• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Маусым, 2017

Виннипегте Астана туралы кітаптың тұсаукесері өтті

310 рет
көрсетілді

Канадада Манитоба университетінің профессоры Франк Альбоның «Астана: сәулеті, жұмбағы, тағдыры» атты кітабының ресми тұсаукесері өтті.

Манитоба провинциясының астанасы Виннипег қаласында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Канададағы елшісі Константин Жигалов, Манитоба Мәдениет министрі Рошель Сквайерс, Қаржы министрі Камерон Фризен, провинция Парламентінің депутаттары және шамамен 400-дей қоғам қайраткері қатысты. 

Қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде К.Жигалов кітап авторын Қа­зақ­станның тарихы мен мәдениетін сә­у­лет тұрғысынан зерттеген ғылыми жо­баның сәтті аяқталуымен құттықтай ке­ліп, Канада тарихында Қазақстанға арналған алғашқы кітаптың 2017 жылы бас­ып шығарылуының ерекше маңызын атап өтті.  «Биылғы жылы Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қа­тынастарға − 25 жыл, Президент Н.Ә.Назарбаев бас архитекторы болып саналатын Астана қаласының елорда болуына 20 жыл толып отыр. Бұл кітап ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесінің ашылуы қар­саңында жарық көруде. Профессор Франк Альбо кітаптың жеке бөлігін со­ған арнап отырғаны белгілі», – деді К.Жигалов. Сонымен қатар, Қазақстан елшісі тың­даушыларды еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық дамуы, сондай-ақ, еліміздің жаңғыртылуының бас­ты қадамдары туралы жан-жақты хабардар етті. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан қоғамдық сананы жаңғырту және «Туған жер» бағдарламасы аясын­дағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын ескере отырып, автор көтерген тақырыптардың өзектілігіне де ерекше назар аударды. Канада жұртшылығы «Астана: сәулеті, жұмбағы, тағдыры» кітабына қы­зығушылық танытып, қазіргі кезде оның алғашқы тиражы (4500 дана) толығымен сатылды. Кітап Канаданың ресми бестселлері атағына ие болды. Ф.Альбо іс-шараға жинаған жұрт­шы­­лықты кітаптың ресми сайты (www.astanamyth.com), «АТОМ» жоба­сымен бірге іске асырылып жат­қан ядролық қаруға тыйым салу жө­нін­дегі онлайн науқан, сондай-ақ, ал­дағы уақытта Лон­дон, Вашингтон, Оттава қалаларында және Астанадағы ЭКСПО-2017 көрме­сі шеңберінде ар­найы тұсаукесер ұйым­дас­тыру тура­лы өз жос­парларымен таныстырды, деп хабарлады еліміздің Сыртқы істер ми­нистрлігінің баспасөз қызметі.