Кофе бауыр рагы қаупін азайтады
Кофе бауыр гепатоцеллюлярлы рагының қаупін төмендетеді. Бұл туралы ғалымдар BMJ Open журналында жазды.
Саутгемптон мен Эдинбург университетінің ғалымдары бұрын жүргізілген 2,25 млн адам қатысқан 26 зерттеу жұмыстарын қайта қарап шыққан. Олардың айтуныша күніне 1 кесе кофе ішкен адамдарда рак қаупі 20 пайызға төмен болған. Ал күніне 2 кесе кофе ішетіндерде бұл көрсеткіш 35%, күніне 5 кесе кофе ішетіндерде қауіп екі есе азайған. Сондай-ақ кофеин қосылмаған кофелер де солай әсер еткен.
«Кофенің денсаулыққа пайдасы бар екенін айтылып жүр. Соңғы зерттеу оның бауыр рагының қаупін төмендететінін көрсетті. Әрине, біз адамдарға күніне 5 кеседен кофе ішіңдер демейміз. Себебі әлі оның зияны туралы да зерттеулер жүргізу керек. Сонымен қатар кейбір топтарға, мысалы, жүкті әйелдерге оны ішуге болмайтыны тағы бар», деді мақала авторы Оливер Кеннеди.
Гепатоцеллюлярлы рак – бауырдың ең кең тараған онкологиялық түрі. Ол әлем бойынша бауыр рагының 84–89%-ын құрайды. Жыл сайын бұл диагноз 600 мың адамға қойылады.
Әкелер ұл мен қызға әртүрлі қарайтыны анықталды
Эмори және Аризона университетінің нейробиологтары мен психологтары әкенің ұл мен қызға қамқорлық таныту деңгейін анықтау үшін зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижелері Behavioral Neuroscience журналында жарияланды.
Ғалымдар әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасты зертханада емес, қалыпты жағдайда, яғни үйде бақылады. Зерттеуге 21-55 жас аралығындағы 69 ер адам қатысты.
Тәжірибеге қатысқан адамдар беліне 9 минут сайын қосылатын дыбыс жазатын арнайы құрылғы таққан. Ал түнде ол балалардың қасында қалдырылған. Сол арқылы ғалымдар тәуліктің кез келген уақытында әкенің баламен қалай қарым-қатынас орнататынын біліп отырған.
Зерттеу нәтижесінде анықталғандай, әкелер қыздарына ерекше қамқорлық танытып, эмоцияларын ашық білдірген. Тіпті, қыздарына жиі ән салып беретін болған. Ұлдарымен салмақты тілдессе, қыздарын барынша еркелетіп отырған.
Сонымен қатар ғалымдар зерттеу нәтижелерін бекіте түсу үшін әкелерді магнитті-резонансты тамографиядан өткізіп, ми жұмысын бақылаған. МРТ барысында ер адамдарға бөтен баланың, ересек адамдардың және ұлы мен қызының суреттері көрсетілген. Өз баласын көргенде мида белсенділік байқалған. Әсіресе, қуанып отырған қыздың суреті әкесіне ұлға қарағанда ерекше әсер еткен. Басқа жағдайда ұлы мен қызын көргенде мидағы белсенділік бірдей болған. Әзірге балалар өскен соң әкенің көңілі қандай болатыны белгісіз.
Мұхитта пластикті жоятын белгісіз микробтар бар
BioRxiv сервисі ұсынған зерттеу қорытындысында мұхит суындағы қалдықтардың жиналуы қалыптағыдан 10 есе төмен екені айтылған. Ғалымдардың айтуынша, оған белгісіз бактериялар әсер етуі мүмкін.
Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, пластиктің өндірісі мен қолданысы, артқанымен, мұхиттағы қалдықтар деңгейі төмендеген. Ғалымдар математикалық және компьютерлік модельдеу әдісін қолдана отырып қалдықтардың азаюына оны жоя алатын бактериялардың артуы әсер еткен деген пікірді ұсынды.
Мақалада теңіздегі қалдықтардың микробты құрылымы өзгеше екені айтылған. Бірақ нақты бактериялар әлі анықталмады. Авторлар пластикті жоя алатын бактериялардың болуы жақсы жаңалық емес деген пікірде. Себебі микробтардың қызметі мен қалдықтардың ұсақталған бөлшектері теңіздегі ірі организмдерге кесірін тигізуі мүмкін.
Ұйқы жетіспеушілігінен ми нейрондары жойылады
Ұйқы кезінде клеткалар нейрондар үшін қауіпті өнімдерді, оның ішінде бета-амилоидтарды жояды. Яғни, адамға ұйқы миды тазарту үшін керек. Италия биологтарының айтуынша, ұйқы жетіспеушілігінен бұл процесс жалғасып миға қажетті клеткалар да жойыла бастайды. Бұл туралы ғалымдар Journal of Neuroscience басылымында жазды.
Мидың «тазаруына» нерв жүйесінің қосалқы клеткалары қатысады. Микроглиальды жүйе ескі және зақымданған клеткаларды жояды. Ал астроциттер қажет емес синапстарды, нейрондар арасындағы керексіз байланыстарды бұзады.
Мақала авторлары зерттеу барысында жануарларды төрт топқа бөлген. Бірінші топ 6-8 сағат ұйықтаса, екінші топтың ұйқысы әдейі белгілі бір уақыт сайын бұзылып отырған. Үшінші топ бір тәулік, төртінші топ 5 күн бойы ұйықтамаған.
Зерттеу нәтижесінде 5 тәулік ұйықтамаған жануарларда астроциттер аса белсенділік танытып, синапстарды жейтіні байқалған. Яғни, ми «өз-өзін» жоя бастаған. Сонымен қатар бұл топта микроглияның, яғни, Альцгеймер мен баса да нейродегенеративті ауруларға ұшыратуы мүмкін клеткалардың белсенділігі артқан.
Оқу ми бөліктерінің байланысын арттырады
Оқу – күрделі когнитивті процесс. Оған символдарды қабылдау, мәтінді түсіну қызметтері қатысады. Ғалымдар оқу мидың бірнеше бөлігі арасындағы байланысты жақсартатынын анықтады. Осы күнге дейін кітап оқу тек мидың ішкі бөліктеріне – үлкен жарты шардың қабатына әсер ететіні белгілі болды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, мәтінді қабылдау мидың терең құрылымына да әсер етеді. Бұған Германия, Нидерланды, Үндістан ғалымдарының зерттетулері дәлел бола алады.
Бұл зерттеулердің біріне қатысушылар Роберт Харристің «Помпеи» романын оқыған. Тоғыз күннен кейін МРТ нейрондар арасындағы жаңа байланыстарды анықтаған.
Үндістанда жүргізілген зерттеуге 26-37 жас аралығындағы 30 тұрғын қатысқан. Олардың 28-і әйел, 2-і ер адам. ЮНЕСКО мәліметіне сенсек, мұнда халықтың сауаттылық деңгейі 81 пайызды құрайды. Сондай-ақ ерлердің 81 пайызы, әйелдердің 63 пайызы жазу жаза алады.
Зерттеуге қатысушылар көршілес екі ауылда тұрған және мүлдем оқи алмаған. Алты айдан кейін 21 адам хинди тілінде оқып үйренген. Ғалымдар МРТ арқылы олардың мидың терең құрылымдарының өзгергенін байқаған. Мақалада бұл процесс ақпараттарды сараптауға, оқыған материалдың ішінен қажеттісін әрі маңыздысын тез анықтауға көмектесетін ми бөлігінің жұмысын жақсартатыны айтылған.
Мақала авторларының айтуынша, зерттеу тек оқу механизмін түсіну үшін ғана маңызды емес. Сондай-ақ ол символдарды қабылдамау, сауатты жазуға қабілетсіздік (дислексия) секілді белгілері бар аурулардың неден пайда болатынын анықтауға көмектесе алады.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"