• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2017

Осыдан 80 жыл бұрын

639 рет
көрсетілді

Талай ғасырлық көне тарихында қазақ халқының бастан кешірген қиямет-қайымы көп, әрі сан алуан. Соның бірі – 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін. Оған да сексен жыл болып қалыпты. Неге олай болды екен деп осы қанқұйлы оқиға туралы аз айтылып жүрген жоқ. Солай болуға тиісті де. Өйткені, кеңес заманында сөз болмаған, арнайы талданып, зерттелмеген бұл тақырыпты көпшілік білуі керек, одан тиісті қорытынды шығаруымыз қажет-ақ. Осыған орай архив қоймасына тағы да үңіліп, кейбір деректерді тілге тиек еткенді жөн көрдік.

Бірінші құжат – Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің жабық партия жиналысының (1937 жылдың 11-13 шілдесі) хат­та­масы. Алматы қаласы қалам­гер­лерінің осы басқосуында негіз­гі баяндаманы жасаған – Хамза Жүсіпбеков. Бұған Әбдіқадыров, Тұрманжанов, Қара­таев, Майлин сияқты жазушылар қатысқан. Жиналыс­та «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» және «Лениншіл жас» газеттері бетінде көтерілген сын-ескертпелерді кейбір жазушылардың (С.Сей­фуллин, І.Жансүгіров, С.Мұ­қанов,, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов, т.б.) БКП(б) ОК-нің ақпан-нау­рыз айларында өткен пленум­дарының қаулыларын орындамауы, олардың сын және өзара сынды кеңінен өрістетпеуі, ал әдеби шығармаларында троцкий­шіл­дердің, ұлтшыл­дардың өкіл­дері бейнеленіп, орын алғаны сөз болады.

Хаттамада атап көрсетіл­ге­ніндей, коммунист-жазушылар, әрі Басқарма мүшелері Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіров жұмыс барысында біраз қателік­тер жіберген: саяси немқұрай­лық жасап, мағынасыз ауруға кезік­кен, келісімпаздық және іріп-шіріген либерализмге ұшы­ра­ған. Майлин жолдастың 1934 жылы өзінің ескі саяси зиян­ды шығармалары және оның ішінде Троцкий деген бандитті мақтайтын «Ауыл мектебі» атты пьесасы қайта жарық көреді. Ал Ілияс Жансүгіров болса өзінің ескі ұлтшыл өлеңдерін қосып, шығармалар жинағын қайта шығарған.

Өкінішке қарай, Майлин мен Жансүгіров жолдастар өздерінің осы ірі саяси қателеріне мән бермеді, қазірдің өзінде оған тиісті назар аудармай отыр, ал мұн­дай іс-әрекет, сөз жоқ, жау­лар­ға ғана қызмет етеді. Олар бол­ған жағдайды большевиктерге тән өткір сынға алудың орнына өздері үшін «қолайлы» жағдай жасап, немесе ұялшақтық көрсетіп, пікірін ашық айтпайды дегендей, жырымдап, жартылай жеткізгісі келеді.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы жанындағы партия ұйы­мы кейбір жазушы-комму­нис­тердің (Мұқанов, Майлин) ұлтшыл элементтермен және келісім­паздықпен күрес мәселесін анда-санда көтеріп отырса да большевиктік сынды, өзара сынды жүйелі түрде жүргізбеді, өздерінің шешімдерін бақылап тексермеді, орындалуға тиісті шараларды көзделген межеге жеткізе алмады, өз мүшелерінің (Мұқанов, Сейфуллин, Жан­сүгіров, Майлин) саяси қауіпті қателерін талдауды партиялық-принципті дәрежеге жеткізбеді.

Партия жиналысының қау­лысында кейбір жазарман­дарға тән осындай олқылықтар сынап-мінеледі, оның кейін тағы да орын алмас үшін тиісті шаралар белгіленген. Мәселен, жиналысқа қатысушылар зиянды туындыларын қайта шығарған авторларға одақтың партия тобы жасаған қорытындыларымен толық келісіп, өздерінің ірі саяси қателіктерін шұғыл түр­де түзе­темін деген уәделері еске алы­натындығына назар ауда­рыл­ған. Егерде бұл жағдай алда қай­тала­натын болса делінген архив құжатында, ең ауыр партиялық жаза қолданылатындығы қатаң ес­кертілген. Хаттамаға қол қой­ған негізгі баяндамашы – Х.Жү­сіп­беков, хатшы – Ө.Тұр­манжанов.

 * * *

1937 жылғы қазан айының 8 жұл­дызында Қазақстан Жазу­шылар одағының бастауыш партия ұйымының жиналысында Бейімбет Майлиннің жеке ісі қаралып, оны халық жауы есебінде ҚК(б)П қатарынан шығару жөнінде қаулы қабыл­данады. Осы шешімге үзілді-кесілді қарсы шыққан адам – Ғабит Мүсірепов. Бұл жөнінде «солай болған екен» деген сияқты хикаят, аңыз-әңгіме көп. Дей тұрсақ та, осыдан сексен жыл бұрын өткен жиналысқа қатысқан аяулы аталарымызды қазір таба аламыз ба? Сондықтан да шын мәнінде оқиға қалай өрбіді, қандай нақты деректеріміз бар, архив құжаттары не дейді деген ой-өрім әрдайым алдымыздан шыға береді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде Республика Президенті Ар­хивінде сақталған сол партия жиналысы хаттамасының аса құндылығын атап өтпеске болмайды. Онда былай делінген.

Бейімбет Майлиннің ұлтшыл-контрреволюционер есебінде әшкереленуіне байланысты мәселе бірнеше рет көтерілген. Ғабит Мүсірепов Жазушы­лар ода­ғы басқармасының мү­ше­сі және ҚК(б)П Орталық Коми­теті мәдени-ағарту бөлімі­нің меңгерушісі бола тұрып, маусым (1937) айында өткен партия жиналысында да Май­линді жақтап сөйлейді. Газет редакторы болмағына қарамастан Бейімбеттің ұлтшыл екендігі әйгіленген мақаласы шығып бара жатқан газетті тоқтатып, материалды Май­линнің пайдасына қайта өңде­ген. Мұнымен қоймай, 1 қазан­да бұл мәселе қайта көтеріл­генде Мүсірепов жолдас тағы да оны ашықтан-ашық қор­ғап, мәлімдеме жасаған. Қыз­мет орнын пайдаланып, өзіне жауап­кершілікті батыл түрде алып, «мен Майлинді жақсы білемін, онымен қызмет барысында ғана емес, жеке және отбасымен арала­самыз, сондықтан оған саяси сенімділік көрсетемін, сене­мін, ол, Мүсірепов, Майлинге әрқа­шан қамқорлық жасайды, оны ұлтшыл деп айыптайтын адам­дардан қорғайды» деген.

Майлин бір жыл бойы Жазушылар одағында қызмет істемесе де оның жалақы­сын толық төлеттірген. Мүсірепов­тің басқа да халық жауларымен (Сейфуллин, Лебеденко, Тоғ­жанов, Хұсайынов, Нұртазин, Ғатау­лин, Жаманқұлов, Айсарин т. б.) қарым-қаты­нас жасайтын­дығы атап көрсетіл­ді. Жиналыс осы­ған орай Ғ.Мүсіреповтің пар­тиялық жеке ісін ЦК-да қарау­ға ұсыныс жасайды.

 * * *

Бұл аса жауапты шаруаны, қызыл террорды, өткізудің мақ­сат-мүддесін партия көсем­дері – әуелі Ленин, содан соң Сталин – саяси-теориялық тұрғыдан анықтап, оны қалай орындау­дың сара жолын белгілеп берген болатын. Мұны жүзеге асыру­да НКВД аппараты, партия ұйым­дары, прокуратура, сот жүйелері, басқа да мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар ауызбірлік көрсете білді. Ал бұқаралық ақпарат құралдары болса онсыз да от-жалынға ора­лып тұрған қоғамдық-саяси хал-ахуалға май құйып, жағдайды ушықтыра түсті. Сөйтіп, зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар, журна­лист ағайындар да тап жауларын қырып-жою науқанынан тыс қала алмады.

1937 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында тұратын ақын-жазушылардың жиналы­сы болып, онда әдебиеттегі ұлт­шыл-фашистердің зиянкестік істерімен күресу және жас кадр­ларды өсіру туралы мәселе қаралды.

–  Байділдин, Тоғжанов сияқты­лар әдебиетте зиянкестікпен айналысты. Жансүгіров Тайшықов сияқты күшіктерін ертіп, әде­биетті бүлдірді. Тоғжанов Қуа­нышовты хатшы қылып, та­мақ асыратып қойды. Өлкелік пар­тия ұйымының бағытына сәй­кес өзара сын дамып келеді. Сәкен, Бейімбет, Сәбиттердің де қателіктерін көрсетіп жүрміз, – дейді жиналыста сөйлегендер.

«Казахстанская правда» га­зе­тінде «Выкорчевать нацио­­налфашистскую мразь из Сою­за писателей Казахстана» (16.09.1937) деген редакциялық мақала жарық көрді. Мұнда негізгі сынға алынған тұлға – Сәкен Сейфуллин.

Дауылпаз ақын қаламгер­лердің жікшіл-топтық жүйесін басқарып, тоғжановшылардың зиянды әрекеттерін қостаған. «Қызыл сұңқарлар» пьсасында өзін-өзі мақтайды. Ал «Тар жол, тайғақ кешу» деген еңбегін­де контрреволюцияшыл алашор­дашылардың суреттерін жария­лаған. Сәкеннің мұндай еркін­суіне Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов пен ЦК-дағы досы Ғабит Мүсірепов кінәлі деп мақалада атап көрсе­тілген.

 * * *

Жазушылардың қызыл террор кезінде ресми түрде бас қосқан жиындарда сөз болып, халық жау­ларын қалай құртып-жоямыз, әде­биетті қалай өркендетеміз деген тұрғыда айтылған кейбір ой-пікір­лерінің бір парасы, міне, осындай.

Амантай КӘКЕН АСТАНА

Суретті салған

Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ «Егемен Қазақстан»