– Такахаши сан, 2007 жылдың көктемінде Алматыдағы «Қазақконцерт» залында концерт бергеніңіз, сондағы сіз орындаған «Қайран заман», «Игай-ау» тәрізді әндер бен күйлер күні бүгінге дейін жадымызда. Содан бері арада тура он жыл өтіпті. Репертуарыңызға тағы қандай жаңа әндер қосылды? – 2005-2007 жылдар аралығында Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісовтен тоқсанға жуық дәстүрлі ән үйрендім. Соның жиырмадайын кәсіби деңгейде орындаймын. Өзіңіз оның Дәнеш Рақышевтың соңғы шәкірті екенін білесіз. Міне, сол ұстазымның үйретуімен халық әндері «Гүлдариға» мен «Шилі өзеннен» бөлек, Дәнеш Рақышев, Әсет Найманбайұлы сияқты қазақ композиторларының әндерін жаттап алдым. Бұл туындылардың ішінде Әсеттің «Кіші Ардақ» әнін ерекше ұнатқандықтан шабыттана орындаймын. Әннің әуені қазақтың табиғатымен егіз-ау деп ойлаймын. Дәнеш Рақышев репертуарындағы «Белжайлау сазы» да менің сүйікті әндерімнің бірі. Күннің шуағындай мейірлі, жаныңа жақын неткен ғажап әуен! Нұржан Жанпейісов пен Дәнеш Рақышевтің репертуарындағы әндерден бөлек, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов тәрізді белгілі тұлғалардың туындыларын тыңдағанды ұнатамын. Қазір шығармашылығымды жетілдіру жолында қазақтың ұлттық көне аспабы қобызбен ән айтуды бастадым. Қобыз тартуды да өз бетіммен үйрендім. Қобыздың сүйемелдеуімен «Ағажай Алтай», «Жорғатай» әндерін орындаймын. Күйге келсек, әртүрлі өнерпаздардан жиырмаға жуығын үйренген едім. Күй тартудан гөрі көбіне әнге көбірек жақын болғандығымнан әзірге он күйді ғана жоғары деңгейде шерте аламын. Қазақтың күйлерінен маған әсіресе, Сүгірдің шығармалары қатты ұнайды, «Аққу», «Тоғыз тарау», «Бес жорға» сияқты күйлерді шертіп рахаттанамын. Күйлерді көбіне өзім жеке қалған сәттерде орындаймын. Сондай-ақ, сыбызғыда ойнауды үйрендім. – Жапонияға қазақтың ән-күйін таныстырып, таратудағы еңбегіңіз көл-көсір, әрине. Бұл туралы жапон журналистерінің талай рет тамсанып жазғандары бар. Сонда осыншама танымалдылыққа қалай қол жеткіздіңіз? – Жапонияның әр өңірінде жылына 4-5 концерт ұйымдастырамыз. Қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттау менің күнкөріс кәсібім емес. Негізгі мамандығым ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, мектепте жоғары сыныптарға осы пәннен сабақ беремін. Мұғалімнің жұмысы қашанда қарбалас қой. Қандай мемлекетте болсын дәл осы мамандық иелерінің негізгі кәсібінен басқа жұмыстармен айналысуға уақыты да, мүмкіндігі де бола бермейді. Бірақ соған қарамастан қазақ халқының дәстүрлі өнерін жаным сүйгендіктен осыншама мол қазынаны отандастарымның да танып-білгенін қалаймын, концерт қоюға қашанда уақыт табамын. Былтыр біз бірнеше ауқымды шара өткіздік. Мысалы, Осакада Жапонияның ұлттық этнологиялық музейі бар. Осы музейде қазақ және Орталық Азияның басқа да халықтарының мәдениетін таныстыратын экспонаттар жаңартылды. Сөйтіп, оның ашылу салтанатында маған қазақтың ұлттық өнерін таныстырыңыз деп ұсыныс жасалды. Концерт қана емес, музейге қойылған домбыра мен қобыздың дыбыстарын көрерменге жақыннан шертіп көрсету шарасы өтті. Музейдің кең фойесіне 200-ден астам адам жиналды. Барлығы қазақ өнеріне, Орталық Азия елдерінің мәдениетіне зор қызығушылығы бар адамдар. Былтыр қараша айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен келгенде ел Премьер-министрінің шақыруымен кешкі асқа қатыстым. Әрине, осындай жоғары деңгейдегі шараға қатысуым өнерімнің ел ішінде өте жоғары бағалануы деп білемін. – Жалпы, концерттеріңізде қазақ музыкасын жергілікті халық қалай қабылдайды? – «Алыстағы елдің бұрын-соңды құлағымыз шалмаған сирек әндерін тыңдап сүйсіндік» деп жатады көбісі. Талай жапон Қазақстанды географиялық жағынан әрі алыс, әрі жұмбақ ел деп біледі. Ал концертке келгендердің әр әнді беріліп тыңдағанына куә болдым. Қазақтың дәстүрлі аспабында музыкалық туынды орындай алатын жапондар бар, бірақ өте аз. Қайта оған қарағанда Моңғолияның ән-күйін шебер меңгерген қандастарым көп-ау деген ой келеді. Мысалы, моңғолдың аттың басы бейнеленген ұлттық аспабы моринхуур мұнда кеңінен танымал. Жапонияның бастауыш мектептерінде оқытылатын ана тілі пәні оқулығына тіпті осы моринхуурмен байланысты моңғол ертегісі де енген. Домбыра туралы әдемі ертегі болса маған айтыңызшы... – Аңызда домбыраның қасиеті мен құдіретін бедерлейтін «Ақсақ құлан» күйі бар емес пе? – Иә, «Ақсақ құлан» күйін білемін. Репертуарымның бойтұмарына айналған шығарма. Әр концерт қойған сайын мен «Ақсақ құлан» туралы аңызды баяндап беремін, ал әйелім күйін шертеді. «Ақсақ құланды» жапондар өте жақсы көреді. Қазір домбыраға қатысты аңыз-ертегілердің музыкамен байланысын зерттеп жүрмін. Зайыбым да өнер адамы. Екеуміз Жапонияда қазақ өнерін насихаттау жолында еңбек етіп жүрміз. Келіншегім домбыра тартқысы келген жапондарға музыкалық аспапта ойнаудың қыр-сырын үйретеді. – Сіздің Орталық Азиядағы басқа да ұлттардың, Алтай халықтарының байырғы музыкалық туындыларын жоғары деңгейде орындайтыныңызды білеміз. – Рас, 2005-2007 жылдары қырғыз, қарақалпақ әуендерін үйренгенім бар. Бірақ ұдайы жаттықпаған соң көбісін ұмытып қалыппын. Қырғыз бен қарақалпақтың ұлттық музыкасында халықтардың жағрапиялық және мәдени жағынан жақындығы болған соң қазаққа ұқсас тұстары көп. 2005 жылы Қарақалпақстандағы Нүкіс қаласына барып, музыка зерттеушілерімен, аспап жасаушы шеберлермен кездестім. Сонда бір қарақалпақтың күйшісі дутармен Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындаған еді. Қазақстанда естіген «Балбырауыннан» басқашалау, аранжировкасы бөлек саз екен. Осылайша, қазаққа туыс ұлттар арасынан қазақ күйінің жаңа қырын ашқандай болдым. Қырғыз әндерінің ішінде біреуі ерекше есімде қалды. Атай Огонбаевтың «Ой, бұлбұл» әнін Дәнеш Рақышев орындаған. Мен де орындап жүрмін. – Бұрын берген бір сұхбатыңызда: «Қазақтың халық әнін орындағанда арқам қозады», деп едіңіз. Қазақтың дәстүрлі әндерін жапон аралдарында шырқағанда қандай күй кешесіз? – Иә, қазақ әнін орындағанда рахат сезімге бөленемін. Әсет Найманбайұлының «Қысмет» әнінде мынандай жолдар бар ғой: «Көмекей көк қабысын әнмен ашсам, Төгіліп меруерт-маржан сауылдаған». Осы әнді айтқанда әр сөзі көмейімнен меруерт-маржан болып төгілердей түйіледі. Иә, қазақ әніндегі сөздердің дыбысталуы ерекше әдемі. Қазақ тіліндегі ә, ұ, ө, ү, ы, і тәрізді дыбыстар қазіргі жапон тілінде кездеспейді. Жапон тілінде а, и, у, э, о деген бес дауысты дыбыс бар. Менің ойымша, 1300 жыл бұрын қазақ тіліндегі дыбысталу ерекшеліктері жапон тіліне де тән болған сияқты. Мысалы, жапонның ең көне жыр жинағы – «Манъйошю». Бұл VІІІ ғасыр шамасында құрастырылған жинақ. Бір ғажабы, мен қазақтың дәстүрлі әнін шырқаған кезде екі ел арасындағы байырғы жақындықты сезінемін. – Жалпы, жапон мен қазақ әуенінде өзара ұқсастық бар ма? – Жапон мен қазақ әндері бір-біріне мүлде ұқсамайды. Жапонның Тоухоку аймағының әндері мен моңғолдың «Уртын дуу» деген әнінің орындалу әдісі мен мелодиясы өте ұқсас. Бірақ моңғол әуендері мен қазақ музыкасы бөлек, екеуі екі басқа дүние ғой. Сол секілді ежелден көшпенді өркениеттің иесі қазақ пен егіншілікті кәсіп еткен жапон халқының музыкалық талғамы да бөлек. Бірақ жапонның классикалық музыкасы гагаку сазы Орталық Азиядан келді деген деректі көне жазбалардан кездестіріп қаласыз. Шын мәнінде, жапонның «бива», «шямисэн», «кокю» сияқты ұлттық аспаптарының көбісі Орталық Азиядан Қытай арқылы келгендігі мәлім. Ол заманда тек домбыра мен қобыз ғана жапон аралдарына жетпеген болса керек. – Бәлкім, шабыт қысқан сәттерде ән жазатын да өнеріңіз бар шығар, сірә? – Көңіл хошыма қарай қолыма домбыра алып, іштей шертетінім бар. Бірақ өкінішке қарай, ол дүниелер сол шертілген жерде қалып қойып жатыр. Мүмкін бұлар кемеліне келіп, толыспаған соң солай шығар. Бірақ елдің есінде мәңгі қалатындай ғажап бір ән, не күй жазсам деп армандаймын. Арман алдамайды ғой... – Қазақтың әндері мен күйлерін асқақтатуда қанатыңыз талмасын, Такахаши сан!
Әңгімелескен Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА