«Халықаралық балаларды қорғау күнін кең мерекелеу жыл сайын жалғасып келе жатқан дәстүріміз десек болады. Мерекелеу қарсаңында түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бұл ретте Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті қауіпсіздік шараларын қолға алып жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар, ол комитет тарапынан атқарылып жатқан бірқатар істерді атап, «ата-аналар үшін жарнамалар таратылатынын, түрлі жиындар болатынын, әлеуметтік желілер арқылы нұсқаулықтар таратылатынын, балалар үшін интерактивті сабақтар өткізілетіндігін, әртүрлі экскурсия ұйымдастырылатынын, ашық есік күндері жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.
Спикердің сөзінше баланың бас амандығына ең бірінші оның ата-анасы жауапкершілікпен қараған жөн.
«Қанша жерден сақтық шараларын іске асырғанымызбен балалардың қатысуымен түрлі төтенше жағдайлар орын алып жатқаны өкінішті. Статистикалық сандарға жүгінетін болсақ, биыл Республика бойынша 52 адамның ішінен 27 бала суға батып кеткен. Бұндай жағдайлар көбінесе азаматтар мен ата-аналардың өз балаларына салғырт қарау себебінен туындайды», - деген Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі балаларды үнемі қорғап жүруге шақырды.