• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2017

Көңілге қанат бітірер көрмені көргенше асық

258 рет
көрсетілді

Әлем алдындағы өткір мә­селені көтерген көрмені өткізу әр елдің маңдайына жазыла бермейтін оқиға әрі мақтаныш. Адамзаттың тіршілік көшінің жүгін аудармай, жұмыр жерді дамылдату үшін энергияның балама көздерін табудың бәй­гесіндей болған халықаралық көрмеге Қостанай хал-қадерінше тақырыптық жағынан қатысуға талап жасады.

Қазір ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы жалпы жұртшылыққа етене таныс, түсінікті ұғымға айналған. Ауаны ластамай көлік жүргізу, электр энергиясын көмір жақпай, органикалық қалдықтардан өн­діру, экологиялық таза азық алу – осы тоқ бәйгеге қосылу емес пе?

– Әлемнің әр түкпірінен көрмені тамашалауға келгендер Қостанай облысынан қойылған 4 жобаны көзі шалады деп ойлаймыз. Қарасу ауданындағы «Қараман и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сиыр тезегінен өндірілген электр энергиясы шаруашылықтың бүкіл қажетіне жарап, оның сыртында ауылды жарықтандырып отыр. Тезектен газ, одан электр энергия­сы өндіріледі. Ешқандай көмір де, жер астынан алынған газ да, мұнай да керек емес! « S.M.F. Sistem» мата емес материалдар фабрикасы» кәдімгі жер-көкті алып жататын полиэтилен ыдыстарын өңдеп, синтепон, геотекстиль жасайды. Ал атақты «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауыты электр энергиясымен жүретін JAC электромобиль жеңіл машинасын шығаруды бастады. «Тұрар» сүт фермасының инновациялық қадамдары жерді органикалық өңдеуге, эколо­гиялық таза өнім өндіруге ба­ғыт­талған, –дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқар­масының бөлім басшысы Тал­ғат Көтенбаев. Жақында ғана «СарыарқаАвтоПром» зауытынан құрастырылған, сыры кеппеген 20 автобус ЭКСПО-ға қызмет етуге аттанды. Ол авто­бустардың дизельмен де, газбен де жүре беретін ерекшелігі бар. Желдің қуатын пайдалану, инфрақұрылым, ауыл шаруа­шылығы, балық аулау кәсібі, қал­дықтарды жою, тазалау жүйе­сі, су энергетикасы, технология, энергияны тиімді пайдалану жөніндегі жобалар ЭКСПО қонақтарына интерактивтік тақталар арқылы ұсынылады.

Наурызым мемлекеттік та­би­ғи қорығының атына қазір дүние жүзі қанық десек артық айтқандық емес. 2008 жылы бұрын осы табиғат маржаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген болатын. Қорық «Recommended by EXPO» туристік маршрут­тар тізіміне енді. Демек, ЭКСПО-ға келетін туристер ара­сында осы табиғат тамашасын бір көріп кетуге ынтызар­лар да табылар. «BEST kz» турис­тік агент­тігінің директоры Гүлмира Қапе­нованың айтуына қарағанда, Наурызым қорығы ЭКСПО-ға жан-жақты дайындалды. Онда жергілікті кәсіпкер биыл қонақүй салды, даланың әсемдігін көр­гісі келген туриске логистика жө­нінен қолайлылықтың бәрі бар.

– Наурызымға келген турист алдымен дүниенің басқа жерінде кездеспейтін селеулі даланың сұлулығын және қазақ халқының алуан түрлі, бай дәстүрін тама­ша­лайды, ұлттық тамағы тіл үйіретін дастарқанынан дәм татады. Қазірдің өзінде қытай туристері Наурызымға қызы­ғушылық танытып отыр. Алайда, олар экскурсияны этностық қытай жүргізсе деген талап-тіле­гін жеткізіп жатыр. Шетелдік туристер үшін Наурызымға алты орындық ұшақпен екі күндік авиатур ұсынылады. Ол әр туристке 510 долларға түседі, ал автокөлікпен баратын джип-турдың құны 13500 теңге тұрады, – дейді Гүлмира Қапенова.

Жалпы, қостанайлық туристік агенттіктер шетелдік туристерге 26 түрлі туристік бағыт дайындады. ЭКСПО өтетін 93 күнде Қостанай облысы Астанада үш рет, яғни 24-25 маусымда, 22-23 шілдеде және 26-27 тамыз­да азық-түлік жәрмеңкесін өт­кі­зеді. Осы үш жәрмеңкеде Астанаға 1800 тонна азық-түлік жеткізіледі. ЭКСПО аясында елор­дада облыстардың мәдениет күндері өтетіні белгілі. Тамыз айының 5-і мен 9-ы аралығында Астана мен қала қонақтары қостанайлық өнерпаздардың, қолөнершілердің, суретшілердің өнеріне куә болады. Облыстан аттанған 100 волонтер қазір ЭКСПО-ға қызмет етуді бас­тап та кетті.

Еліміздің әлем алдындағы беделін, абыройын асқақтатар көрменің жақсы өтуіне осылай атсалысатын қостанайлықтар атақты шараның қызығынан да қалмайды. Бүгінге дейін облыс тұрғындары ЭКСПО-ға 32000 билет сатып алды. 16 мыңнан аса мектеп оқушылары, 11 мыңнан аса жоғары оқу орындары мен колледж­дер студенттері каникулда ЭКСПО-ны тамашалайды. Қостанайлық спортшылар Астанада өтетін республикалық, халықаралық спорт жарыстарына қатысады.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қостанайлықтардың елге, жерге, Отанға деген асқақ рухын көтерді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ