• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Бокс 07 Маусым, 2017

Головкин Альвареспен кездесуден кейін не болатынын айтты

133 рет
көрсетілді

Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өтетін жекпе-жегі жайлы TMZ телеарнасына сұхбат берді.

­– Бұл сіздің көптен күткен әрі ең маңызды жекпе-жегіңіз ғой?

– Әлбетте солай. Бұл кездесуді күтіп жүргеніме екі жылдың көлемі болып қалды. Енді сол күнді асыға күтіп жүрмін.

– «Канело» секілді соққысы күшті боксшымен кездесіп пе едіңіз?

– Жоқ, мен жұдырықтасқан чемпиондардың арасында Альварес секілді мықты боксшы болған емес.

– Оған қарсы қалай дайындалмақсыз?

– Бапкерім Абель Санчестің құрған жоспары бар. Сондықтан жаттығуымда «Канелоның» стиліне байланысты өзгерістер де болып қалуы мүмкін. Сауль екеуіміз төрт жыл бұрын бірге жаттыққанбыз. Бір-бірімізді білеміз.

– Естуімше, сіздер спарринг өткіздіңіздер ғой? Оны нокаутқа түсіре алдыңыз ба?  

– Иә, шамамен төрт жыл бұрын жаттығу кезінде күш сынасқанымыз бар. Ол мықты боксшы. Спарринг кезінде оны нокаутқа түсіре алмадым, бірақ 16 қыркүйекте нокаутқа жіберем деп ойлаймын.

– Демек, бұл жекпе-жек нокаутпен аяқталады деп ойлайсыз ғой? Әлде жеңімпаз төрешілердің шешімімен анықтала ма?

– Ол жағын білмеймін. Бұл бокс. Екеуіміз үшін үлкен жекпе-жек болмақ. Альварес те, мен де нағыз драма көрсетуге ұмтыламыз деп ойлаймын.

– Альварес өзіңіздей соққысы күшті боксшымен кездесті ме?

– Жоқ, олай ойламаймын.

– Соққыларыңызды сезінгенде ол таң қалады деп ойлайсыз ба?

– Қатты таң қаларына сенімдімін (күлді).

– «Канелоның» кіші Хулио Сезар Чавеспен өткізген жекпе-жегі жайлы қандай ойдасыз? Бұл кездесуде оның осал тұстарын байқадыңыз ба?

– Бұл кеште мүлдем басқа нәрсені ойладым. «Канело» оны соққыларының астына алғанмен, нокаутқа түсірмеді. Маған осы жайт аздап түсініксіздеу болды. Кіші Чавесті құлату керек еді деп ойлаймын.

– Альварес-Чавес кездесуінде бір байқағанымыз, раунд арасындағы үзілістерде «Канело» орындыққа отырмады. Бейне бір жекпе-жекті дем алмай аяқтауға болатынын көрсеткісі келгендей болды.

– Онысы клоунада ғой. Бойына сыймай бара жатса, күшін келесі раундта көрсету керек еді. Бірінші раундта болмаса, екінші раундта қарсыласын есінен тандырып тастасын. Сонда мойындауға болады.

– Сізді Қазақстанда маңызды шаралар күтіп тұр. Биыл ол жақта Халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді. Көрменің елшісі міндетін атқарасыз. Бұл сіз үшін үлкен мәртебе болар?

– Әрине. Мұндай ауқымды шараны өткізудің маңызы зор. Көрмеде соңғы экологиялық технологиялар, жаңа энергияның көздері таныстырылады. Осының бәрін бүкіл әлемге таныстыру мүмкіндігі пайда болғанын мақтан тұтамын.

– Қазір жанкүйерлер арасында кіші Флойд Мэйуезер мен Конор Макгрегор айқасы қызу талқыланып жатыр. Олардың айқасы Альварес екеуіңіздің жекпе-жегіңізге бәсекелес болмай ма? Мэйуезер-Макгрегор кездесуіне қарағанда Головкин-Альварес жекпе-жегі не үшін маңыздырақ?

– Себебі, біздікі нағыз жекпе-жек. Меніңше, Мэйуезер-Макгрегор кешінде ешқандай интрига жоқ. Бұл Конор үшін тиімді болары сөзсіз. Өзінің отбасына, болашағына қажет көбірек ақша табады. Бірақ спорт жағынан алып қарағанда ешқандай қызық жоқ.

– Шаршы алаңда кіші Мэйуезермен кездесуіңіз мүмкін бе?

– Жоқ, олай ойламаймын. Себебі, бұл мүмкін емес.

– Ал ары қарай не болмақ? «Канеломен» өтетін кездесуден кейін қандай жоспарыңыз бар?

– Алдымызда екі жол тұр. Бірі ­– реванш өткізу, ал екіншісі мен орта салмақтағы барлық белбеуге иелік еткім келеді. Бұл менің арманым.