• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2017

Оралдан Франкфуртқа тікелей рейс ашылды

256 рет
көрсетілді

Маусымның 14-і күні «Эйр Астана» әуе компаниясы Орал-Франкфурт бағытындағы халықаралық рейсті іске қосты. Алғашқы рейске 43 жолаушы аяқ артыпты.

– Бүгін Батыс Қазақстан облысының орталығынан Еуропадағы Франкфурт қаласына тіке жол түсті. Қазақстан – әлемнің дамыған елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан ел. ЭКСПО-2017 көрмесіне Германия өкілдері де қатысып, жаңа технологияларын назарға ұсынуда. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында халықаралық дәлізді дамыту жөніндегі тапсырмасы орындалуда. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі «ҚПО б.в.» және «Эйр Астана» компанияларымен келіссөз жүргізіп, жаңа рейстің ашылуына қол жеткізді. Өткенде «Орал-Мәскеу» бағытында да рейс ашқан едік. Бүгінде Орал әуежайының терминалын халықаралық деңгейге сәйкес жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Жаңа халықаралық рейс өңір үшін инвестор тартуға, бизнес саласындағы серіктестікті дамытуға оң жағдай туғызады, – дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Франкфурт – Германияда орналасқан ірі әуежай. Ол Еуропа бойынша жолаушылар саны жөнінен Лондон қаласындағы Хитроу, Париждегі Шарль-де-Голль және Стамбұлдағы Ататүрік әуежайларынан кейінгі 4-орында тұр. Франкфурт әуежайынан әлемнің түкпір-түкіпіріне 293 бағытта жолаушылар рейсі бар екен. Енді, міне, оған Қазақстанның батыс қақпасы – Орал қосылды.

- «ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Германияға қатынайтын жаңа рейстің ашылуы аса маңызды рөл атқарады. Енді Оралға бұрынғыдан 4,2 сағатқа ерте жете аламыз. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясында 40-тан астам шетелдік мемлекеттен келген маман жұмыс істейді. Олар үшін де еліне оңай барып келуге жағдай жасалды», – дейді «ҚПО б.в.» компаниясының жобаларын басқарушы Трэвор Мандей.

Жолға шыққан Airbus A320 c ұшағында эконом класты – 132, бизнес-класты – 16 орын бар. Ең төменгі билет бағасы – 154 935 теңгеге есептелген.

Қазбек Құттымұратұлы,

"Егемен Қазақстан"

ОРАЛ