• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 09 Маусым, 2017

Ықпалдастықтың берері мол

116 рет
көрсетілді

Сейсенбі күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға төрт күндік сапарын бастады. Әріптесі, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Си мырза бұл елге мемлекеттік сапар жасайды және Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының саммитіне қатысады.

Сапар аса маңызды, сонымен қатар, нәтижелі болады деген болжам бар. Өйткені, ол − ха­лықаралық әріптестік жо­лын­дағы «Белдеу және Жол» фору­мынан кейін өткелі отырған ал­ғашқы жиын. Ол форумда Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастықтың бо­­лашағын талқылау үшін оңаша кездескен болатын.

Қытай мен Қазақстан – бір-бірі үшін аса маңызды көршілер. 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері екі ел үкіметтерінің белсенді іс-қимылдары арқасында Қазақ­стан­ның Қытаймен қарым-қа­тынасы дамып келе жатыр. Екі елдің қарым-қатынасы дип­ло­ма­тиялық байланыс орнатудан жан-жақты стратегиялық әріп­тестікке дейінгі ұдайы даму жо­лынан өтті. Тараптар саясат, эко­номика, қауіпсіздік, мәдени және адами байланыстардың тереңдігімен мақтана алады. Өза­ра сенім, екі жаққа да пайдалы, теңдікке негізделген ынтымақ қытай-қазақ қарым-қатынастары да­муының іргетасы болды. Осы принциптер арқасында тараптар көптеген маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

Мәселен, Орталық Азия −Қытай газ құбырын дамыту үш кезеңнен де кедергісіз өтті. Бұл келісімде Қытай мен Қазақ­стан­ның мұнай-газ сала­сындағы әріптестігі шешуші маңызға ие. Бүгінде Бейжің мен Астана энергетика, ауыл шаруашылығы, та­сымал, байланыс, құрылыс, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында 26 млрд АҚШ долларынан аса инвестиция құйылатын 51 іскерлік келісімді іске асыру үстінде.

Нұрсұлтан Назарбаев – қытай халқының бұрыннан келе жатқан досы. Ол бүгінге дейін Қытайға 20-дан аса сапар жасады. Си Цзиньпинмен түрлі жиындарда кездесіп, жеке достық қарым-қатынас орнатты. Осылайша екі ел арасындағы ынтымақтастың мықты іргетасы қаланды.

Қазақстан − «Белдеу және Жол» жобасына қатысушы ғана емес, оны белсенді қолдайтын ел. «Белдеу және Жол» аясындағы алғашқы форум мамыр айында өтті. Бұл жиын аталған бастаманың халықаралық деңгейде кең қол­дауға ие болғанын көрсетті. Және ол соңғы жылдардағы ең ірі жетістіктердің бірі болды. Мәселен, «Белдеу және Жол» жобасы мен Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық сая­саты арасында әріптестіктің тереңдеуі екі жаққа да тиімді болашақтан хабар береді.

Қытай мен Қазақстан негізін салушы елдер ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамы­туға маңызды үлес қосты. Олар ұйым аясындағы көптеген мәсе­лелерге қатысты үйлесімді позиция ұстанып келеді.

Сапар кезінде Си Цзиньпин ШЫҰ елдері басшыларының 17-ші саммитіне қатысады. Бұл ұйым құрылғалы бергі аса маңызды жиындардың бірі болғалы тұр. Бірлестікке жаңадан екі ел – Үндістан мен Пәкістан кірмек. Бұл ұйымның құрылғалы бергі алғашқы кеңеюі болмақ. Геосаясат және халықаралық деңгейдегі ықпалы бойынша ШЫҰ келешекте үлкен өзгерістер әкеледі деген болжам бар. Тиісінше оған халықаралық қоғамдастықтың назары да көбірек ауатын болады.

Әлемдік қаржы дағдарысы әлі аяқталмаған, батыс елдері ішкі және сыртқы мәселелерде тығырыққа тіреліп, тереңнен қайта құру кезеңінде тұрған қазіргі жаһандық жағдайда Қытай өсім үрдісін көрсетіп, әлемге ықпалы күшейгенін көрсетуде.

Си Цзиньпиннің сапары Қытай мен Қазақстанның стратегиялық жан-жақты ынтымақтастығын бұрынғыдан да нығайтады және ШЫҰ жұмысына жаңа серпін береді деп күтілуде.

Ян ЖИН, ШЫҰ Зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары