Осыдан тура бір жыл бұрын, 2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында орын алған террорлық сипаттағы акт еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын бұзғысы келгенімен, ниеті бұзық арам ниетті қарулы қарақшылардың зымиян ойлары жүзеге аспады. Бұл оқыс жағдай тек ақтөбеліктер ғана емес, барша Қазақстан халқы үшін ырыс пен ынтымақты, бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтай білудің қаншалықты қажет, қаншалықты қымбат екендігін ұғындырып беріп кеткені анық. Әдеттегі күндерде адамзат баласы тыныш өмір мен бейбітшіліктің бағасын, оның қадір-қасиетін терең түйсініп, сезіне бермейді. Ақтөбеде орын алған терактіден кейін барша қазақстандық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің ең басты құндылық екенін тереңірек сезіне түскені анық. Бұдан алынатын басты сабақ та осындай өміршең ойға табан тірей алады.
Сондай-ақ, өмір өкінішсіз де болмайды. «Бойларын діни экстремизмнің уыты жайлаған қарулы қарақшылармен қақтығыс кезінде өмірінің соңғы сәтіне дейін өздеріне тапсырылған істі адал атқара білген бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілердің мерт болуы – орны толмайтын үлкен өкініш. Біз олардың өмірлері егемен еліміздің нығаюы мен қалыптасуы жолында қиылды деп есептеуіміз керек. Бейбіт күнде өз жұмыстарын адал атқарып жатқан бейкүнә азаматтардың өмірлерін ойран еткен қаныпезерлердің көздеген арам ойы елдігіміздің еңсесін түсіру болғанына күмән келтіре алмаймын. Жазықсыз құрбан болғандар – егемен еліміздің адал перзенттері. Олардың есімдері ұмытылуға тиісті емес. Олар біздің намыстарын ту етіп ұстай білген ержүрек батырларымыз», – деді газет тілшісіне есімі елге танымал азамат, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев.
Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда өткен жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында лаңкестердің салған лаңынан алынатын сабақты барынша ескерудің қажеттілігі талас туғызбайды. Соның ішінде республиканың Қарулы Күштері сапына кіретін әскери бөлімшелер мен құрылымдарда ішкі режімге сәйкес қызмет атқаратын сарбаздарды ұдайы әрі үздіксіз қаруландырудың қажеттілігі талас туғызбайды. Айталық, сол күні Ақтөбе қаласындағы «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, сатушы Андрей Максименконы пышақтап өлтіріп, 17 мылтық пен 3 газ тапаншасын олжалаған қарақшылар содан кейін облыс орталығындағы Ұлттық ұланның 6655 бөлімі аумағының кіреберіс қақпасын автобуспен бұзып кіргені белгілі. Бұдан кейінгі кезде экстремистердің қолынан үш әскери қызметші қаза тауып, алтауы жараланған еді. Сол оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қаза тапқан әскери қызметшілердің қолында қару болмағанын атап көрсеткен болатын. Ендеше, бұдан алынатын сабақ, жоғарыда айтылғандай, ішкі режімге сәйкес қызмет атқаратын сарбаздардың қырағылығын одан әрі күшейту болмақ.
Біз кеше «Паллада» қару-жарақ дүкені маңында лаңкестермен болған қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан «Жедел күзет» ЖШС жеке күзет ұйымының қызметкері Мерхан Тәжібаевтың отбасына арнайы барып, асыл азаматтың әкесі, бұрынғы әскери қызметкер Есенбай Тәжібаевқа жолығып, баласы жөнінде бір-екі ауыз әкелік еске алу сөзін айтып беруін өтінген едік. Ол кісі сәл күйзеліп, қамығып отырғандай болды да, бір сәтте серпіліп, сілкініп сала бергендей көрінді.
«Мерхан байсалды, мінез-құлқы орнықты болып өсті. Әйтсе де ол қажет кезінде қайсарлық көрсете білетін. Өжеттік таныта алатын. Ешуақытта өзінің жолынан жығылмайтын.Ол менің намысты ұлым еді. Айналасындағы адамдардың теріс мінездері мен іс-әрекеттерін көрсе, бетің бар, жүзің бар демей, тіке айтып тастайтын мінезі де болушы еді. Мен ұлымды өз елі – Қазақстаны үшін мерт болды деп санаймын», – деп толғанды қайран әке.
Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаның орын алуына не себеп болды? Оның арғы жағында қандай әлеуметтік астар бар? Қазір осы сауалдарға жауап іздеп қана қоймай, оған толыққанды жауап қайтаратын кездің де келгені анық. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды емес пе, сонда діни экстремизмнің қолжаулығы болған қарулы қарақшылардың көздегені не? Біз бұған сөз басында ішінара жауап қайтардық та. Дегенмен, осы арада Ақтөбе аймағының қадірлі ақсақалдарының бірі, мәдениет қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбектің олқылық жіберіп алған тұсымыз болған жоқ па екен деген алаң көңілін де оқырмандар назарына ұсына кеткенді жөн көреміз.
Аға буын өкілінің ойынша, қандай оқиға болса да алынатын сабағы болмай тұрмайды. Осы тұрғыда ол отбасындағы бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу қажет деп есептейді. «Бұл ой-пікірімнің мектептерде, кәсіптік білім беру жүйелерінде, арнаулы және жоғары оқу орындарында, сонымен бірге, еңбек ұжымдарындағы тәрбие беру ісін түбегейлі жақсартуға тікелей қатысы бар. «Тәртіп пен заңға бас иген құл болмайды», деп қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік нысандардың бәрінде қатаң тәртіпті жолға қоя білген жөн», деп тұжырымдады ол өз пікірін.
Бұған қосарымыз, дана Абай: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын», деген емес пе? Сондықтан бүгінгі күні еліміздің әр қиырында жұмыссыз жүрген жастардың жай-күйіне де жаңаша көзқарас қалыптастыра білудің қажеттілігі туындайды. Егер оларды жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселелер шешімін тапса, Еркін Құрманбек ақсақал айтқандай, тәртіп мәселесі де өзінен өзі реттеле түсетіні анық. Сондай-ақ, қазіргі кезде елімізде экстремизмнің алдын алу жөніндегі мәселелерге де бас назар аударылып келеді.
Өткен мамыр айында Ақтөбе қаласында өткізілген Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысы осы мәселеге арналғаны белгілі. Қабырғалы басқосу кезінде баяндама жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Нұрғали Білісбеков аталған қатерді тек бір ғана күштік құрылымдар арқылы ауыздықтау мүмкін емес екенін алға тартты. Содан кейін ол ең алдымен терроризмге қарсы іс-шараларға әлеуметтік, тәрбиелік және адамгершілік сипат берілсе, бұл іс соғұрлым нәтижелі болар еді деген-ді. Оның бұл ой-пікірінде терең мән-мағына мен алар тағылым бар деп білеміз.
Сондай-ақ, 2016 жылдың 5 маусымы күні, Ақтөбе қаласында лаңкестік оқиға болып өткеннен кейін, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе облысында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге аса бастады. Мұнда тұрақтылық пен тыныштықты орнықтыру үшін ең алдымен әлеуметтік мәселелер өз шешімін табуы керектігіне басымдық берілген еді. Соған сәйкес, аталған жоба Ақтөбе аймағында жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанына куә бола аламыз. Бұл үрдіс өңірдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау ісінің басты тетігіне айналып келеді.
Қысқасы, тыныштық пен тұрақтылық ең басты құндылық екенін бүгінде көпэтносты еліміздің жұртшылығы тереңінен сезіне алғаны анық. Бұған қарсы қол көтергісі келетіндерге арамызда орын жоқ екені айтпаса да түсінікті. Міне, Ақтөбе аймағында өткен жылы болған қанды оқиғадан алатын түйін мен сабақтың кейбір иірімдері осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ