• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2017

Мұқтаж жандарды жарылқайтын меморандум

244 рет
көрсетілді

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде аз қамтылған қала азаматтарына қайырымдылық көмек көрсету мақсатында Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Ниет» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандум қабылданған.

Яғни, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап қайырым­дылық шараларымен айналысып келе жатқан қор қоғамды ізгілен­діріп, жағдайы төмен отба­сы­лардың балаларына көмек көрсету барысында қала­лық Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар басқарма­сымен тығыз байланыс орнатты. Басқарма халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі функцияларды жүзеге асырушы ретінде аз қамтылған мұқтаж жандарды анықтап қорға ұсынады. Бастап­қы кезеңде басқарма тарапы ұсын­ған аз қамтылған отбасылардан шыққан 818 баланың тізімі қарастырылып, оның ішін­де ақшалай сертификат түрін­­де 15 мыңнан 35 мың теңге сомасында 350 отбасына көмек көр­сетілген. Әзірге, көрсетіл­ген қар­ж­ылай көмектің жалпы құны 7,5 миллион теңгені құрады. Қор жетекшілерінің айтуынша, «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бастама алдағы уақытта да жал­ғасын таппақ.  – Бірінші кезеңде мамыр айынан бастап «Ниет» қоғам­дық қорымен «Азық-түлік себе­ті» бағдарламасы бойынша әлеуметтік мұқтаж азаматтарға біршама қолдау көрсетілді. 2017 жылдың тамызынан басталатын екінші кезеңде «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша мектеп жабдықтары мен киім­ге (мектеп формасы) мұқ­таж балалар қамтамасыз етіледі. Ал қараша айынан басталатын үшінші кезеңде барлық мұқ­таж жандарға, соның ішінде «Ниет» қоғам­дық қорында тіркел­ген­дерге көмек көрсетіледі деген жоспар бар – дейді «Ниет» қоғамдық қорының президенті Айнұр Темірханқызы. Бір айта кетерлігі, қор онлайн платформасында қайы­рымдылыққа мұқтаж жандардың пайдасына әзірленген және оны кез келген адам енгізе алады.

Арман Октябрь, «Егемен Қазақстан»

Алматы