-Біз қонақ үйлерімен ЭКСПО-ның өтуі барысында қызмет бағаларын көтермеу туралы меморандумға қол қойдық. Негізгі отельдер желісіне қатысты, яғни брендтік, әлемдік атауы: 4 немесе 5 жұлдызды қонақ үйлер. Ол жерлерде баға шарықтаған. Ал, астаналық қонақ үйлер бағаларын тұрақты ұстауда, - деді «Астана Конвенш Бюро» ЖШС директорының орынбасары Асқар Адамбеков.
Ол отельдер желісі – тұру нысаны ретінде бағаны реттеу саясатына бағынбайтынын айтады. Өйткені олардың әрқайсысында өз баға саясаты бар, соны ұстанады.
-Ондай жерлерде отельдерді басқару бағдарламасы бар. Адам саны көбейген сайын бағасы да қымбаттай береді. Егер адам саны аз болса, бөлме бағасы да төмен болады. Олардың құнының қойылуына осы отельдердің орталық кеңселерінде жүргізілетін сараптамалық зерттеулері әсер етеді. Содан кейін барып қана нарыққа сай тарифі бекітіледі, - деді «Астана Конвенш Бюро» директорының орынбасары.
Адамбековтің айтуынша, ЭКСПО қарсаңында отельдер желісі өз қызметтері үшін бағасын 20% қымбаттатқан. Ал, елорда қонақ үйлерінің бағасы еш өзгеріссіз қалады.
-Біз күнделікті бағаны бақылап отырамыз. Желілік отельдерде баға 20 пайызға өсті. Қазақстандық қонақ үйлер бір қалыпты ұстауда. Олар отельдерді басқару бағдарламаларын қолданбайды. Көбі бекітілген тариф бойынша жұмыс істейді, - дейді А.Адамбеков.
Бұған дейін Астана әкімдігінің медиа орталығы мамандандырылған халықаралық ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астанада қосымша 11 қонақ үй ашылатыны туралы хабарлаған болатын. Сонда барлығы 182 қонақ үй меймандарды қабылдайды. Қонақ үй қоры 13 мың жатын орынды құрайды.
ЭКСПО кезінде ең тиімді, қалтаны қақпайтын тұру орындары – хостелдер де жұмыс істейді. Бүгінгі таңда Астанада 45 хостел бар. Бағасы небәрі 5 мың теңгеден аспайды. Көрме кезінде хостелдер 3 мың орынды қамтамасыз етпек.