Отырысқа қатысушылар «Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы», «Ауыл шаруашылығындағы өңдеу және экспорт: жаңа мүмкіндіктер ашу», «Шағын және орта бизнес ынтымақтастығы» атты үш панельдік сессия аясында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, отырыс аясында Қазақстан мен Қытайдың іскерлік топтарының өкілдері арасында және B2B форматында екі жақты кездесулер өтті.
Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің құрылу жағдайы туралы сөз қозғайтын болсақ, ол 2013 жылғы сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға сапары барысында екі елдің арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан әрі ынталандыру, экономиканың түрлі секторларында ынтымақтастықты дамыту үшін екі мемлекеттің басшылары берген тапсырма нәтижесінде құрылған болатын. Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің тең төрағасы Қазақстан тарапынан «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Қытай тарапынан «CITIC Group» корпорациясының Директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэньмин.
«Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алдына үлкен міндеттер қойды. Осы уақыттың ішінде Іскерлік кеңес өзінің тиімділігін көрсетіп, диалог және бизнес-алаң ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда қазақстандық-қытайлық қоржында 28 млрд АҚШ долларына жуық сомаға 51 жоба бар. Оның ішінде жүзеге асырылып жатқан 14 жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының үлесіне тиесілі. Біздің бизнес-серіктестік мұнай-газ, химия, энергетикалық, кен-металлургиялық, ауыл шаруашылығы, машина жасау секторларына бағытталған», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев кеңес отырысын ашқан сөзінде.
Отырыста сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Іскер- лік кеңестің қызметі «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын үйлестіру бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосатындығын және екі ел кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндіктер ашатындығын айтты.
Ж.Қасымбек Қытай Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7,9 млрд АҚШ долларын құрады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен 2015 жылы индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Қазақстан-Қытай бағдарламасы әзірленді. Бұл жобалар қосымша құны жоғары экспортқа бағытталған өнім шығаратын жоғары технологиялық бірқатар кәсіпорындар құруға арналған. Сондай-ақ, бағдарламада Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған жобалар да бар.
Нақты мысал ретінде, «Қорғас − Шығыс қақпасы» арнаулы экономикалық аймағын (АЭА) бірлесе дамыту жөніндегі жобасын айтуға болады.
«Халықаралық көлік логистикасы саласына стратегиялық әріптестерді тарту аталған АЭА дамытуға қосымша серпін береді және Азия мен Еуропа арасындағы жүк ағынын шоғырландыру мен дистрибуциялау жөніндегі ірі аймақтық хаб құруды қамтамасыз етеді деп сенемін», деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ, Ж.Қасымбек өз сөзінде Қытайдың іскерлік орта өкілдеріне елдегі бизнесті сәтті жүзеге асыру үшін Қазақ- стан Үкіметі тарапынан жасалып отырған жағдайлар туралы айтып берді.
Қытай тарапынан сөз алған ҚХР Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің төрағасы Цзян Цзенвэй биыл Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастың орныққанына 25 жыл толатындығын атап өте келе тату көршілік пен әріптестік ынтымақтастықтың жыл өткен сайын дамып келе жатқандығын атап көрсетті. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көне Жібек жолын қайта дамыту жөніндегі ұсынысын бірінші рет 2013 жылы Қазақстандағы сапары барысында жасағандығын еске алды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында бірлесіп жәрмеңкелер өткізу, цифрлық технологияларды дамыту, электрондық сауда-саттықты нығайту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.
ҚҚІК отырысының қорытындысы бойынша жалпы 7 млрд АҚШ долларына жуық сомаға энергетика, химия өнеркәсібі, металлургия салаларында барлығы 22 коммерциялық және негіздемелік келісімдерге, оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ тобының қатысуымен жалпы 4,5 млрд АҚШ доллар сомасына 6 келісімге қол қойылды.
Атап айтқанда, «Бірлескен химиялық компания» ЖШС («Самұрық-Қазына» АҚ қоржындық компаниясы) мен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (ҚМДБ) арасында Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында метанол мен аммиак өндіру, сондай-ақ, Жамбыл облысында «Тараз Химия паркі» АЭА аумағында күйдіргіш сода өндірісін іске қосу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Аталған жоба Қазақстанда алғашқы агрохимиялық кластерді дамыту аясында жүзеге асырылуда.
Бұдан өзге, «Самұрық-Энерго» АҚ пен «HYDROCHINA CORPORATION» қытайлық корпорациясы Алматы облысының Шелек дәлізінде қуаттылығы 60 МВт болатын, 300 МВт-ға дейін кеңейту перспективасымен ЖЭС салу және шағын ГЭС салу бойынша жобаларды іске асыру туралы меморандумдарға қол қойды. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» АҚ China Datang Corporation корпорациясымен Ерейментау қаласының ауданындағы жел паркін 45-тен 300 МВт дейін кеңейту бойынша меморандум жасасты.
Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» қоры мен China Development Bank Corporation, «KAZAKH INVEST» ҰК мен «HUBEI KELISON» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімдер жасалды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»