орын алғаны атап ай­тар­лық. Бұл сайлау Тигипконы елдің жетекші қайраткерлерінің қа­тарына қосты. Келесі турда оның кімді қолдайтыны, бәлкім, сай­лау­дың тағдырын шешуі де мүмкін. Бұрынғы спикер Арсений Яценюктің 7 пайыздай дауыс жи­нап, төртінші орын алғанын жұрт жеңіліске балауда. Өйткені, ол бұ­рынғы президент В.Ющенконың адамы болатын, оның жақтастары оған қолдау көрсетуге тиіс еді. Ал 5,45 пайыз жинаған Ющенконың өзі де абырой-беделден айрыл­ға­нын, дәуірінің өткенін мо­йын­дамасқа амалы қалмай отыр. Ақтық шайқасқа шыққан екі үміткердің өздері де, оның адам­дары да жеңіске жететіндіктеріне сенімді, тіпті болмағанда жұртқа солай көрінуде. Оппозицияда болған Яну­ко­вичтің билікті қалай сынаса да жөні бар: олар елде үлкен қи­ын­шылықтар ту­ғызды, көптеген қа­теліктер жі­бер­ді. Бұл жұрт­тың көз алдында. Мұндай қа­те­лік­терді қайталамаймын, дейді Яну­кович. Оған біраз жұрт иланады. Юлия Тимошенконың сөзден, уәдеден тосылмайтыны белгілі. Елді еуропалық демократияға жеткізетінін тағы да қайталап, қарсыласының атына қара күйе жағудан жалығар емес. Демо­кра­тиялық күштер өзін қолдайтын болады дейді. Расында, бұрын басқаға дауыс бергендер енді кімді қолдайды? Кесіп айту қиын. Тимошенко егер Тигипко өзін қолдап, өзі жеңіске жетер болса, оған үкімет тізгінін ұстататынын жасырып отырған жоқ. Ашық келісімге барар болса, Тигипконың қайраткерлік беде­ліне нұқсан. Ал Тимошенко же­ңіліп қалар болса, онда тіпті мас­қара. Күні кеше бірде дос, бірде қас болған Ющенконың сайлау­шы­лары енді Тимошенконы қол­дайды деуге де сенбейтіндейсің. Бірақ олардың ата жаудай санал­ған Януковичке дауыс беруі де қиындау. Бағаны базар айтады де­гендей, көзқарастың саудаға түс­кен заманынан бәрін күтуге бо­ла­ды. Бұрын көбірек айтылып, не­гізінен жұртқа белгілі болған­дық­тан да, біз үміткерлердің саяси бағыттарына тоқталмай, олардың ішкі құрылымдық таласына көбірек көңіл бөліп отырмыз. Шын мәнінде дәл қазір Тимо­шенконың батысшылдығы мен Яну­ковичтің ресейшілдігінен бұ­рын, күрес тағдырын сайлау кезіндегі дауыс саудасы шешпек. Қалай дегенде де, 7 ақпанда украиндар жаңа президентін атайды. Сол оқиға достас елде ынтымақ әкелсе екен дейсің ғой. Бірақ сайланатын адам (Янукович пен Тимошенконың бірі) көңіл­дегі күдікті өшіре қоймайды. КЕДЕЙ ЕЛГЕ ҚИЫНДЫҚТАР ҚАТТЫРАҚ ТИЕДІ Гаити Рес­пуб­ли­касындағы жер сілкінісінің салдары кімнің де болса жүрегін сыздатады. Телеарналардағы репортаждардан оның сұмдық апат­тық сипатын ғана көріп қоймайсың, кедей елге мұндай апаттың зардабы да күшті бо­латынын аңғарасың. Рихтер шкаласы бойынша жеті бал­лдық алғашқы дүм­пу­ден ке­йінгі кө­рі­ніске қарағанда, сұ­рапыл соғыс болып өткендей. Көп жерде мұндай дең­гей­дегі жер сілкінісі болып жатады. Сірә, салдары дәл осындай бола қоймас. Климаттың жы­лылығына да байланысты шығар, құрылыс салғанда, мұнда сейс­ми­калық талап мүлде еске­ріл­мейтін сияқты. Жай пана ғана үшін салына салатындай. Көп­те­ген үйлер түгел­дей үйіндіге ай­налған. Ал аман қалған халық далада қалғандай. Қуатты елде мұндай болмас еді, дейді ақпарат құралдары. Үкімет халыққа көмекке келер еді. Қай жерде де мұндай апатта сол үкі­меттің де қолы қысқа бола­ты­ны­на қарамай, қуатты елдің мүм­кін­дігі көбірек. Халқын далаға тас­та­майды. Ал мұнда панасыз қалған халық бәріне зәру: жатын орынға да, тамаққа да, тіпті ішетін суға да. Сырттан келген көмекке таласқан халықты көргенде, жүрегіңді ұстайсың: адамның бірін-бірі аяй­тын түрі жоқ, күштісі тартып жей­ді. Жетіп тұрса, олай етпес еді ғой. Бұл елде қазір қыс бол­­ғанымен, мұндағы ауа-райы басқа жер­лердегі жаздағыдай. Соны кө­ріп, мұны да құдайдың қарасқаны шығар-ау дейсің. Дәл осын­да­ғы­дай апат суық аймақта болсыншы, қанша адам үсіп өлер еді. Ал бұл елдің табиғаты ғажап, адам үшін жұмақ дерлік. Сонда да халқы кедей. Оған басты себеп – ондағы билік жүйесінің халыққа жаттығы. Бүкіл әлемді шулатқан жауыз ди­ктатор Дювальенің Гаити халқын 30 жыл сансыратып билеп, оның кеткеніне де ширек ғасырдай өткеніне қарамай, одан ке­йінгі төңкерістер мен диктатуралар да халыққа еш нәрсе әкелген жоқ. Қай­та осындағы саяси тартыстар мен қақ­ты­ғыс­тар­дан ха­лықты қор­ғау үшін БҰҰ мұн­да өзінің 9 мың бі­тім­герлік күшін, екі мыңнан астам бас­қадай қыз­­­мет­кер­лерін ұс­тап келген. Бүгінгі ап­ат­та халыққа көмекке келген де ал­дымен сол БҰҰ-ның адамдары болды. Гаити – арал­дары шағын ел. Жер көлемі 27,7 мың шаршы шақырым ғана. Осы­нау шағын аумақта 9 миллионға тарта халық тұрады. Көпшілігі – жоқ-жітік. Табиғи апатқа ке­зік­кенде, үкі­мет­тің дәр­мен­сіз­дігіне ашынған ха­лық осындай қиын-қыстау кезде де бой көрсетіп қойды. Сол қиын­дықты пайда­ла­нып, қылмыстық топтар да батыл әрекеттерге барып отыр. Олар иесіз қалған үйлерді тонап, дү­кен­дерге, басқадай азық-түлік сақ­та­латын орындарға шабуыл жасаған. Ел қуатты, билік мық­ты болып, ха­лық арқа сү­йей­тіндей болса, мұндайға жол берілмесі де анық. Сөйтіп, табиғи апаттың сал­да­рын бұл елдегі саяси жүйе де өзін­ше еселей түскендей көрінеді. Ақ­парат құралдарында қаза тап­қан­дар саны туралы әртүрлі сандар алға тосылады. Біреулер 70 мың десе, біреулер шарықтатып 200 мың­ға апарады. Ал әрқалай жа­рал­анғандар, жалпы зардап шек­кендер саны тым көп екеніне жұрт дауласпайды. Халық қасіреті қашан да ор­тақ. Гаити халқына түскен қа­сіретке бүкіл әлем жұртшылығы ортақ­та­сып жатыр. Телеар­на­лардан жер-жерден жетіп жатқан қайы­рым­дылық көмекті көріп, жалпы ақ­параттан ауқымды іс­тердің атқа­­рылып жатқанын естіп, жүрек сыздауы бәсеңсіп, көңіл иман­дылық сезімге ойысады. Адамның адамға мейірімі төгіле берсе екен-ау дейсің. Қасіреттің де сабағы бар. Сон­дай жағдай кімнің басына түс­пейді. Құдай сақтасын, айтып келмейтін сондай апат кезіге қалса, оған дайындығымыз қандай де­ген ой әрқашан жа­дымызда жүрсе жөн-ау. Мамадияр ЖАҚЫП.