• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
12 Маусым, 2017

Сочи Олимпиадасынан сабақ алдық па?

393 рет
көрсетілді

Тоғыз айдан кейін Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында ХХІІІ Қысқы Олимпия ойындарының алауы жағылады. Ақ қар, көк мұз үстіндегі бұл аламанда әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен қысқы спорттың небір хас шеберлері бақ сынайды екен. 

Қысқы Олимпиада демекші, осыдан төрт жыл бұрын Сочиде өткен ойындарда біздің ел Денис Теннің жалғыз ғана қола жүлдесімен көңіл жұбатқан. Аталған доданы көзбен көрген мына біз спорттық делегация­мызды басқарған азаматтардың сол кезде қатты сасқанына куә болған едік. Теннің «қоласы» болмаса, абыройдан жұрдай болады екенбіз-ау деп біз де демімізді ішке алғанбыз. Несін айтасыз, сол Сочи біздегі қысқы спорттың кенжелеп қалғанын, қысылғанда қайрат қылар ұл-қыздарымыздың жоққа тән екендігін көзге шұқып көрсеткен еді-ау... Жоғарыдағы әңгімемізге оралайық. «Туған ай тураған етпен тең» деген қазақ. Әне-міне дегенше тоғыз айдың қалай өте шыққанын білмей де қаламыз. Сол себепті, осы бастан қамданбасақ болмайды. Қазақ елінің қысқы спортта таласы бар өрендеріне тастүйін дайын­дық керек. Ендігі мәселе мынада: біз Сочи-2014 Олимпиадасынан сабақ ала білдік пе? Таяуда Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен кездескенімізде, арадағы әңгімеміз қыр астындағы қысқы Олимпиадаға деген даярлық барысы арқау болды. Төрағаның айтуынша, бүгінгі күннің өзінде 62 спортшымыз жолдамадан үміткер екен. Ал мұзда мәнерлеп сырғанаушы шеберлеріміздің лицензиясы ресми түрде расталған. Жолдаманың басым бөлігін алдымыздағы 2017-2018 жылғы маусымда өтетін халықаралық турнирлерде алу жоспарланыпты. Бұдан бөлек, ел құрамасының қысқы Олимпиадаға деген даярлығын талқылаған жиында Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қалың ұйқы құшағында жүрген федерацияларды ояту керек деді. «Ұлттық құрама командалардың даярлық барысына Ұлттық Олимпиада комитеті жетекшілік ететін болады. Бізде «ұйқыдағы» федерациялар бар, оларға қозғау салатын уақыт жетті. Бұл шаруадан мән шықпаса, онда оларды ауыстырамыз. Бізге спорттың жілігін шағып, майын ішкендер ғана емес, сонымен қатар, осы саланың дамуына инвестиция құюға дайын адамдар керек», – деп атап айтты Құлыбаев мырза. «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейді халық даналығы. Мұның бәрі дұрыс, әрине. Ерте бас­тан қамданған – күні ертең қапы қалмайды. Бірақ, осы жолғы додада Денис Теннен басқа үміт артатын кіміміз бар, өзі? Кешегі өткен XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада жарысында 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальмен жалпы есепте тек қана Ресейді алға жіберіп, мәрені екінші болып қидық деп мақтанғанда алдымен мәселеге тереңірек үңіліп алуымыз керек шығар. Біріншіден, Олимпиада мен Универсиаданың арасы жер мен көктей. Екіншіден, студенттердің сол сайысына қысқы спорттағы саңлақтарымыздың бәрін қостық. Соның өзінде көршіміздің шаңына ілесе алмадық. Мақтаулы Денис Теннің деңгейі төмен болды, жарылқайды деп жүрген желаяқ қызымыз Екатерина Айдова айдалада қалды, Роман Кречке де риза бол­мадық, шорт-трекшілеріміз ол – шаң жұтып қалды. Бұларды алабөтен атап отыр­ғанымызда себеп бар: аталған спортшылар – Олимпиадада жүлде алады деп үміт артқан айналайындарымыз. Осының бәріне қарап отырып, «Әй, осы біз Сочиден сабақ ала алдық па?», деген ойға қаласың...  Иә, бүгінгі күнде Қазақ спортында қабырғалы өзгерістер болып жатыр. Ескі жүйенің орнына әлемдегі озық тәжірибелерге сүйенген есті жүйе келді. Мұнда спорттық федерацияларға мол мүмкіндіктер мен басымдықтар берілген. Жалпақ тілмен айтқанда, олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болады. Бірақ, сенім жүгі артып, жауапкершілік те күшейген. Ес­туімізше, спорттың бірнеше түрінен шетелдік мамандар спортшыларымызды жаттықтырып жүр екен.  Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы ел құрама командаларын төртжылдықтың басты додасына дайындағанда кешенді-ғылыми топ­тардың (КҒТ) маңызды рөл ат­қаратынына ерекше мән беріп отыр. Дегенмен, өңірлерде қысқы спортты дамытпай, инфрақұрылымға инвестиция құймай, шаңғы мен конькиді түсінде көретін балалар мен жасөспірімдерге жағдай жасамайынша, көсегеміз көгермейді. Міне, бірінші кезекте осыған мән беру керек. Артынан қаулап өскен өңкей талант тіреп тұрмаса, ат төбеліндей аз ғана топпен алысқа бармасымыз анық. 

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,