• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Маусым, 2017

Таразда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шеру өтті

623 рет
көрсетілді

1 маусым – Балаларды қорғаудың Халықаралық күніне орай Тараз қаласында балалар және жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті.

«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру жағдайында рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие факторы ретінде балалар мен жастардың орындаушылық шеберліктерін қолдау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған шеруге Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарының оқушылары мен қосымша білім беру, сондай-ақ орта білім беру мекемелерінің педагогтері, Оңтүстік әскери округ қызметкерлері мен жергілікті жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Мерекеге орай ұйымдастырылған шеру Тараз қаласы Төле би көшесінің бойымен «Достық» алаңына өтті. Бұдан кейін шеруге барлығы 2144 адам мен құрамында 100 адамнан кем емес 94 шығармашылық ұжым қатысып, шеру қораптарында балалар және жастар музыкалық ансамбльдері, халық аспаптары оркестрлері, үрмелі аспаптар, ішекті-ысқылы аспаптар, барабаншылар, бишілер, сондай-ақ басқа да музыкалық ұжымдардың түрлерімен қатар, мажореткалар мен черлидерлер өнер көрсетті.

Шеруге қатысушылардың киім формасы да бірдейлендіріліп, шағын формадағы ерекше шығармалар орындалды. Мәселен жиналған көпшілік Моцарттың, Брамстың, Руновтың классикалық формадағы шығармаларын тыңдады. Сондай-ақ, Латиф Хамидидің «Амангелді маршы», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» туындылары да орындалды. Сонымен қатар, заманауи өңдеулердегі вальстер, марштар мен полькалар да халыққа жол тартты.

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев орталық «Достық» алаңына жиналған жамбылдықтарды 1 маусым – Балаларды қорғаудың Халықаралық күнімен құттықтап, өзінің игі тілегін жеткізді. Өз кезегінде шеруге қатысушылар қорап ішіндегі музыкалық ансамбльдің орындаған музыкасына сәйкес үйлесімді түрде би билеп, ән айтып, бірдей қимылдау арқылы көпшілікке жақсы әсер қалдырды. Ал шеру «Достық» алаңында барлық білім беру мекемелерінің салтанатты дефилесімен аяқталды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»                                           

Жамбыл облысы