«Бүгінде жасыл энергияға, жаңартылатын күн энергиясына тариф 15-16 центті құрайды, бұл баға 2020 немесе 2021 жылы инвестицияның құйылуына тікелей байланысты. Жасыл энергетиканы қолдауға бағытталған мұндай тариф басқа ешқандай елде жоқ», деген министр Украинаның баламалы энергия көздерін енгізіп, жел мен күнді белсенді қолданып, инвестициялық бизнеске жайлы жағдай жасау үшін реформалар жүргізіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, қазіргі таңда энергия үшін күннің басты реактор екенін және оны тиімді қолдану керектігін айтты. Г.Зубконың пікірінше, Украинамен бірге, Қазақстанда және көрмеге қатысушы барлық мемлекетте үлкен тәжірибе бар. Заманауи технологиялар бір гектар жерден энергия өндіру мүмкіндіктерін арттыруда. Әр бес жыл сайын екі есе көп энергия алынуда. Бұл – біздің болашақ ұрпаққа қалдырып кететін қуатымыз. Алайда, энергияны тиімсіз қолданғандығымыздан ғаламшарымыз жылдан-жылға өзгеріске ұшырауда. Сондықтан, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті мойнымызға алуымыз қажет Украиналық секция комиссары еліндегі астық экспорты шамамен 40 миллион тоннаны құрайтынына, мұндай ауқымды астық көлемінен де энергия өндіруге болатынына тоқталды. «Қазіргі уақытта тек экспортталатын астық көлемі 39 миллион тонна болса, жалпы өндіріс көлемі одан да көп. Оның қалдықтарынан биогаз өндіруге және оны энергетикадағы кейінгі қолданылуына жұмсауға мүмкіндік бар. Және жел энергетикасына қатысты Қазақстанмен бірлескен кооперация үлгісі бұрын-соңды қолданылмаған энергияның қаншалықты тиімді болатынын көрсетті», – деді Г.Зубко. Басқосуда Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев украиналық мамандардың ғаламшар экожүйесін сақтауға және жасыл энергетиканың дамуына үлес қосуға дайын екені қуантатынын айтты. «Біз Астананың күн, жел, биогаз, теңіз және жылы сулардың энергиясын қолдану саласындағы үздік әлемдік жаңалықтар мен трендтерді таныстыратын тиімді алаңға айналарына сенімдіміз. Қазақстан үшін Украина – маңызды экономикалық серіктес. Біз екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін биік бағалаймыз», деді вице-министр. Өткен сандарымыздың бірінде украиналық шеберлер ЭКСПО-2017 көрмесі үшін ұзындығы 30 метр болатын рекордты сүлгі әкелгенін жариялағанбыз. Қолөнер бұйымында сол мемлекеттің әрбір өңіріне тән алуан түрлі өрнектер бейнеленген. Халықаралық шарадан соң бұл туынды Қазақстандағы Украина елшілігіне табысталмақ. ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Украина экспозициясы «Жібек жолы» плазасының құрамында орналасқан. Онда Украинаның инновациялық жел және күн генераторлары, энергия үнемдейтін үй, электр өндіретін пердешелер және өзге де жаңалықтары қойылған.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»