Түнгі сағат 04.00 шамасында шырт ұйқыда жатқан Ерланның желісіз телефонына біреу қоңырау шалды. Құс ұйқылы учаскелік инспектор жары, балалары оянып кетпесін деп, телефонын жедел алып, түймесін баса қойды. Ар жақтан «Степная көшесіндегі 5-үйде тұратын Юлия Головкомын, біздің үйге тез жетіңіз», деп сыбырлаған қыздың аптыққан дауысы естілді. Дабылды телефон қоңырауының тегін емес екенін сезді. Көз ілеспес шапшаңдықпен киінді де, дереу «Нива» машинасымен он минутқа жетпейтін уақытта әлгі үйдің маңайына жетіп келді. Бірақ дәл Головколардың үйіне тоқтамай, оған жетпей, араға екі үй салып тоқтады. Таңғы ұйқының кезі ғой, ауыл тып-тыныш, иттер де үрмейді. Головколардың үйіне келді, дәліздің шамы жанып тұр, қалғаны сөндірулі. Полиция капитаны формада болатын, бірақ тапаншасын тастап кетіпті. Іштей «әттеген-ай!» деді, бірақ шегінерге жол, тәуекелден басқа амал жоқ. Есікті ашып, үйге кірді, терезеден таңның бозғылтым жарығы түскен әлі қаракөлеңке төр бөлмеден әрі қарап тұрған ер адамның сұлбасын көрді. − Ер адамның оң қолында пышақ бар екенін байқап қалдым, жерде байланып жатқан екі әйелдің үстіне төніп тұр, − дейді Е.Таңжарықов. – Ойланып тұруға уақыт тығыз. Ол әскери самбо күресінің әдістеріне салды да, қылмыскердің қолынан пышағын ұшырып жіберіп, қолын қайырып, тырп еткізбей тұрып, аудан орталығынан көмекші күш шақырды. Жедел-тергеу тобы келгенше учаскелік инспектор қарақшының Рудный қаласының 21 жастағы тұрғынының, пробациялық бақылауда есепте тұрғанын анықтап та қойды. Ол түрмеден жақында ғана шығып келген, бұрын да осындай қарақшылығы үшін сотталған азамат екен. Головколардың үйінде апалы-сіңлі екі әйел, қызы және төсек тартып жатып қалған қарт анасы ғана тұратын. Үйде ер адамның жоқтығын пайдаланып, әйелдерден ақша талап еткен. Ойы бұзық адам үйге кіргенде, қызы Юлия ағаш төсектің астына тығылып үлгеріпті. Осы жолы Юлияның үйіне жасалған қарақшылықты учаскелік инспекторға хабарлаған ерлігінің өзі Ерланның тұрғындармен жүргізген тынымсыз жұмысының нәтижесі деуге болар. Калинин ауылдық округінде жергілікті полицейді тұрғындардың барлығы біледі. Ол округке қарасты елді мекендерді ерінбей аралап, оларға тәртіп сақтау туралы түсінік жұмыстарын жүргізіп, кетерінде аты-жөні, телефон нөмірі жазылған визиткалық карточкасын беретін. «Егер күтпеген оқиға болған жағдайда күн-түн демей маған хабарласыңыздар», дейтін. Юлия мектеп оқушысы болса да зеректікпен оның телефон нөмірін өзінің телефонына тіркеп қойған екен. Соның арқасында, қарақшының қанды шеңгелінен бір үйлі жан аман қалды. Сол күні түндегі бөрігуден енді босап отыра бергенде, Таран аудандық ішкі істер бөлімінен жедел ақпарат түсті. Таңжарықовқа балықшыларды құтқару ісі жедел тапсырылды. Ол Қаратомарға шұғыл жеткенде «ВАЗ-2113» маркалы машинасы мұздың ортасында тұр екен. Көктемге салым мұздың жұқарып қалған кезі, мұз үстінде көлікпен түгіл, жаяу жүрудің өзі аса сақтықты қажет етіп қалған кез. Ерлі-зайыпты балықшылар машинасын мұздан шығара алмай тұр екен. Учаскелік инспектор оны өзінің қызмет машинасына арқанмен байлап, жағаға тартып шығарды. Аяқ-қолдары үсіп кетуге сәл қалған балықшыларды Рудный қаласына дейін апарып салды. − Біздің Береговое ауылы Қаратомар су қоймасына жақын орналасқан. Жыл бойы оған балықшылар келеді. Егер біз кіріспегенде тал түсте балықшылар су үстінде қатып қалатын екен, − дейді Е.Таңжарықов. Кәбиса жылы ол осылай екі отбасын ажалдан аман алып қалды. Сол оқиғалардан кейін тұрғындар учаскелік инспекторға алғысын айтып, олар аудандық ішкі істер бөліміне хабарласқан. Өткен жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанда Е.Таңжарықовтың адал, патриоттық ісіне риза ауылдастары өзінен бұрын қуанды. Полицейдің ісі жеңіл емес. Ауылдарда екінің бірінде ұрлық болады. Учаскелік инспектордың соңына түсіп, ұрыны ұстамай қоймайтын табандылығын тұрғындар жақсы біледі. 2015 жылы жазда ауылдағы дүкенге ұры түсті. Ауыл дүкенінде дабыл беретін құрылғы дұрыс істей бермейді. Ұрылар соны пайдаланып, үптеп кеткен ғой. Ерлан дүкенге жақын жерден машинаның ізі мен шылымның қалдығын байқады. Әбден психолог болып алған инспектор «осы шылымды ұры шегуі әбден мүмкін» деп, машинаның ізіне түсіп берді. Шылымның тұқылын орап салып алды. Із полицейді бір үйдің қасына алып келді. Қақпадан үйге кіре берісте әлгі өзі тауып алған шылымның тұқылы тағы да алдынан шықты. Ұрылардың осы үйде екеніне оның күмәні қалмады. Олар дүкеннен жымқырған азық пен заттардың барлығы үйден табылды. Мұндай оқиғалар Е.Таңжарықовтың тәжірибесінде жиі кездеседі. Таран ауданына қарасты Береговое, Нагорное елді мекендері Рудный қаласына жақын болғандықтан, ауылға келетін келімсектер баршылық. Қала болған соң, онда қылмыс та, түрмеден шығып келетіндер де көп. Қаладан нәпақасын таппағандар жақын ауылдарға ығысып келіп, ұрлыққа да, басқа қылмысқа да даяр тұрады. Жыл сайын осы ауылдық округте ішкілікке салынған оншақты адам ерекше есепте тұрады. Олардың саны мұнан да көп болатын, инспектор жергілікті шаруашылық басшыларымен келісіп, оларды жұмысқа орналастырып, есептен алды. Е.Таңжарықов оқудан кейін Таран ауданына жас маман ретінде келген болатын. Өзінің болашақ жарын да осы құтты мекенінен тапты. Зайыбы Динара оның күн демей, түн демей жүгіретін қиын жұмысын жақсы түсінеді. Кейде түн ортасында, кейде таң ата жұбайының шығып кеткенін сезбей де қалады. Қауіпті де қиын оқиғалар туралы өзіне кейін айтып бергенде ғана уайымдап жүретіні бар. Жас отбасында балалары өсіп келеді. Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінде облыс полициясының музейі жұмыс істейді. «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан Ерлан Таңжарықовтың суреті музейдегі ерлік істері үшін ел мақтанышына айналған әріптестерінің қатарын толықтыра түсті.
Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»
Қостанай