• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Маусым, 2017

Есеп жүргізу жаңғырады

160 рет
көрсетілді

Жаңғыртудың үшінші кезеңін жүзеге асыру барысында еліміздің статистика саласына да бірқатар өзгерістер енгізіліп, жұмысы жетілдіріле түспек. Бұл туралы кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен «Мемлекеттік статистика және есеп жүргізу әдістемесін жетілдіру туралы» брифингте айтылды.

Баспасөз мәжілісіне Ұлт­тық экономика бірінші вице-ми­нистрі Руслан Дәленов және Статистика комитетінің төр­ағасы Нұрболат Айдапкелов  қатысты.

«Жарияланған жаңғыр­ту­дың үшінші кезеңі жаңа жоғары технологиялық саланы, барлық жерде инновацияларды қолдануды білдіреді. Цифрлы экономика дамиды, бұл жаһандық үрдіс. Және «жаңа экономика» статистиканы айналып өтпеуі тиіс. Сондықтан біз әдістемені заманауи халықаралық тәжірибе негізінде жетілдірудеміз. Со­нымен қатар статистика сай­тында жаңа «3.0 Жаңғырту»  бөлімін ашамыз. Статистика Қа­зақ­станның үшінші жаңғыр­тылуын есептейтін болады», деді Р.Дәленов.

Вице-министр статис­ти­ка­ның ағымдағы жұмыстары да қайта жаңартылатынын атап өтті. Сондай-ақ, енді цифр­ларды тұрақты негізде жан-жақты түсіндіріп, қосым­ша есеп әдістемесі де айтыл­мақ. Сонымен қатар, статисти­ка сайтындағы барлық әдісте­ме­лер көрсеткіштердің қалай есеп­телетінін мысалдар арқылы ашып көрсететін болады. Бұл үшін көрнекілік то­лық есеппен арнайы айдар ашылмақ, бұл арқылы сенім­ділік пен кері байланыс артады деп көзделуде.

«Біз статистиканың әдіс­те­месін жетілдіру үшін онлайн алаңы арқылы жаңа қарым-қатынас форматын дамытуға дайынбыз. Журналистерді, эко­номистерді, қоғамды, азаматтарды талқылауларға белсенді қатысуға шақырамыз», деді вице-министр.

Сөйтіп сайт барынша жа­ңар­тылып, оның мобильдік қосым­шасы жасалмақ. Статис­тика сайтында сондай-ақ халық санын есептеуші, басқа да өзекті деректерді есептеуші, инфографика сияқты қызықты айдарлар пайда болады.

Қазақстанда цифрлы технологиялар мен интернетті қолдану арқылы құрылатын эко­но­микалық қатынастар ауқы­мы ұлғайып келеді. Мы­сал­ға, қазақстандықтардың ара­сын­да ұялы байланысты  пай­да­ла­нушылар саны − 97 пай­ызға, интернет пайдалану­шылар саны 77 пайызға жеткен.

«Интернет арқылы жасалатын сатылымдар көбейді, онлайн-фильмдер көретін, электронды кітаптар оқитын, смартфондарына түрлі қосымшалар жүктейтін адамдар қатары артты», деді Р.Дәленов.

Ал қазіргі күні ірі халық­ара­лық ұйымдар қазақстандық статистиканың деңгейін жоға­ры бағалайды. Бұл туралы Ста­тистика комитетінің төр­аға­сы Нұрболат Айдапкелов мәлім­деді.

Статистикалық ақпараттың дұрыстығы өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Статис­ти­калық тәжірибеде «жаһан­дық бағалау» ұғымы бар. Қазақ­стандық статистика жүргізіле бастаған кезеңнен бері осындай бағалау жұмыстары елімізде үш рет – 2003,  2008 және 2016 жылдары жүргізілген.

«2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында бізді үш ірі халықаралық ұйым – БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, Еуростат және Еркін сауда қауымдастығы бағалады. Соның нәтижесінде олар қазақстандық статистикада елеулі ілгерілеудің бар екенін айқындап, бізге Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы атауын беріп, әдістеме бойынша тәжірибемен бөлісуге шақырды», деді Н.Айдапкелов. Жалпы, комитет төрағасының айтуынша, статистиканы 5 000-ға жуық көрсеткіш қалыптастырады. Еліміздің Статистика комитетіне есептер онлайн режімде және қағаз түрінде келіп түседі, комитет мамандары келген ақпараттарға талдау жасап, қажет болған жағдайда олардың дұрыстығын қайта тексереді.

Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»