Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының шақыруымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары «Kinopark 7 IMAX 3D» кинотеатрында «Қауырсынды үштік» анимациялық фильмін тегін тамашалады. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараға 50-ге тарта жеткіншек қатысты.
Балалар кинода Ричард торғай, Ольга үкі мен Кики тотықұсы туралы мультфильмін көріп қана қоймай, тәттілерден тұратын тосын сыйға ие болды. Көрсетілімнен жақсы әсер алып шыққан балғын көрермендер қайырымдылық, достық пен татулық туралы фильмдерді тамашалауды жақсы көретіндіктерін айтты. Фильмнен кейін балалар Ұлттық музейде болып, туған ел тарихы мен мәдениетіне экскурсия жасады. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі, режиссер Талғат Теменовтің «Бибол» атты көркем фильмінің тұсаукесерін өткізді. Фильм желісі Бибол есімді ерекше бала мен музыкант Қасымхан қария туралы әсерлі оқиғамен өрнектелген.
«Егемен-ақпарат»