• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2017

Жәрмеңке керуені – ой серуені

349 рет
көрсетілді

Астанада 100-ден астам шебердің бұйымдары қойылған «Шебер-Керуен» қолөнершілер жәрмеңкесі өтіп жатыр. Әншейінде халық көп жүретін «Керуен» сауда орталығы бұл жолы да көпшілікке лықа толды. Осы күні сәнге шыққан заманауи ұлттық нақыштағы киім топтамалары мен қыз-келіншектердің алуан түрлі сәндік әшекейлері көздің жауын ала, қаз-қатар тізіліскен.

Киіз үйге сәндік сипатпен қатар жел соққанда шаңырақтың шайқалмай тұруы үшін байланатын төгілме шашақты желбау, уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын өрнекті басқұр, екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ үзік баулар мен киіз үйге қажетті әртүрлі тоқыма бұйымдарын осы жәрмеңкеден таба аласыз. Қолынан шыққан бұйымдарын айналдыра іліп қойып, келген-кеткендерге шаршамастан таныстырып, маңызын түсіндіріп жатқан Қаныкүл Лекерқызы Қазалы ауданынан келіпті.

Көктем келіп, күн жылына астаналықтардың ығырын шығарып сүйкімі кеткен үлбіреген бақбақты мөлдіретіп сән ретінде тағуға да болады екен. Астаналық Наталья Пономареваның тұмса табиғатты сыйдырған кішкентай әшекейлеріне қарап тұрып көктем қайта туғандай әсерге қалдық. Адамды сеспей қатыратын алқа гүлдер тұқымдасына жататын улы ит жидек те мөлдір шынының ішіне момақан кейіп те сыйып кетіпті. Одан бөлек бітеугүл, сирень, роза мен әртүрлі бақша гүлдері де сырға мен сақина болып шыға келген.

 – Ресейлік шеберлердің зергерлік шайырдан жасалған бұйымдарын интернеттен көріп, қатты қызықтым. Бұрын полимер балшықтармен жұмыс істеген едім. Гүлдердің жабық кеңістікте мөлдіреп тұрғаны қызықтырды. Біртіндеп осы салада іздене жүріп, өзім де жасай бастадым. Отбасымызбен осы салаға әуестеніп кеттік. Табиғат аясына шыға қалсақ болды, ерекше шөптер мен гүлдерді жинап жүретін болдық, – деген шебер бұйымдарын негізінен қалалық жәрмеңкелерге шығару арқылы сататынын айтты. Мұндай әшекейлерді жасау үшін эпоксидті шайырды формаға келтіріп, құю арқылы жасалады. Сапалы жасалған бұйым бірнеше жылға дейін сақтала береді.

Жәрмеңкеге арнайы келген БҰҰ-ның ЭКСПО-2017 бас комиссары Жихан Сұлтаноғлы қолданбалы өнер шеберлерінің жетістіктері мен мүмкіндіктері турасында айта келіп, өнердің баршаға ортақ екенін жеткізді.

– Сіздердің қолөнер кәсіптеріңіздің ел үшін, қоғам үшін, отбасыларыңыз үшін маңызы зор. Өнердің арқасында Қазақстан халқының салт-дәстүрі туады. Өз елдеріңіздің тарихы мен сұлулығын түстер алуандығы мен шығармашылықтарыңыз арқылы паш етесіздер. Шын мәнісінде өнер – ортақ, оны жас та, кәрі де түсінеді, – дейді Жихан Сұлтаноғлы. Бас комиссар көпшілікті жәрмеңкеге қатысуға шақырып, шеберлердің ісіне сәттілік тіледі.

– Қолөнер кәсібі тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, экономиканы әртараптандыра түседі. Негізінен шағын және орта кәсіпкерлік аясын кеңітіп қана қоймай, әйелдердің басқаруымен гендерлік теңдікке де үлес қосады. Инновациялық  технологиялар мен жаңа идеяларды әкелуімен маңызды болып саналатын қолөнершілік кәсібі креативті экономика құрудың басында тұр. Одан бөлек жастар үшін ерекше үлгі көрсетіп отырсыздар, қоғамға жағымды өзгерістер әкеле бергейсіздер, – деді Ж. Сұлтаноғлы.

Ал қызылордалық Айсұлу Садықованың адамдар мен жануарларды, табиғат элементтерін бейнелейтін бейнелік ойыншықтар жасап келе жатқанына 12 жылдан асқан. Оның қолынан шыққан «Байдың қызы» атты мына қуыршақтың пошымынан өмірден қиындық көрмеген еркетотай қыздың дүңк етпе мінезі бірден байқалады. Оның айтуынша, кейіпкер бейнесін жасауда көбіне қазақ халқының ұлттық аңыз-әңгімелеріне, қиял-ғажайып ертегілеріне жүгінеді.

– Әкем ағаштан түйін түйетін шебер жан. Ұл бала жоқ болғанықтан, кішкентайымнан әкеме көмектесіп жүріп, қыр-сырына қанып өстім. Көрмеге шығып жүргенде киізден ойыншықтар жасауға болатынын көріп, осы салаға ойыса бастадым. Қазір Түркістан қаласынан қолөнер бұйымдары дүкенін ашып жатырмын,  – деген Айсұлу қуыршақ жасаудың қиын еместігін айтады. – Алдымен бас пошымын жасаған соң, қасы-көзін ине-жіппен кестелеп, бет әлпеті ретке келтіріледі. Кейін денесіне басын орнатып, қуыршаққа арналған киіммен көмкереміз. Негізінен кәдесый ретінде көп сатылады, – дейді Айсұлу Садықова.

Қазақстан қолөнершілері одағымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл жәрмеңке қолөнершілердің шығармашылық қабілеттерін ынталандыруға, олардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға және ұлттық өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бүгінде халықаралық қауымдастықтың көкейкесті мәселелерін шешудің өзінше бір орталығына айналған БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасы көркемөнер кәсібін жаңғырту мақсатында 2014 жылдан бері 100-ден астам қолөнершіге қолдау көрсетіп келеді.

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

 Ерлан ОМАРОВ,  «Егемен Қазақстан»