Мақала жарық көргеннен бері бұқаралық ақпарат құралдарында, аймақтарда қызу талқыланған мақаланы енді халыққа тарқатып түсіндіру мақсатында жер-жерде зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өтіп жатыр. Алматы облысы, Жамбыл ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқысымен жазушылар Несіпбек Дәутайұлы және Мархабат Байғұтпен кездесу өтті. Кездесуге аудан басшылығы, соғыс ардагерлері, басқарма басшылары, ұстаздар, оқушылар қатысты. Қаламгерлер Елбасының мақаласындағы маңызды алты қадамның ел болашағына айқын бағдар беретінін таратып айтты. Мәселен, Мархабат Байғұт Оңтүстік Қазақстан облысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды мысал ретінде келтіріп, тәжірбие алмасуға болатынын жеткізді. «Елбасы мақаласында білім сапасына айырықша көңіл бөлініп отыр. Білім – болашақтың жолы. Ондағы прагматизм мәселесі бүгін қазақ халқы үшін өте маңызды нәрсе. Уақыт пен қаржының ысырапшылдығын жою керек. Латын қарпіне көшу туралы 2012 жылғы Елбасы ұсынған стратегиясында айтса, рухани жаңғыруды Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы Ордабасында үш елдің басшысы жиналған үлкен жиында тілге тиек еткен еді. Содан биыл нақты құжат мәндес мақаласы жарық көрді. Бұл асықпаған да, кешікпеген де оң бастама», деді Мархабат Байғұт.
Ал Несіпбек Дәутайұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ұлт үшін несімен маңызды екенін айтты: «Жалпы алғанда, бұл бағдарламалық мақала «Қазақ қалай өмір сүріп жатыр? Рухани дидары қандай? Ертеңі не болмақ?» деген сауалдарға жауап беретін қадамдарға бастайтын тетік. Осы мақалада алға қойылған міндеттерді мүлтіксіз атқарсақ қана, жаңағы сұрақтардың жауабын табамыз. Бұл жастар үшін, болашақ үшін жасалған саяси қадам. Әлемде экономикалық жақтан да, мәдениет жақтан да алға озған мемлекеттерді биікке сүйреген үш нәрсе: Білім. Мәдениет. Тәртіп. Әлемнің маңызды кітаптарын қазақ тіліне аудару, қазақтың үздік шығармаларын алты тілге аударуды айтқанда Елбасы осы үш мәселені бір-ақ қамтып отыр».
Жиынға қатысқан ұстаздар рухани жаңғыру үшін мектеп оқулықтарын түзеу керектігін айтса, ардагерлер жастардың тәртібі мен тәрбиесін әңгіменің өзегі етті. Таяу жылдарда атқарылатын жұмыстарды нақты қадап айтқан Елбасының тапсырмалары өз деңгейінде орындалар деп сеніміз.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»