Павлодар облысындағы мешіттерде қасиетті Рамазан айында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ауызашар өтуде.
Облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің асханасында қалалық қажылар қауымдастығының ұйымдастыруымен 350 адамға ауызашар берілді.
Жалпы, жамағат жұртшылық мешіттердің материал – техникалық базасын нығайту, күрделі жөндеулер өткізу, жарықтандыру, көріктендіру, сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жасаған қайырымдылық шаралары үшін қала әкімдігіне, Тұяқ қажы Иманқұлға, бас имамы Нариман қажыға, қалалық қажылар қауымдастығының төрайымы Рымтай Сапарбекқызына алғыс айтты.
Имамдар ата-бабалар рухына Құран бағыштап, аталар ел-жерімізге тыныштық, халқымызға береке тілеп бата қайырды. Ораза тағылымы ай бойы осылай жалғасады.
Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан»