Мемлекет басшысының Бес институттық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу көзделгені белгілі. Сондай-ақ, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізудің тәсілдерін пысықтағанына тоқталған министр аталған заң жобасында жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, жергілікті өзін өзі басқару органдарының бюджеттік процесі және коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту қажеттігі мақсат етілетіндігін айтты.
«Бұл заң жобасымен Бюджет, Салық және Азаматтық кодекстерге, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Себебі, еліміздің бюджет жүйесі 3 деңгейден тұратыны өздеріңізге белгілі. Ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Бүгінгі таңда олар шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлікті құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджеті халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдық округ деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілетін болады», деді Т.Сүлейменов.
Осы орайда, жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің кіріс көздері салықтық түсімдерден тұратындығын айта кетейік. Атап айтқанда, төлем көзінен салық салынбайтын кірістерден алынатын жеке табыс салығы; жеке тұлғаларға салынатын мүлік салығы; жеке және заңды тұлғалардан алынатын көлік салығы; елді мекендердің жерлері үшін жеке және заңды тұлғалардан алынатын жер салығы; аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтердің аумақтары арқылы өтетін автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiндегі сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін алынатын төлемақы секілді алымдардан құралады. Ал салықтық емес түсімдерде мемлекеттік мүлікті жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер; коммуналдық меншікті сатудан түсетін кірістер; жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары; әкімдердің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін өндіріп алатын айыппұлдар қамтылған.
Министрдің мәлімдеуінше, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті қоғамның жиналысында міндетті түрде талқыланып, келісілетін жергілікті өзін өзі басқарудың бюджет жобасын әзірлейді. Ал жергілікті өзін өзі басқарудың бюджетін аудандық мәслихат бекітіп, оның атқарылуы ауылдық округ әкімі мен оның аппаратына жүктеледі. Осылайша, заң жобасында жергілікті қоғамдастықтың мүдделерін ескере отырып, бюджет шығыстарын жоспарлауға мүмкіндік беретін тетіктер көзделген.
Сенаторлар талқылаған құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда мақұлданған құжат жөніндегі баяндаманы Мәжіліс депутаты Владислав Косарев жасады. Ол аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің депутаттар тобы әзірлегенін атап көрсете келіп, құжат Мәжілісте талқылау барысында қосымша нормалармен толықтырылып, ондағы негізсіз шектеулер жойылғанын және енгізілген жаңашылдықтар жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал ететінін алға тартты. «Айрықша атап өткім келетіні, мәселен, егер көлікті полицейлер тоқтатқан жағдайда олардың іс-қимылының арнайы тәртібі бекітіледі. Яғни, көлік құралын тоқтатқаннан кейін қызметкер кідірмей оған жақын келуге, өзін таныстыруға, жүргізушінің талап етуі бойынша қызметтік куәлігімен таныстыруға, тоқтату себебін түсіндіруге, сондай-ақ пайдаланылған жағдайда ереже бұзушылықты тіркеген құралдардың мәліметтерін ұсынуға міндетті», деді баяндамашы.
Сондай-ақ, бұл заңмен көлікті тоқтатқан кезде жүргізушінің полиция іс-қимылдарын фотоаппарат пен суретбейне түсірілім жүргізуге құқығы қамтамасыз етіледі. Сол сияқты жолаушыларды түнгі уақытта тұрақты емес автотасымалдармен тасымалдауға және көлік құралдарындағы аэрографикалық суреттерге тыйым салулар, жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда қайта емтихан тапсыру талабы алып тасталған. Есесіне, көлікті масаң күйде тізгіндегені үшін немесе куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін жүргізушілерді куәлігінен айырудың бірыңғай үш жылдық мерзімін белгілеу қажеттігі нақтыланған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»