• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Маусым, 2017

Балалар күніндегі қайырымдылық шарасы

620 рет
көрсетілді

1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының қолдауымен аталмыш қоғамның Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалының ғимаратында «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» қайрымдылық іс-шарасын өткізді.

Оқушыларды әрдайым сабақты жақсы оқуға ынталандырып, үздік болуға жігерлендіру мақсатында ұйымдастырылған салтанатты жиында «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамы басқарма төрайымы Гүлнас Ахметова оқушыларды айтулы мерекемен құттықтап, тәуелсіз елдің ертеңгі иесі болатын жеткіншектерге түсіністік пен келісім орнаған бақытты елде өмір сүріп жатқандығының өзі баға жетпес байлық екендігін атап өтті. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  ертеңгі ел тірегі болатын жеткіншектердің өмірі жарқын, келешегі кемел болуы үшін барлық жағдайды қарастырған қамқорлығына жан-жақты тоқталды.

№6 гимназияның бастауыш және орта буын сыныбында оқитын 30 оқушы қатысқан мерекелік жиында үздік оқушыларға «Нұр Отан» партиясының арнайы сыйлықтары беріліп, бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. 

Өз кезегінде «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ директоры Раиса Сәдуақасова да: «Сабақты жақсы оқу үшін сендерге барлық жағдай жасалған. Сабақты жақсы оқыңдар. Бір-біріңе мейрімділік пен қолдау көрсетіңіздер», – деген ізгі тілегін білдіріп, жеткіншектерге жалаушалар, театрға билеттер мен  сыйлықтар ұсынды.

Алматы қаласы Әуезов ауданы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров салтанатты жиын барысында үлкендердің қамқорлығын үнемі қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлуді еске салатын маңызды мерекенің қатысушыларын құттықтап, партия қызметі, Елбасының қолдауымен өскелең ұрпақтың оқып, білім алуына  жасалған ерекше қамқорлығына жан-жақты тоқталды.

Жеткіншектер мен олардың ата-аналары қым-қуыт сапырылысқан жұмысбастылыққа қарамастан, балалар күніне арнап осы шараны ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамы басқарма басшылығына, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Алматы қаласы бойынша ПҚБАИ ұжымына алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірісті.

Мира Байбек,

«Егемен Қазақстан»

Алматы