Тарихты адам жасайды. Егер өткен жылдың желтоқсан айында 90 жылдық тойын өткізген “Егемен Қазақстанның” тарихына көз жүгіртер болсақ, оның сарғайған беттерінен екі ғасырдың жақсы-жаманына куә болғаны өз алдына, сол уақыттың тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып, халық пен қоғам арасында дәнекер болып, қолынан қаламы түспей, бір мекемеде елу жыл тапжылмай қызмет жасаған басылым құрдасы Хайдар ағай Баймұхамедовті атамай, еске алмай кету әбестік болар. Оның үстіне өмірден көріп жүргеніміздей, қай мекемеде болмасын ұжым мүшелері арасында мінезімен, ақыл-парасатымен, адами қасиетімен ортасына сыйлы, ұрпақ жалғастығына қызмет жасаған жасы үлкен ағай, апайлар болады ғой. Міне, сондай аға буын мен жас буынды, әдемі дәстүрді жалғастырушы, әрі қара шаңырақта әр жылдары жұмыс істеген ардақты азаматтардың көзін көрген көнекөз, олардың аманатын, қасиет-пайымын жеткізуші, жазылған хаттай қариямыз да еді.
Хайдар ағай “СҚ-дағы” жарты ғасырлық қызметінің 30 жылында газеттің облыстардағы өкілі, құлағы мен көзі – меншікті тілшілер бөлімін басқарды. Әсіресе, бұл бөлімнің жұмысы Хайдекең басқарған тұста үлкен беделге ие болды. Өйткені, сол жылдары облыста небір марқасқа жігіттер жұмыс істеді. Қызылордадан “Иран шахы” атанған мінезі де, келбеті де көркем, байсалды, сөйте тұра қалжыңы мірдің оғындай Байжігіт аға Әбдіразақов, Көкшетаудан сал-серілердің соңғы тұяғындай арқыраған арқалы ақын Еркеш аға Ибраһим, тілшілердің “қара патшасы” атанған Шымкенттен аяулы Алтынбек аға Жолдасбеков, Маңғыстаудан бір жыл бұрын ғана 90-ға келгенін бәріміз атап өткен Саламат аға Хайдаров, Арқалықтан қай жерде де орынды әзіл-қалжыңы таусылмай, жұртты күлдіріп отыратын Сабыржан аға Шүкіров, Талдықорғаннан екі иығына екі кісі мінгендей алып ағамыз “полтара казақ” Сейдахмет аға Мұхаметшин, ол кезде Жезқазған облысында тілші, қысқа хабар жазудың шебері Өтеген ағай Жаппархан, Қостанайдан мінезге бай Байтұрсын Ілиясов, Оралдан Боранғали Ырзабаев, Гурьевтен Құмарғали Ғабдешев, т.б. әрқайсысының өз орны бар, “сен тұр, мен атайын” деген қаламы қарымды тілшілер, аптал азаматтар болды. Бір ғажабы, меншікті тілшілер жылына бір рет өтетін есеп беру семинар-кеңесіне келгенде редакция ұжымы елден туған бауырлары келгендей бір демалып, серпіліп, мәре-сәре күй кешетін. Сонда ғой, сол жігіттердің көбі қонақүйде емес, Хайдекеңнің үйіне тоқтайтын. Өйткені, бір облыста бір өздері жалғыз, ортасы, ұжымы жоқ тілшілер тек Хайдекең арқылы байланысып, редакциядағы барлық жаңалық, тапсырманы сол кісі арқылы естіп, білетін. Ол кезде бүгінгідей факс, электронды пошта, интернет дегеніңіз жоқ, кейде стенографистка Данабике, Мәриям, кейіннен Күлтай апай екеуіміз күніне 30-40 бет мақала алатын күндеріміз болған. Сонда сол материалдардың нөмірге баратынын және хатпен келіп түскен тілші мақалаларының артында жүріп газетке дер кезінде шығуын қадағалап, іздеушісі, сұраушысы болумен қатар, сол отбасының мүшелерінің тыныс-тіршілігін, жағдайын жасауға да атсалысып, қолдау көрсетіп отырған ағаларындай, әкелеріндей көретін. Ал жиналысқа келгенде жігіттер Хайдекеңнің аңғалдығын айтып, күліп отырары есімде қалыпты. Хайдекең тапсырма берерде әр тілшіге телефон шалып: “Ал, пәленше, алдымен бері қара” деп алып, тапсырмасын айта жөнелсе керек. Олар болса “Иә, Хайдеке, сіз жаққа қарап отырмыз” дейтін көрінеді.
Хайдар аға редакцияда қай кезде де абыройын, беделін түсірмеген адам. Қашанда бас редакторлар ол кісінің пікірімен санасатын. Ол басшыларға жақын жүргендігі емес, сенетіндігі еді. Сол қасиетінен шығар, редакцияда жұмыс істеп кеткен бұрынғы қызметкермен, үлкен адамдармен араласып, сыйласып өткен. Мәселен, Мұқан Иманжанов ол кісімен “Хайдарштейн” деп әзілдессе, Ғаділбек Омаровпен жақсы қарым-қатынаста болған, Ғайса Сармұрзинмен өмірінің соңғы күніне дейін бір адамдай достасып, сыйласқан. Ал Қасым Шәріпов кезекші болғанда қашанда жанына Хайдекеңді алып жүрсе керек.
– Әкем біздің мақтанышымыз болды, – деп еске алады бүгінде қызы, Республикалық медицина колледжінің жоғары санаттағы оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Меруерт Хайдарқызы, – ол кісі өте ұқыпты, талапшыл, балаларын қатаң ұстағанмен, мейірімді болатын. Әсіресе, немересі Әлияны қатты жақсы көрді, менің қаламымды жалғастырсын деп журналистика факультетіне түсірді. Онысын Әлия ақтады да. Университетті үздік бітіріп, “Фармация” журналында жауапты хатшы қызметін атқарды. Қазір екінші мамандығымен медколледжде ұстаз.
75 жасына дейін қызметке араласып, қолынан қаламы түспеген қаламгер Хайдар ағай 2003 жылы 83 жасында дүниеден озды. Бірақ, бір нәрсе анық, ол кісі басына түскен қиыншылықты ақылмен, сабырлылықпен жеңуге тырысып, қалған бар күш-жігерін артында қалған жалғыз қызы Меруерт пен немересі Әлияға арнады. Болмаса, 25 жастағы артында қалар тұяғым деп үміт күткен Қанаттан, одан кейін қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отырған адал жары, мейірімді ана Марғуба-Мәлайдан айрылып, одан кейін 20 жыл өмір сүруі жасы келген адамға оңай тимесе керек. Сондай кезде әкесінің қабағына қарап, анасының орнын алмастырып, алақанына салып бағып, өмірін арнаған Меруерт қызы мен күйеу баласы Серікке Хайдекең екі дүниеде риза болып кетті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.