• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Маусым, 2017

Ашықтық қолжетімділікті қамтамасыз етеді

139 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 94, 95 және 96-қадамдарын орындау шеңберінде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның іске асырылу барысы туралы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Мәулен Әшімбаев жетекшілік еткен отырысқа Мәжі­ліс депутаттары мен мемлекеттік ор­ган­дардың, халықаралық ұйым­дардың және қоғамдық бірлес­тіктердің өкілдері қатысты.  Ақпаратқа қол жеткізу, «Ашық үкіметті» енгізу және «Ақпа­ратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру мәселелері қаралып, тал­қыланған басқосуда Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайында баяндады. Ол өз баяндамасында бүгінгі таңда министрлік мемлекеттік органдарды және халықты техникалық және ақ­па­рат­тық қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ал Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко Бас прокуратурада ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің жай-күйі туралы хабардар етті.  Сонымен қатар, Эстонияның Дерек­тер­ді қорғау жөніндегі мем­лекеттік инс­пекциясының бас директоры Вильяр Пеэп Эстонияның ақпаратқа қол жеткізу туралы заң­на­масының сақталуын тәуелсіз қада­ғалау жөніндегі жұмыс нәти­желерін ұсынды.  Орайы келгенде сөз алған үкі­меттік емес ұйымдарының өкілдері дөңгелек үстелге қатысушылардың назарын ақпаратқа қол жеткізу бойынша практикалық эксперимент нәтижелеріне аударды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары болса, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң елімізді одан әрі демократияландыру, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін маңызды құжат болып табылатындығына тоқталды. Жиынды қорытындылаған комитет төрағасы М.Әшімбаев қаралып отыр­ған мәселенің жан-жақты әрі нақты талқыланғанын атап өтіп, «Ақпаратқа қол жеткізу ту­ралы» Заңды іске асыру бойын­ша мемлекеттік органдардың жұ­мы­­сында бірқатар кемшіліктер бар екен­дігін ескертті. Сондықтан да сын­­дарлы ескертулер мен ұсы­­ныс­тарды мемлекеттік ор­ган­дардың ескеруі қажеттігі айтылды.

Нұрлыбек Досыбай, «Егемен Қазақстан»