Қоғамда үлкен серпіліс туғызып, қызу талқыланып жатқан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы еліміз үшін жаңа кезеңге ауқымды жол ашып отыр. Расында, ХХІ ғасырда кескін-келбетімізді сақтап, ұлттық мәдениет, тарихи жадыны жаңғырту еліміздің рухани өмірінде адастырмайтын темірқазық іспетті бағдар екені белгілі.
Мақаланың мазмұны еліміздің рухани қазынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түгендеуге толайым табыс әкелген «Мәдени мұра», «Халық − тарих толқынында» сынды бағдарламалармен сабақтасып, Елбасының Ұлытауда берген сұхбатымен, Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөзімен және «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабымен үндес шықты.
Рухани жаңғыру, бұл – өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз, баянды болашағымыздың үйлесімді тоғысы. Бұл тоғысу – тарих, тұлға және туған жердің жарасымы арқылы баянды болмақ.
Тарихты тұлғалар жасайды деген түсінік бар. Тарих дегеніміз, түптеп келгенде, туған жерге табанын тіреген, оған қорған болған толағай тұлғалардың тағдыры. Ұлы даланың қаһармандық тарихы эпикалық сананы, ғажайып дастандарды тудырды. Жыр-дастандарымызда бас кейіпкер әдетте батыр болады, ол туған жерін қорғап даңқы шығады, атажұрты үшін арпалысады. Сондықтан, қасиетті туған жер – тұлғаның темірқазығы.
Ғұндар заманынан жеткен әйгілі аңызда Мөде қағанның ұлтарақтай жерін дұшпанға бермей, туған топырағын қорғап қалғаны мадақталады. Бұл туралы Елбасы ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында: «Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Бағзы тарихымыздың бастауында тұрған заңғар қаған Мөденің арам пиғылды аяр жауға тұлпарын, Жаратқан қосқан жұбайын да ел тыныштығы үшін қиғанымен, кіндік қаны тамған жерін бермей, қаскөй жаумен қырғын соғысқа түсіп, жеңіске жетуі – қанымыз бен жанымыздағы халықтық қасиет, өмірлік өсиет» деп жазған еді.
Осы өміршең өзектен бастау алатын эпикалық дәстүр, сананы сілкіндірген сарын, жыраулық код кешегі Сүйінбай, Жамбыл ақындар жырлаған батырлар жырына дейін ұласып келді. Мәселен, Сүйінбай көзі көрген Сұраншы мен Саурықты елін, жерін қорғаған ғажап сипаттағы ерлер етіп, эпикалық өрнекпен асқақтатады. Осылайша ақын-жыраулар «туған жерге туын тіккен» ерлерін ел жадында мәңгі жаңғыртып, эпикалық кеңістікке көтерді. Сондықтан, Йолықтегін жырлаған Күлтегін мен Жамбыл жырлаған Сұраншы, Өтегенге дейінгі батырлардың бейнесі бір-біріне ұқсас. Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған киелі бөрі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып көтеріледі, Шалкиіз бен Мөңкеде көкжалды бастайтын абадан тұлғасында сомдалады. Осылайша қасиетті ұғымдар алыс ғасырлардан жетсе де, бір-бірінен шалғай өңірлерде жырланса да үндес, сарындас келеді. Себебі, абыз жырау мен батыр бабаның – тұлғаның арман, мақсаты ортақ, олардың мұраты – туған жерді қорғау, елді жерұйық мекенге қоныстандыру, «қой үстіне бозторғай жұрмыртқалаған» ғажайып заманға жеткізу.
Дүниеде тарихты жасаушы ұлттар болады, жазатын ұлттар болады. Түркі жұрты тарихты жасаған, сонымен бірге өз тарихын тасқа қашап жазған кемел ел. Даңқты бабаларымыз Мәңгілік ел арман-аңсарын мәңгі тасқа қашап қалдырған, туған жердің әр тасына қаһармандық тарихын бәдіздеп жазып, оюмен өрнектеген ойшыл халық. Осылайша Байқалдан Балқанға дейінгі байтақ қоныстың әрбір тасы таңбаланып паспортталған, оны көзінің қарашығындай сақтаған бабалар аманаты бізге ұласқан.
Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, керісінше, тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Лидердің ерекше харизмасы туралы «Құтты біліктен»: «Бөрі бастаса қойлар да ұлиды, қой бастаса бөрілер де құриды» деген аталы сөз қалған, бұл түркі жұртына кең таралған байырғы тәмсіл. Мұны біз терең тарихымыздың тағылымынан жақсы білеміз. Әрбір дәуір тудырған дарабоз тұлға ұлы дала тарихын жаңа белеске көтеріп отырды. Көшпелі қоғам өзінің көшбасшы жетекшілерінің артынан ерді. Сол себепті түркі тарихын ілгері сүйреп, дәуір доңғалағын алға жылжытқан қадау-қадау тұлғасыз тұтас тарихты тану қиын. Абай «Единица болмаса, не істейді өңкей нөл» дегенде осыны меңзесе керек.
Тұлға мен туған жердің тоғысқан жерінен кие басталады. Туған жер мен тұлғаны жалғастырушы – ел мен жердің шежіресі. Шежіре – өткен аруақты бүгінгі ұрпақпен сабақтастырушы киелі ата тарих. Жазушы Габриэль Гарсиа Маркес «Адам мен жерді туыстырып тұрған аруақ» деген пайымын бекер айтпаған.
Елбасы Ұлытаудағы Әулиебұлақта берген сұхбатында Қазақ елінің төрт тарап, сегіз қиырын қасиетті қақпа секілді киелі жерлер қоршап тұрғаны туралы былай деген еді: «Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр».
Бабалар «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан ұлы төріміз» деп Ұлы даланың тұтастығын орда бейнесінде суреттеген. Төрт тарабын қазақтар мекендеп отырған асқақ Алтай – түгел түркінің алтын тағы, Әзірет қонған Қаратау мен Қожа Ахмет Ясауи тыным тапқан Түркістан – мұсылман әлемінің ұлы төрі, Қорқыт атаның құтты қонысы Сыр бойы – оғыз жұртының ордалы ошағы, Ұлытау – дәшті қыпшақтың кіндігі, Сарайшық – Алтын орданың босағасы іспетті. Сондықтан, Алаштың аймаңдай ақыны Мағжан Жұмабайұлы «Көп түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» деп тап басып жырлағандай, қасиетті Қазақ жері ордалы оғыз-қыпшақтың, алты сан алаштың ата жұрты, арғы-бергі тарлан тарихтың куәгері болып шығады.
Атамекен эпикалық санада айшықталады, туған жер қанымыздың түйіршігінде, жанымыздың түкпірінде, тарихи санамыз бен таным-түйсігіміздің терең қатпарында қатталады. Бұл тұрғыдан алғанда, туған жер тұрған жермен өлшенбейді. «Балқан, Балқан, Балқан тау, о да біздің барған тау», «Қызын – Қырымға, ұлын Ұрымға қондырды» секілді тұспалды ұғымдар, сырлы сөз орамдары тарихи жадының сергектігін, көшпелі қауымның географиялық кеңістік туралы ұғымының байтақтығын көрсетеді. Жерұйықты ғұндар іздеді, қасиетті Өтүкенді көк түркілер мекендеді, Жиделі-байсынды Қазақ ордасы аңсар етті. Әйгілі «Манас» жырында «Қаңғай, Қаңғай, Қаңғай деп, Қаңғайлаған ұран бар, Алтай, Алтай, Алтай деп, Алтайлаған ұран бар» дейді. Осылайша жыршы түрктің түпмекені Өтүкен – Қаңғайды жырлайды, Орхон дариясының толқынында жүзіп жүрген балықтарды суреттейді. Міне, тарихи таным, жыршыға код арқылы ұласқан терең түсінік. Ендеше, киелі жерлер Қазақстанмен шектелмейді, қастерлі мекендер ел шекарасымен тұйықталып қалмайды.
Ата тарих, шежірелі эпос, қасиетті жерлер – ұрпаққа ұдайы күш беретін шуақты энергияның қуатты көзі. Мұны миф дейміз, кие дейміз, дәстүр сабақтастығы дейміз. Ұрпақ санасына «Ашина», «Ергенеқон», «Қорқыт» секілді аңыздар таралып, бүгінгі ұрпақпен үйлесімді үндесіп, түркі тарихын дүр сілкінтіп тұр. Мәселен, Қорқыт қаншама алыс жұрттарды аралап кеткен қадым заманның қария кейіпкері. Бірақ оның ардақты аты аталғанда Алтайдан Анадолыға дейінгі жайылған түркі жұртының жүрегі дір етіп, бір сәтте басы бірігіп, бауыр болатыны анық. Міне, код, ұран деген осынау тірі тарих. Ендеше, адамзаттың ақыл-ой қазынасына олжа салып, әлемдік өркениетке үлкен үлесін қосқан Ұлы даланың асыл мұраларын қайта зерделеу тұрғысынан рухани жаңғырудың маңызы да айрықша екені анық.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ