• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 14 Маусым, 2017

Грузия мемлекетінің Ұлттық күні салтанатпен аталып өтті

471 рет
көрсетілді

Төрткүл дүние назарын өзіне аударған Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі алаңында Грузия мемлекетінің ұлттық күні зор салтанатпен аталып өтті. Грузин халқына тән асқақ музыка мен әуезді ән көрме қалашығы аспанында шарықтай қалықтап, Арқа төсінде тау халықтарының мерейлі мерекесі өтіп жатқанын паш еткендей.

Грузия мемлекетінің ұлт­тық күнінің ашылу салтана­ты Қазақстан және Грузия мем­ле­кет­терінің әнұрандарын орындаумен басталды. Содан кейін сах­наға Грузияның Бас комиссары, энергетика министрінің орын­басары Илья Элошвили шы­ғып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы уа­қытпен шыңдалған достықты тіл­ге тиек ете келіп, Астанада өтіп жатқан әлемдік көрменің мәні мен маңызына тоқталды. Одан әрі ол өз сөзінде Грузия ұлт­тық павильонының тақырыбы «Энер­гия көзі – адамдар» деп атала­тын­дығын, өз елінде бұл көрмеге деген қызығушылықтың жоғары болғандығын атап  көрсетті. Гру­зия «Астана ЭКСПО-2017» көр­­месіне қатысуын растаған ал­ғаш­қы мемлекеттердің бірі бол­ды. Соңғы деректер бойынша Ас­та­­надағы көрмеге Грузиядан 10 мың­нан астам адам келеді деп күті­луде.  Грузия Ұлттық күнінің ашылу салтанатына Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили бастаған үлкен ресми делегация келіп қатысты.

Ұлттық күннің ашылу салтанаты Грузиядан арнайы келген өнер шеберлерінің концертіне ұласты. Грузин халқының ұлттық музыкасы, биі мен фольклоры бүкіл әлемге танымал. Өнер шеберлерінің концерті жиналған көрерменді бей-жай қалдырмады. Сахнада Тби­лиси мемлекеттік оркестрінің сүйе­мелдеуімен атақты әншілер Нани Брегвадзе, Тамара Гвер­дц­и­тели, Эки Мамаладзе ән шырқады.  «Энергия көзі − адамдар» деп аталатын Грузия павильоны 500 шаршы метр алаңға орналасқан. Павильондағы жәдігерлер осы елдің энергетикалық әлеуетімен таныстырып, су, жел, күн және басқа жаңғырмалы энергия көздері арқылы электр қуатын өндірудегі көптеген озық технологияларды дәріптейді. Сонымен бірге,  Грузия павильонында қолөнер жәрмеңкесі ашылған. Тоқыма, зергерлік бұйымдар, керамика, тігіншілік, шыны, эмаль және саздан жасалған қолөнер бұйымдары көрмеге келушілерге көптеп ұсынылады. Осындай мазмұнды әрі қызықты бағдарламамен өрілген Грузия мемлекетінің көрмедегі Ұлттық күні ерекше тартымды өтті. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»