• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2017

Астанада Х халықаралық жас өспірімдер байқауы өтеді

208 рет
көрсетілді

15-25 маусым аралығына П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жас өспірімдер байқауы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева мәлімдеді.

«Шығармашылық дода Қазақ ұлттық өнер университетінің, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Байқау 17 жасқа дейінгі музыканттар арасында фортепиано, скрипка, виолончель мамандықтары бойыша өткізіледі. Шараның ашылу салтанаты 15 маусым күні  «Астана Опера» тетарының Үлкен залында болады. Конкурстық тыңдаулар ҚазҰӨУ-інің Орган залында және ҚазҰӨУ-інің Жабаев атындағы залында 16-24 маусым аралығына жоспарланған», деді байқаудың көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының Халық әртісі, ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева.

П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жас өспірімдер байқауының қазылар алқасы құрамына келетін болсақ, олардың ішінде Ресей, Қазақстан, АҚШ, Жапония, Корея, Қытай, Вьетнам, Франция, Швейцария, Венгрия, Финляндия және басқа елдердің атақты музыканттары мен мәдениет қайраткерлері бар.

Спикердің сөзінше аталымдар бойынша қазылар алқасының төрағаларыда осал емес. «Фортепиано» аталымы бойынша – Владимир Овчинников, «скрипка» номинациясына – Виктор Третьяков, «виолончель» аталымында – Сергей Ролдугин қазылық етеді» деді ол.

Сонымен қатар, жас музыканттардың өнерін Мәскеу консерваториясының профессорлары Валерий Пясецкий мен Юрий Слесарев, Борис Андрианов пен Кирилл Родин, Сергей Кравченко мен Эдуард Грач, ҚазҰӨУ-інің профессорлары Нұрлан Измайлов пен Гүлжәмилә Қадырбекова, сондай-ақ қазылар алқасының мүшесі  Ласло Мезо (Венгрия), ЮргисДварионас (Литва), Франциско Круз Плаза (Италия), Нам Юн Ким (Корея), АкикоТацуми (Жапония), Мартти Роуси (Финляндия) бағалайды. 

А.Мұсақожаеваның мәліметінше биыл қазылар алқасы құрамына алғаш рет жас музыканттар, өткен жылғы байқау жеңімпаздары Анастасия Ушакова мен Донгхюк Ким кірген.

Сонымен қатар, ақтық мәреге жеткен қатысушылар Еуразиялық симфониялық оркестрі мен ҚазҰӨУ-інің симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.

 Спикердің сөзінше байқаудың бағдарламасына қазылар алқасының шеберлік сыныптары мен концерттері енгізілген. «Олардың бірі – Кирилл Родин мен Борис Андриановтың қатысуымен Наталия Шаховскаяны еске алу концерті» деді А.Мұсақожаева.

Байқауға 20 елден, Ресей, Қазақстан, Қытай, Корея, Жапония, Америка Құрама Штаттары, Моңғолия, Өзбекістан, Германия, Италия, Израиль, Ұлыбритания, Мексика және басқа елдерден 120 жас орындаушы қатысатынын айта кетсек дейміз.

Байқаудың ұйымдастырушылары П.И.Чайковский атындағы Халықаралық байқау лауреаттарының қауымдастығы және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі. Шараның жабылу салтанаты мен лауреаттар концерті 25 маусым күні «Қазақстан» ОКЗ-да өте деп жоспарланған.

Рауан ҚАЙДАР,

"Егемен Қазақстан"