Саудияның SPA ақпараттық агенттігі хабарлағандай, Эр-Рияд Катармен арадағы шекараны жауып, жердегі, теңіздегі және әуе қатынастарының бәрін үзді. Осылайша Доханы айтарлықтай оқшаулап тастады. Агенттік сөзін келтірген сауд үкіметі өкілінің айтуынша, бұл қадамдар елдің ұлттық мүддесін терроризм мен экстремизм қауіптерінен қорғау мақсатында жасалып отыр.
ВВС бұл жағдайды Парсы шығанағындағы ықпалды және АҚШ-пен одақтас елдер арасындағы аса ірі текетірес деп бағалайды.
Бұдан екі апта бұрын аталған төрт ел Катардың ақпарат сайттарын бұғаттап тастаған болатын. Ол кезде интернетте Катар әмірі Шейх Тамим бин Хамад әл-Танидың Сауд Арабиясын сынағаны туралы материалдар пайда болған-ды. Алайда, Катар өкіметі оларды жалған деп мәлімдеді.
Ал қазіргі оқиғалар мынадай.
Біріккен Араб әмірліктері Катар дипломаттарына елден кетуге 48 сағат берді. Әбу-Даби Доханы терроризмді, экстремизмді және сектанттық ұйымдарды қолдап, қаржылай көмек береді деген айып тағады деп хабарлады WAM ақпарат агенттігі. БАӘ-нің мемлекеттік Etihad Airways әуе компаниясы жергілікті уақыт бойынша сейсенбі сағат 02:45-тен бастап Дохаға рейстердің бәрін тоқтататынын хабарлады. Бахрейннің үкіметтік ақпарат агенттігі елдің ішкі ісіне араласып, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғаны үшін Бахрейннің Дохамен арадағы байланыстарды үзетінін хабарлады. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сиднейде сөйлеген сөзінде мәселелерді диалог арқылы шешуге шақырды. Катар Йеменде Хуту көтерілісшілерімен соғысып жатқан Сауд Арабиясы бастаған коалиция құрамынан да шығарылды. Өйткені, SPA агенттігінің хабары бойынша, альянс Катарды терроризмді күшейтетін әдістерді қолданады және әл-Каида, ДАИШ сияқты топтарды қолдайды, сонымен қатар жасақшылармен байланыс жасайды деп айыптайды.Катар өкіметінен бұл ахуалға қатысты әзірге ресми жауап болған жоқ. Катар 2022 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізуі тиіс деп еске салады ВВС.