• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Мамыр, 2017

Астанада Қазақстан мен Испания арасында саяси консультациялар өтті

124 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың және Испанияның Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Ильдефонсо Кастроның қатысуымен саяси консультациялардың кезекті раунды өтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Саяси консультациялар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығы аясында және екіжақты ынтымақтастықтың маңызды оқиғалары – Испания басшылығының «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мақсатындағы сапарлары қарсаңында өткізілді.

Астанадағы көрменің тақырыбын ескере отырып, Р. Василенко Испанияның баламалы энергетика саласындағы табыстарын атап өтті.

Испания – Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси әріптестерінің бірі және Қазақстанмен Стратегиялық әріптестік туралы шартқа (2009 ж.) қол қойған екінші еуропалық ел. 2016 жылы тауар айналымының көлемі 1,35 млрд долларды құрады.

Экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның және «Қазақстан-Испания» Іскерлік кеңесінің белсенді жұмыстары экономикалық және инвестициялық өзара әрекеттестікті барынша кеңейтуге ықпал етуде.

Тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын талқыға салып, түрлі салаларда шарттық-құқықтық базаны кеңейту қажеттігін белгілеп айтты.

Испанияның Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын, ең алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шеңберіндегі бастамасын құптады. Испанияның халықаралық аренада елімізге одан әрі қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.