АЭА даму қарқыны қалай? Мәлім болғандай, еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың даму қарқыны мәз емес. Мәселен, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек арнайы экономикалық аймақтар қызметіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі мәселелер анықталғанын айтты. Олардың қатарында инфрақұрылым құрылысы қарқынының төмендігі, басқару органдары жұмыстарының тиімсіздігі, жеңілдіктерді пайдаланудағы проблемалар, жер телімдерін алудың ұзақ мерзімі мен арнайы экономикалық аймақтардағы салалық шектеулер бар. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, елімізде түрлі салалық бағыт бойынша өңдеу өнеркәсібінде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Бүгінде арнайы экономикалық аймақ аумақтарында 154 жоба іске қосылған, 651 млрд теңге инвестиция салынған, 11 600-ден астам жұмыс орны ашылған. Бюджетке салық түрінде 107 млрд-тан астам теңге қайтарылған. Биыл 3 мың жаңа жұмыс орны ашылатын қосымша 24 жобаны іске қосу жоспарда бар. Алайда, осынша әлеуетіміз бар бола тұра, бұл саладағы жұмыстың екпіні әлі де төмен болып отыр. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін негізгі проблема олардың қызметін заңнамалық реттеудің және аймақтарды құру мен олардың жұмыс жасауы саясатына жауапты бірыңғай мемлекеттік органның жоқтығында болып отыр. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі заңнамаға өзгерістер енгізуді, атап айтқанда, жеке индустриялық аймақтардың қызметін регламенттеуді ұсынды. Индустриялық аймақтарды дамыту мәселелерінің мемлекеттік саясатын қалыптастыру бойынша функцияларды Ұлттық экономика министрлігінен Инвестициялар және даму министрлігіне беру ұсынылып отыр. Оған қоса, аймақтардың өздерін дамыту мәселелерін жер-жерлерде әкімдіктердің басқаруына қалдырған жөн.
Қандай кедергілер бар?
«Әлемдік тәжірибеде АЭА инфрақұрылымы құрылысының орташа мерзімі 2-3 жылға созылады. Алайда, бізде бұл мерзім 5 жылдан асып түседі», деді Ж.Қасымбек. Бұл ретте министр біздің елде 10 жылдан бері инфрақұрылымы аяқталмай келе жатқан арнайы экономикалық аймақтардың бар екендігін мысалға келтірді. Тағы бір мәселе − басқару органдары жұмыстарының тиімсіздігі. Осыған байланысты министр бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз «ИТП» АЭА барлық қатысушыларының шарттарына толық аудит жүргіздік. Толық аудиттің қорытындысы бойынша өз міндеттерін орындамай отырған 42 қатысушымен шарттарды бұзу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай жұмысты біз АЭА-ның меншік иелерімен бірлесіп басқа да АЭА-да бастадық», деді Ж.Қасымбек Үкімет басшысына қарата айтқан сөзінде. Сонымен қатар, министр арнайы экономикалық аймақтарда жеңілдіктерді пайдалануда да мәселелер бар екендігін атап өтті. Салықтық және басқа да жеңілдіктерді тиімді және нақты ұсыну үшін АЭА қатысушыларына салықтық әкімшілендіру тетігін оңтайландыру қажет. Оған қоса, арнайы экономикалық аймақтарда қатаң салалық шектеу бар. «Қызметтің басым бағыттарын кеңейту тәртібінің өзі қиын және айтарлықтай ұзақ процесс. Мемлекет басшысының жарлықтарын және РБК комиссиясының оң шешімімен үш қаулысы қабылданғанға дейін инвесторларға бір жылға жуық күту қажет. Мысалы, біз жылдың басынан бастап өңірлермен «Оңтүстік» АЭА химия және мұнай-химия бөлігінде және «Павлодар» АЭА металлургия және резеңке бойынша қызметтің басым бағыттарын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Аталған мәселе қазіргі уақытта өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі Парламенттегі заң жобасы шеңберінде ішінара шешілуде. Бұл қызметтің басым түрлеріне енгізілмеген жаңа жобалар бойынша шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді», деді министр. Сондай-ақ, тағы бір мәселе − өңірлерде жер учаскелерін алу ұзақ мерзімді қамтиды. Жалпы қағидалар бойынша рұқсатнама құжаттары да жобалардың іске асырылуын баяулатуда. Алайда АЭА тәртібі әлемдік тәжірибеге сәйкес арнайы жеңілдетілген тәртіпті қарастыруы қажет. Сондықтан да АЭА режімінің әлеуетін толық көлемде ашып және жер учаскелерін, басқа да рұқсат беру құжаттарын алудың жеңілдетілген тәртібін қарастыру қажет. Арнайы экономикалық аймақтар мәселесі бойынша бизнес қоғамдастықтың позициясы туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтып өтті. Сондай-ақ, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының әкімдері есеп берді. Ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев АЭА-дағы инфрақұрылым құрылысының барысы туралы баяндады. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметін жетілдіру бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігі басқарушы компаниялардың қызметіне тікелей тәуелді. Осыған орай Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға осындай ұйымдарды таңдау кезінде мұқият қарап, олардың жұмыстарын тиімді бақылау қажеттігін айтты. Инвестициялар және даму министрлігіне Қаржы, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына салықтық әкімшіліктендіру тетігін оңтайландыру, қызметтің басымдықты түрлерін ұлғайту тәртібін жеңілдету мен арнайы экономикалық аймақтарға жер телімдерін берудің жеке, жеңілдетілген тәртібін әзірлеу мәселелерін пысықтау тапсырылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге көтерілген мәселелердің шешімін бақылауға алу жүктелді.
АӘК алудың жаңа тәртібі
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізуге дайындық туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақы тағайындау рәсімін едәуір жеңілдетіп, оны алушыларды барынша қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмастырады, осылайша жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың санын айтарлықтай қысқарту көзделген. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген. Шартсыз көмек еңбекке жарамды отбасы мүшесі жоқ барлық отбасыларға (мысалға, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына), немесе еңбекке жарамды отбасы мүшесі дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға (мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты аналарға) беріледі. Осындай отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Ал шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі. Т.Дүйсенованың айтуынша, әлеуметтік көмек жүйесіндегі реформа нәтижесінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25 пайызға ұлғайтылады. Әлеуметтік көмек алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге халықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап қанатқақты режімде «Өрлеу» жобасы іске асырылған. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысқан, олардың 19 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған. Өңірлерде қанатқақты жобаны жүзеге асыру мен жұмыспен қамту шаралары туралы Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдері М.Мырзалин мен К.Көкірекбаев есеп берді. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына еңбекке қабілетті халықты белсенді түрде тартуды тапсырды. Сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізу керектігін ескертті. Барлық деңгейдегі әкімдерге жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарына жататын отбасылар санатын анықтау жүктелді. 2017 жылдың соңына дейін әрбір аз қамтылған отбасы мен олардың еңбекке қабілетті мүшелерін оқыту, еңбекпен қамту, жеке кәсібін ашу бойынша жеке жоспарлар жасауға дейін жұмыспен қамту мәселесін пысықтау қажет. Бұл жұмысты сапалы жүргізу үшін Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жергілікті атқарушы органдар және жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етуді тапсырды. Үкіметтің әлеуметтік көмек форматын өзгерту бойынша жұмысы Мемлекет басшысының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатыр. 84-қадамда әлеуметтік көмекті оған шын мәнінде мұқтаж азаматтар үшін ғана оның атаулы сипатын күшейту арқылы оңтайландыру туралы айтылған болатын.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»