«Бұл топқа велоспортты жақсы көретін спорттың нағыз жанкүйерлері жиналды. Біздің арамызда заңгер, бухгалтерлер, жаттықтырушылар, журналистер бар. Біз күніне қанша шақырым өту керектігін белгілеген жоқпыз, бұл сапарымыз туристік жорық саналады. Сондықтан біз Астанаға жетудің бір нақты уақытын белгілемейміз, арамызда қыздар да бар, күшімізге қарай жүріп отырамыз, жетсек болды», дейді жорықты ұйымдастырушы Қайрат Төлебаев.
Велосипедшілер тобы таңертең Лисаковтан шыққан соң, түстен кейін сағат 16.00-да 200 шақырымды артқа тастап, Қостанайға жетті. Астанаға дейін олар Әулиекөл, Есіл, Атбасар, Астрахан бағыттарында жүріп отырады. Астанаға екі тоқтап, ЭКСПО-ны аралағаннан кейін, «Сарыарқа» велотрегінде әлем велоспортшыларымен кездеспек.
Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»