• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2017

ОҚО-да 438 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды

236 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында 50 мың ұсақ шаруашылық мүшелерінен құралған 438 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әкімдікте өткен мәжілісте мәлім етті. 

«Еліміздің Ауыл шаруашылығы, Әлеуметтік даму министрлігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасындағы «Үш жақты» индикативті көрсеткіштер жөнінде бекітілген іс-шаралар шеңберінде ағымдағы жылға тағы да 75 бірлік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бұл мақсатқа 6,8 млрд теңге қаражат бөлініп отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Өңір басшысының айтуынша,   фермерлерді несиелендіру үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының 2-ші бағытымен 3,2 млрд. теңге,  «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ 1,9 млрд.теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,3 млрд.теңге бөлінетін болады.  

Қазіргі таңда  кооперативтер жанындағы 2 сүт қабылдау, 2 мал сою бекеттері  285 млн. теңге қаржыландырылған.  Одан бөлек, 9 мал сою бекеті мен 12 сүт жинау бекетін құруға  757 млн. теңгеге құжаттар өткізіліп, комиссия қарауына өткізілген.

Айта кетейік, кооперативтер мақсаттарына сәйкес ірі шаруашылық құрылымдары ретінде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, қайта өңдеу кәсіпорындарына шикізат көзін дайындау бағыттарында жұмыс жасайды.  Биыл өңірде осы жұмыстардың есебінен ет және сүт өнімдердерін қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жүктелімін 60%-дан 70%-ға көтеру белгіленген. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын пайдаланып, жеңілдетілген несие беру және субсидиялау жолдары арқылы 2017 жылы барлық бекітілген жоспарлар жыл аяғына дейін толық орындалады.

Осы жылдың 4 айында былтырғы жылмен салыстырғанда ет өндіру тірілей салмақта – 4,1 , сүт – 1,9  жұмыртқа өндіру 6,9 пайызға көбейді.

Есепті кезеңде мүйізді ірі қара бойынша мал басы өсімі – 5,5 пайыз, қой мен ешкі -1,7 пайыз, жылқы – 18,7 түйе – 6,5  құс – 5,9 пайызға артты.

Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» бағдарламалары бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілуде.