• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2010

Әкім есеп берді. Ел не деді?

1083 рет
көрсетілді

АУДАН ТЫНЫСЫ ӘКІМ БАҚЫЛАУЫНДА Сарыарқа ауданының әкімі С.Мұстафинаның тұрғындар ал­дын­дағы есебін тыңдауға халық көп жиналды. Аудан бойынша мек­тептер мен балабақшалар салынып, олардың саны арта түскенін көлденең тарта келе, Елбасы тапсырған бала­бақ­ша мәселесінің шешімін табу үшін бұрынғы ескі 8 балабақша ғимарат­тарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланғанын жеткізді. Сарыарқа ауданының әкімі С.Мұстафинаның тұрғындар ал­дын­дағы есебін тыңдауға халық көп жиналды. “Тұран-Астана” уни­вер­ситетінің акт залында бір бос орын жоқ. Университет қаладағы Тех­но­парктің аумағында орналасқандықтан болар, негізінен осындағы мекеме­лер­дің қызметкерлері мен жоо-лардың ұстаздары жиналғанға ұқсайды. Қала әкімінің орынбасары Е.Қо­жа­ғапанов аудан әкіміне сөз берген соң мінберге көтерілген Сәбила Са­парқызы аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды жұртшылық назарына жайып салды. Сарыарқа ауданы – Астана қа­ласының ескі бөлігі, қала тұрғын­дары­ның жартысына жуығы шоғыр­ланған (321 мың адам тұрады), қай сала бойынша да өндірістің өндіру аймақтары мен дамыған темір жол және қатынас жүйесі бар, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аудан. Мысалы, мұнде 80 ірі және орташа өндіріс пен құрылыс кә­сіп­орындары болса, ірі салық төлеу­шілердің өзі 12,7 мың екен. “Әлемді шарпыған экономикалық-қаржылық дағдарысқа қарамастан, Астана қаласы әлемдегі серпінді дамушы қалалардың бірі болып табылады. Бұл мойындалған дерек”,– деп сөзін бастаған аудан әкімі жылдық есебін сала-салаға бөліп тұрып айтты. Алдымен инвестициялық және құрылыстық даму бойынша әкім кел­тірген деректерге біраз тоқтала кетей­ік. Сарыарқа ауданында қазіргі уақыт­та салынып жатқан 12 азаматтық құрылыс нысандары болса, 13 нысан Астана әкімдігінің пәтерлерді өтеп алуы бойынша салынуда, 4 нысан пайдалануға берілген. Ал үлескерлерді елеңдететін “АҚҚБ Жаңа Құрылыс” ЖСШ-нің күшімен салынып жатқан 4 проблемалы үйдің 2-уі: “Европей­ский­дің” 2-кезегі және “Оқжетпес” пайдалануға берілген, ал “Европей­скийдің” 1-кезегі мен “Возрождение” тұрғын үйлерін жылдың аяғына қарай пайдалануға беру жоспарланыпты. Бұлардан тыс 20 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүруде. Оларды құрылыс компаниялары өздерінің күшімен аяқтамақ. Мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша да Сарыарқа ауда­нында көптеген тұрғын үйлер салы­нып жатыр екен. Олар негізінен Тілен­диев көшесінен орын тепкен. 13 тоғыз қабатты, 38 бес қабатты үйден тұратын, ұзын саны 51 үйдің құры­лысы жүруде көрінеді. Үлестік құры­лыс нысандарына байланысты ар­найы ведомствоаралық комиссия жұмыс жасайтынын назарға салған әкім “NSK”, “Шаһар-Астана” ЖШС ме­кемелері басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Сонымен бірге, аудан бойынша мек­тептер мен балабақшалар салынып, олардың саны арта түскенін көлденең тарта келе, Елбасы тапсырған бала­бақ­ша мәселесінің шешімін табу үшін бұрынғы ескі 8 балабақша ғимарат­тарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жопарланғанын жеткізді. Расында, балабақша мәселесі Астана үшін ше­шуі үлкен күшті қажет ететін аса қи­ын түйінге айналғанына біраз уақыт болды. Әкім осы салмақты жеңілде­те­тін жаңа екі балабақша құрылы­сы­ның Кубрин және Мәскеу көшеле­рінде жүріп жатқанынан да хабардар етті. Әкім есебі жан-жақты шығып, аудан өмірінің бар саласын қамтыды. Жол жөндеу мен қала ішіндегі жолау­шылар тасымалы, аулаларды абат­тан­дыру, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы, аудан құрамына еніп, жап­сарлас жатқан “Көктал”, “Өндіріс” кенттерінің мәселелері, санитарлық тазалық, әлеуметтік сала дейсіз бе, қай-қайсы бойынша да атқарылған істер мен болашақтағы жоспарлар жайлы ой бөліскен аудан әкімі мұнан соң жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Алғашқы болып №14 автобус мар­шруты жүрісінің алшақтығына сын айтқан тұрғынға жауап берген әкім: “Осы есеп беру жиналысында сіздердің тараптарыңыздан қойылған бірде-бір сауал назардан тыс қалмай­ды, көңілдеріңіздегідей жауап дәл қазір айтылмаса да, олардың барлығы қала әкімінің бақылауына қойылады, әр мәселе бойынша жауапты адамдар оның қалай шешілгені турасында мәлім етеді”,– деді. Ауданның келесі бір тұрғыны “Казахстанская правда” газетінде жазылған Қызылорда облы­сындағы қолға алынған учаскелік по­лицияларға сайлау өткізу жайын үлгі етіп, тұрғындардың учаскелік поли­ция қызметкерлерін көрмейтінін сын­ға алды. Оған Астана қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Е.Бауэр жауап берді: “Бұл – респуб­лика көлемінде әр облыстың бірер ауда­нында байқап көру үшін жасал­ған жоба. Біздің қаламызда ол Алма­ты ауданында жүргізілуде. Мен бұй­рықты орындайтын адаммын, егер Сарыарқа ауданында да осы жұмыс жасалу қажет деген тапсырма берілсе, орындаймыз”, — деді ол. Есепті кездесуде ең бір жиі көте­ріл­ген мәселе технопаркке қатысты бол­ды. Көптеген ірілі-ұсақты кәсіп­орындар мен бірнеше жоо орналасқан осы аумақ үшін автобус қатынасы, оның ішіндегі тазалық жәйі мен жолдың нашарлығы айтылды. Әкім технопарк ішінде ғана жүретін ар­найы автобус маршруты ашылаты­нын, ал жол жөндеу үшін жер астын­дағы инженерлік коммуникация желілерінің сараптамасы жоқтығына байланысты бұл істің кешеуілдейтінін жеткізді. Барлық құжат қолға тимей, жол жөндеуді бастамаймыз, ал жолдың ойылған жерлерін жамау ақшаны желге ұшырғанмен парапар. Сондықтан менің сіздерге өтірік уәде бергім келмейді, осы себепті күте тұруға мәжбүр боласыздар, деп сөзін сиырқұйымшақтатты. Сәбила Мұстафина жазбаша және ауызша берілген сауалдардың барлы­ғы­на жауап бере келіп, олардың кейбіреулерін шешуге байланысты жекелеген азаматтарды өзінің қабыл­дайтынын айтты және көмекшісіне олардың аты- жөндерін жаздырып алғызды. Жалпы, аудан бойынша жұмыс жасайтын 28 ақпараттық-насихаттық топтар бар екен. Олар жұртшы­лықпен 90 рет кездесу өткізіп, оларға 24 375 адам қатысыпты. Әр кез­десуде әлеу­меттік мәселелер, ден­саулық сақтау, білім беру жұмыс­тарының сапасын арттыру, тұрғын үй мәселесі көтеріліп отырыпты. Сол кездесулерден соң жүргізілген әлеуметтік сауалдамаларға жиі сүйене отырып есеп берген әкіммен жүздесу аудан тынысының бақы­лауда ұсталатынын танытқандай. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.