• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 06 Маусым, 2017

Ұлттық музейде суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды

294 рет
көрсетілді

Суретшінің анасы болу қандай ғанибет! Ол өз елінде де аса абыройлы, оған қоса дүние жүзінің өнерді бағалайтын зиялы қауымына аты-жөні мәлім суретші болса тіпті керемет. Бұл ой әйгілі суретші  Ерболат Төлепбайдың «Бес күн» атты жеке көрмесінен шыққан соң келді басымызға.

ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында ұйымдастырылған суретшінің жеке көрмесіне елордалық зиялы қауым өкілдері молынан жиналды. Көрмені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Ал Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, академик Мырзатай Жолдасбеков, Cенат депутаты Бірғаным Әйтімовалар суретшінің өнері туралы өз ойларымен бөлісті. 

Әйгілі суретшінің жеке көрмесі елордадағы Ұлттық музейде өтті. Көрме не үшін «Бес күн» аталды? Неге оны анасына арнады? Қолтаңбасының даралығымен, бояуының айқындығымен ерекшеленетін суретшінің дүниеге, тіршілікке, адами қарым-қатынастарға деген көзқарасына анасының ықпалы зор болған сияқты.

Суретші былай дейді: «Анам марқұм өмір бойы емшілікпен айналысты. Ұлдар еді есімі. Ол кезде біз баламыз. Күнде таңертең ұйқыдан тұрып, таңертеңгі шәйді ішейік десек, үйде кемінде 10-15 бейтаныс кісі отырады. Біз отбасы болып оңаша шәй ішіп көрмеппіз. Анам айтатын адамдар арасындағы қарым-қатынас, жарық дүние мен о дүние туралы әңгімелер құлағымда қалып қойыпты. Көрмедегі жұмыстарым осы тақырыптың айналасында».

Дегенмен, суретшінің өзі бес күнге толықтай түсініктеме берген жоқ. Біздіңше, суретші «бес күн» арқылы сөздік қорымызға тұрақты тіркес боп енген «бес күн жалғанды» бейнелеген болар?! Ол сондай-ақ, осы өмірдегі әйелдің миссиясын ерекше сезімталдықпен, пәлсапашылдықпен бояу тіліне көшірген. Ол бейнелеген кейіпкерлердің барлығы да түрлі-түрлі көңіл-күймен өзіне баурайды. Бір суреттегі ана, екінші бір суреттегі келін, үшінші бір «Аспанға ұшу» атты суреттегі жас бойжеткен, «Реніш», «Үміт», «Ажырасу» не «Алғашқы махаббат», «Жас жұбайлар» атты полотнолардағы кейіпкерлердің барлығы да сезімтал, сергек, өмірге құштар бейнелер.

Көрмеден алған әсерімен Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов былайша бөлісті:

«Көрменің атының өзі көп-көп ойға қалдырады. Абайдың «Уайым – ер қорғаны, есі барлық. Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық. «Еһе-еһеге» елірме бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» деген сөзі бар. Ерболаттың анасы да ұлына : «Бұл бес күндік дүние, өтеді де шығады», деп айтып отырады екен. Суретші көрмесі осы бес күндік (аптаға да толмайтын!) дүниенің сан сырын сан қырынан айқара ашып беруімен жүрек толқытады.

Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»