Кейіпкер неміс қариядан сыйға киноаппарат алады. Қартайған шағында ол ауылдарды аралап сүйікті фильмдерін көрсетеді. Туынды өнердің арқасында ол әлемді өзгертеді деген идеяға кеп тіреледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Киномеханик» кинокартинасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгелі отыр. «Фильмнің идеясы марқұм Меңтай Өтепбергеновтікі. Бір күні киностудияда кездескенімізде киномеханиктер туралы ойын айтты. Кейіннен оның ойын тарқатып, сценарий жазып шықтым. Сценарийді көрген сәттен бастап, ауырып жүргеніне қарамастан, басты рөлді сомдауға дайындалып, қуанып жүрді. Өйткені ол көбінде эпизодтық рөлдерде ойнап, басты рөлдер бұйырмаған актер болатын. Біз оның үйінде талай кездесіп, репетиция жасап, кейбір сахналар туралы айтып жүрдік. Амал нешік, фильмнің шыққанын көре алмай кетті... Алайда, оның есімі титрда болады», - деді режиссер Ермек Тұрсынов. Картинаның продюсері Қанат Төребайдың айтуынша, екінші Дүниежүзілік соғыс суреттелетін кадрлар өткен жылдың желтоқсан айында Венгрияның астанасы Будапештте түсірілген. 8 минуттық бейнематериал Эксперттік кеңес мүшелеріне таныстырылды. «Соғыстан кейінгі жылдарды сахналауға қажетті объектілерді табу үшін Қазақстанның барлық аймағын аралап шықтық. Көрген объектілерді Шәкен Айманов атындағы «ҚАЗАҚФИЛЬМ» акционерлік қоғамы қорыта келе, түсірілімдерді Алматы облысы, Жаркент қаласы маңында жүргізуге ұсыныс айтты. Фильмнің негізгі айтар ойы - ұлы кино өнерінің күші мен игілік эстафетасы. Біздің картинамыз ХХ ғасырда кино өнерін таратушыларға бағышталады», - деді продюсер. Кинотуындыда басты рөлдерді Мұрат Мақажанов және картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тілеубай сомдайды. Сондай-ақ, ресейлік әртіс Нина Усатовамен келіссөздер жүріп жатыр. 31 мамыр күні түсірілім тобы Алматы облысына аттанады. Соңғы түсірілімдер Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының территориясында және Талғар қаласының Мәдениет сарайында өтеді деп жоспарлануда. Қазір суретшілер ғимараттың тарихи кейпін қайта келтіру жұмыстарын жасап жатыр. Атап айтсақ, түсірілім кезінде Лениннің ескерткіші және сол дәуірден хабар беретін атрибутикалар қойылады.
Дерекөз: inform.kz