• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2017

Қазақстанның сыртқы саясаттағы өрісі кең

231 рет
көрсетілді

Қазақстанның  әлемдегі ең ірі де беделді халықаралық саяси бірлестік – БҰҰ-ға мүше болған небәрі 25 жыл ішінде оның ең басты атқарушы саяси ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы еліміздің сыртқы саясатындағы басты жетістіктердің бірі екені анық.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайлануы барысында Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 58 елге берілетін бір орынға сыртқы саясатта белсенді қызметімен үнемі ұмтылыстағы Таиланд Корольдігімен бәсекелес болды. Нәтижесінде, Қазақстан кандидатурасын дауыс беруге қатысқан БҰҰ-ға мүше 193 елдің 138 қолдауы да көп нәрсені аңғартса керек.  Біздің еліміз – БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өкілетті маңызды саяси ұйымға Орталық Азиядан мүше болып сайланған тұңғыш мемлекет. Жал­пы, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып бірде-бір рет сайланбаған әлі де 70-ке тарта мемлекет бар. Сондықтан, біздің еліміздің осынау беделді  ұйымға мүше болып сайлануын Қазақстанның өскелең, тегеурінді жас дипломатиялық мектебінің көрнекті табысы деп қабылдағанымыз дұрыс. БҰҰ-дағы, оның құрылымдарындағы, өзге де халықаралық ұйымдардағы сыртқы саясаттың небір көкжалдарымен жұмыс істеу, олармен пікір таластырып, өз ұстанымыңды қорғап, оған иландыру үлкен өнер әрі ғылым екені анық.  Қазақстан Президенті БҰҰ-ның қызметіне конструктивті сын көзімен қарап, оның жұмысын жетілдіру қажет­тігін әуел бастан-ақ айтып келеді. Н.На­зар­баев БҰҰ-ның 2007 жылғы 62-ші сессиясында жариялаған мына мәлімдемесін оқырманның жадына салуды жөн көріп тұрмыз: «Қазақстан БҰҰ-ның рөлі мен беделін көтеруге әзір мемлекеттермен ын­тымақтастықты қуат­тайды. Біздің көз­қарасымыз бойынша, Қауіпсіздік Кеңе­сінің кеңейтілуі тұрақты мүшелер сияқты, тұрақты емес мүшелер желісі арқылы да жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен бірге, ол – әділ  географиялық қатысушылық пен мемлекеттік егемендік теңдігін құрмет­теу арқылы жүзеге асы­рылуға тиіс. Рефор­ма, сондай-ақ, оның транспарент­тілігі мен есепті бағы­ныш­тылы­ғын арттыру мақсатында Қауіпсіз­дік Кеңесінің жұмыс әдістерін де қамтуы тиіс». Елбасының бұл сөзінен БҰҰ, оның Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысы туралы еліміздің әуелден өзіндік ұстанымы, қалыптасқан көзқарасы бар екенін аңғарамыз. Қауіпсіздік Кеңесі әлемдік бейбітші­лік пен қауіпсіздікке төнер қауіп-қатерді анықтап, оған саяси баға беріп, нақты шешімдер қабылдайды. Бүгінде БҰҰ осы Кеңестің шешімімен әлемде бейбітшілікті сақтау жөнінен 16 операция жүргізуде. Жалпы, Кеңес шешімімен БҰҰ өзі құрылған кезден бері 69 бітімгерлік операциясын жүзеге асырды...  Еліміздің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту үшін сыртқы саясатта өзінің алдына қойған нақты мақсаттары мен басымдықтары бар. Қазақстанның халықаралық саясаттағы түбегейлі ұлттық мақсаттары айқын, ашық әрі кең өріске ие. Алдымен оның тұғырлы негізін Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі және антиядролық, антитеррорлық басқа да бастамалары құрайды.  Әрине, Қазақстанға Қауіпсіздік Кеңе­сіне мүше болу мүмкіндігі жайдан-жай беріле салған жоқ. Бұл арада бірінші кезекте еліміздің халықаралық саясатта өз жолы, өз ұстанымы, пайым-тұжы­рымы бар екені әлдеқашан дәлел­ден­гені, тәжірибелі ойыншы ретіндегі рөлі ескерілгені анық. Соның ең бір шыр­қау биігі де, мәртебелі дәлелі де Қазақ­станның 2010 жылы азиялық, түркі елі бола тұра Еуропаның жетекші ұйымы – ЕҚЫҰ-да төрағалық етуі. Сол жыл­ғы 1 желтоқсанда оның Астана Сам­митіне 56 мүше мемлекеттен, БҰҰ, НАТО, ТМД секілді халықаралық ұйым­дар­дан және басқа серіктес мемлекеттерден 2,5 мың делегаттың келуі, оның жұмысын жариялауға, көрсетуге БАҚ-тың 1,5 мыңнан астам өкілінің қатысуы, жұмысының табысты аяқталып, ұйым жұмысына қан жүгірткен «Астана декларациясының» қабылдануы, соның нәтижесінде «Астана рухы» сенім, келісім, өзара түсіністік рәмізіне айналып, дипломатия лексиконына түбегейлі енуі көңілді марқайтпай қоймайды. Сонымен қатар, еліміздің сыртқы саясат­тағы қызметі Елбасының бітім­гер­шілік бастамаларымен де танылуда. Басқасын былай қойғанда, Сирия дағдарысын оңтайландыруға қатыс­ты келіссөздердің Астанада ұйым­дас­ты­ры­лу­ын ерекше атап өтуге болады. Әлем наза­рын аударған осынау келіссөздерге Астана үнқатысу алаңын ұсына отырып, бейбітшіліктің шынайы жақтаушысы екенін паш етті. Қорыта айтқанда, іргелі халықаралық ұйымдармен әрекеттесу шеңберінде еліміздің өз мүмкіндіктерін көрсете оты­рып, түйткілді мәселелерді шешуге қатысты игі бастамаларын әлем­дік деңгейде күн тәртібіне шығара білуі Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы жемісті жолын көрсетеді.