• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 15 Маусым, 2017

Шомылуға да машық керек

145 рет
көрсетілді

Жаз маусымы басталғанда жұрттың көл мен тоғандарға шомылу үшін ағылатыны белгілі. Алайда, көбісі қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді. Әсіресе, балалардың қауіпті сезінбей суға кетіп жататыны тағы рас. Осыған орай, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар қызметі балаларға суда шомылудың қыры мен сырын үйрете бастады.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері мамандар тарапынан жабық су қоймаларында 467 бала жүзу машығына үйретілген. Бұл ретте 66 жағажайдың шомылушыларға даяр тұрғандығын да айта кеткен орынды. Әсіресе, демалыс аймақтарының көп бөлігі Бурабай және Зеренді шипажай-курортты массивтерінде орналасқан.  Міне, осы демалыс аймақтарында қайғылы оқиғалардың табан астында орын алып жатуы өкінішті. Мысал да жетерлік. Ақмола ТЖД ақпараттарына жүгінсек, өткен жылы 22 адам суға кетіпті. Соның біреуі бала көрінеді. Сондай қайғылы жағдайлардың көп­шілігі ішімдік ішіп, суға түсуден туын­дайды екен. Бұдан басқа, шомылушы­лар суға түскенде қауіпсіздік ере­же­ле­рін сақтай бермейтіндігі тағы бар. Ең со­рақысы сол, ата-аналары балала­рын қараусыз қалдыратындығы. Қарау­сыз қалған бала өзгелерге еліктейтінін ес­керсек, оларды дер кезінде құтқарып қа­лу да мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан да Төтенше жағдайлар де­партаменті тұрақты негізде балаларға шомылуды үйретуді қолға алған. Қыс мезгілі шомылу машығы жабық су қоймаларында (бассейндерде) жүр­гі­зіл­се, ал жаз мезгілдерінде мұндай жат­ты­ғулар ашық су қоймаларында жүзеге асы­рылып келеді. Облыс орталығында жаз­ғы жаттығулар Қопа көлінде жүр­гі­зі­луде. 

Асқар Тұрапбайұлы, «Егемен Қазақстан»    

Ақмола облысы