Ұлтай Кілтбаева 1951 жылы Қапшағай қаласында туған. Әке-шешесі қарапайым еңбек адамдары. Жастайынан дәрігер болуды армандаған. Ұлтайдың Алматы облыстық көп салалы клиникалық ауруханасында табан аудармай қызмет етіп келе жатқанына қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Мамандығы – акушер-гинеколог. Соңғы жылдардағы Қазақстан азаматтарының көбею көрсеткішіне көңілі толады. Мәселен, Алматы облысының оңтүстік өңірінде (Алматы қаласының төңірегі) жыл сайын 30 мыңға жуық бала өмірге келеді. Бұл көрсеткіштің жыл сайын артып келе жатқанын да айта кету керек. Әр деңгейдегі басшылық қызметтер атқарған. Ол үздік медицина қызметкері, Гиппократ орденінің иегері атанды.
Әдетте, дәрігерлерге күнімізді салмасын деп тіпә-тіпәлап бағатын қазақ үшін акушерден аяулы жан жоқ шығар. Сыйлық жасау – пара есептелмейтін жалғыз орын да перзентхана болса керек. Қалай болар екен деп қарадай толқып, өзіне өзі сыймай жүрген жас жігітке тәуліктің кез келген уақытында қоңырау шалып, әке атанғанын хабарлаудан асқан қандай бақыт бар дейсіз! Сөзін «Сүйінші!» деген аяулы сөзбен бастайтын мұндай ақжолтай жаңалықтың хабаршылары дүниеге жаңа өмір сыйлайтынын қаншалықты сезінеді екен... Жас ананы шығарып салып тұрып: «Тағы да кел!» – деп, тілек қана емес, тапсырма бергендей сөйлегендегі беймәлімдеу өктемдігі де жарасып тұрмай ма?! Мұндайды көргенде қалжаның етіне қарағысы келмей отырған келініне жұмсақ жеткізе отырып, қоярда қоймай шілде терін алатын әжелердің қатаңдау мейірімі еске түседі. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, жүктіліктің алғашқы кезеңінен бастап, босанғанға дейінгі аралықта тікелей бақылауында болатын әрбір қазақ келіні – жақынындай етене болып кетеді екен. Перзентханада істейтін дәрігерге ең көп қойылатын «Қанша баланың кіндігін кестіңіз?» деген сауалымызға да онша құлап түскен жоқ. – Кезекшілікке түскен әр күн сайын кем дегенде бес-алты баланың кіндігін кесуің мүмкін. Оны кім санап жүрді дейсің, егер шамамен есептейтін болсақ, перзентханада жұмыс істеген қырық жылдан астам уақыт ішіндегі кіндік балаларым – жиырма мыңнан асып кеткен шығар. Мүмкін одан да көп... Бастысы ол емес, бастысы олардың амандығы. Әр дені сау сәби өмірге келген сайын қуанасың. Анасы да, баласы да аман-есен үйіне шығып кетсе, одан асқан олжа жоқ. Кез келген ана мен бала – үйінде күтіп отырған тілеулестері үшін қандай қымбат болса, дәрігерлер үшін де солай. Олар – алдымен пациент, ана. Олардың денсаулығы мен амандығы үшін жауапты бірден-бір адам сенсің. Сол себепті, акушерлердің және оның айналасындағы өзге де медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі өте зор, – дейді. Сірә, қазақтың бала санын айтқанды ұната бермейтінінің бір көрінісі шығар, кіндігін кескен балалардың санын шамалап болса да айту үшін біраз «еңбектенуге» тура келген. Ұлтай Дауылбекқызының бүгінгі қызметі ұстаздық. Кейінгі жылдарда атқарған бас дәрігер кезінде, одан соңғы зейнет жасында тек ауырлау жас босануға қатысатынын айтады. Білікті маман қай кезде де алдыңғы шепте болыпты. Алдыңғы шеп дейтініміз, қиын босануларда өлім мен өмірдің арпалысқан майданы жүріп жатады. Сондай сын сағаттарда дәрігердің біліктілігі, дер кезінде шешім қабылдауы – көп нәрсені шешеді. Оның үстіне «қолы жеңіл» деген қазақы ұғым да медицинада үлкен рөл атқарады. Сол себепті, қандай орталық, қандай ұжым болсын білікті маманнан айырылып қалмауға тырысады. Сөз арасында осы сала мамандары ең жиі ұшырасатын қиындық туралы сұрадық. Айтуынша, бүгінгінің басты мәселесі – тіркеу төңірегінде екен. Мұндай мәселе, әсіресе, шет елден оралған қандастарымыз тарапынан көп туындайтын көрінеді. Не азаматтық алмаған, не оралмандық куәлік алмаған отбасыларды тіркеу де оңай шаруа емес. Алдымен, Астанаға қатынас хат жолдау керек, жауап келгенше, есепке алынғанша біраз уақыт өтіп кетуі мүмкін. Сол аралықта жүкті келіншек белгілі бір тексерістен өту керек қой. Амал жоқ, ақылы бөлімге барады. Әрине, әбден уақытын өткізіп алып бір-ақ келетіндер де бар. Оларды тіркеу мен денсаулығын тексеру, кінәрат болса емдеу де оңайға соқпайды. Осы тұста, біздің көп азаматтар медициналық құқық жайлы онша сауатты емес екендігін де ескеру керек. «Медициналық сақтандыру тәртібіне көшу – алдымен осы мәселені шешеді», деп ойлаймын дейді. Қырық жыл бойы кезіккен қиындықтарды жай ғана өмірдің заңы деп есептейді. Өмір болған соң қиындықсыз болмайды, әсіресе, аурухана өмірі. Көп жағдайда өмірді қиындататын адамдардың өзі. Қызмет бабында әртүрлі адамдармен кездесуге, қарым-қатынас жасауға тура келеді. Көп аналар (әсіресе, тәжірибесіз жастар) тіркеуге мерзімін өткізіп барып келеді, кейбірі дәрігердің айтқанын істемейді, өзін дұрыстап күтпейді – мұның соңы өкінішті жағдайларға ұласып жататын да кездер болады. Соның бәрі адамға оңай тимейді, әрине. Бірақ, дәрігер болғаныма ешқашан өкініп, кейіп көрмеппін. Қиындықтарда шаршасам да мойыған емеспін. Бәлкім, осы мамандық маңдайыма жазылған шығар. Өзімнің де есімде жоқ, кішкене күнімізде өзгелер мұғалім болып ойнап жүрсе, мен дәрігердің ойынын ойнайды екенмін. Ес білгеннен дәрігер боламын дедім. Мектеп бітірген соң Алматы медициналық институтына оқуға түстім. Міне, содан бері ақ халатты шешкен жоқпын, – дейді Ұлтай Дауылбекқызы. Ұлтай Дауылбекқызы бір сөзінде Бауыржан Момышұлының екі шөбересінің кіндігін кескенін айтып қалды. Одан өзге де елге белгілі көп азаматтардың баласының, немересінің өмірге келгенін сүйіншілепті. Шыр етіп өмірге келгенде алғаш Ұлтай апа қолына алған сәбилердің талайы бүгінде атпалдай азамат болды. Кейбірі енді көктеп келе жатқан жас өскін. Солардың арасында да талай тұлғалар жүрген шығар...
Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы